«Темір-Нарком» Темірбек

15 Ақпан 2023, 18:00 2471

Тарихқа көз жүгіртіп қарайтын болсаңыз Тәңір тағала өлшеп берген аз ғана ғұмырының ішінде соңына мәңгі өшпестей із қалдырып кеткен ерекше тұлғалар аз емес. Олар дүниені, қызметті, абырой-атақты, елдің қошеметін ойламайды, тек ұлтқа қалтқысыз қызмет етуді ғана мақсат тұтады.  

Істеп жүрген қызметінің жемісін өзі көрмесе де келер ұрпақ көрер деп сенеді. Сондай тұлғалардың бір шоғыры ХІХ ғасырдың соңын ала бере дүниеге келіп, ХХ ғасырдың 20-шы жылдарына қарай саяси өмірге белсене араласа бастады. Мына әлемдегі шексіздік, тереңдік, биіктік, кеңдік сынды өлшемдердің барлығы да сол бір қазақ зиялыларының бойынан табылатын. Солардың бірі һәм бірегейі 20-30 жылдары  үркердей қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі Темірбек Қараұлы Жүргенов еді.

Темірбек дүниеге келген уақыттары бүгінгідей облыстардың шекарасы бөліне қоймаған, шаруа халық жаз жайлауда, қыс қыстауда көшіп-қонып Сыр мен Ырғыздың арасын еркін жайлаған кең заман еді-ау. Әкесі Қара Жүргенұлы да ел ішінде билігі жүрген, халық құрмет тұтқан абыройлы кісі болған.  Замана ағымы қалай қарай құбылып бара жатқанын ерте сезген әке ұлын шаруаға емес білім алып, оқу оқуға бағыттады. Нағыз қазақы тәрбие мен мәдениеттің ортасында өскен, ұлттық психологиясы қалаптасқан, атаның қаны, ананың сүтімен дарыған сөз өнері Темірбекті тым алысқа жетеледі. Қазақта «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген сөз бар. Бұл жағынан да жас Темірбектің жолы болып, айы оңынан туды деп айтуға болады. Себебі Темірбектің ең алғашқы ұстаздарының бірі Сыр бойының белгілі ағартушы-ақыны, діни дәрежесіне қарай даммолла атанған Тұрмағамбет Ізтілеуұлы еді. Тұрмағамбет араб, парсы, тәжік, шағатай тілдерін еркін меңгерген ғұлама кісі болған. Осындай қазақтың біртуар перзентіне шәкірт болған Темірбек те жастайынан шығыс мәдениетінің жауһарларымен сусындап өсті. Кейін 1929-1930 жылдары Тәжікстанның Қаржы комиссары болған тұста жергілікті халықтың тілінде сөйлегенін айтады. Бұл да болса тәжік тілін бала күнінен меңгергенінің, Тұрмағамбеттен алған білімінің әсері екені даусыз.

Темірбек Жүргенов ұлтымыздың рухани-мәдени, оқу-білім саласын аумалы-төкпелі ғана емес, қит етсе қиып тұсер қылышынан қан сауғалап тұрған  саяси жүйемен жағаласып жүріп өрге сүйреген қайраткер, елі мен ұлтының болашақ жарқын тағдыры үшін жанын оққа да, отқа да салған күрескер болды. Кез келген қиындыққа төтеп берген, жауыздыққа қаны қас, жақсылыққа жаны құмар жасампаз болды. Сол адалдық пен еңбегінің арқасында есімі ел тарихында мәңгіге жазылды. Тарих оған бірнеше саланың жүгін аямай-ақ жүктеді. Ал ол ұлт жүгін ауырсынбай, өзіне міндеттелген миссияны абыроймен арқалай білді. Кезінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар», деген еді. Темірбек Жүргенов өзіне артылған сол жүкті жетер жеріне дейін жеткізуді ғана емес, келер ұрпаққа жеңіл болу жолын да ойлап өткен тұлға. Сөзімізді бұлай сабақтауымыздың да себебін уақыт дәлелдеп берген.

Мәселен Темірбек Қазақстанның Халық ағарту комиссары қызметіне дейін Өзбекстан мен Тәжікстанда бұл жүйеде ысылып, жауапты жұмыстар атқарған. 1933-1937 жылдары Қазақстанның Халық ағарту комиссары қызметтерін атқарып жүрген уақытта өзінің маңайына Сәкен Сейфуллин, Санжар Аспандияров, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев секілді сайдың сақа тасындай қайраткер-қаламгер жігіттерді маңайына шоғырладыра білді. Сондай-ақ ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарынның жұлдызын жағуға айрықша назар аударды.

Өзі де қазақ әндері туралы А.В.Затаевичке көптеген мәліметтер берген. Жүргеновтің атылғанын естіген Затаевич: «Қап, халық әндерінің нағыз білгірі еді. Жазып үлгермей қалдым-ау» деп қатты өкінген екен.

Қазақстан Өлкелік комитетінің қаулысы бойынша республикада музыкалы театр ашу керек болады. Бұл қаулыны орындауға шұғыл кіріскен Темірбек, әрбір талантты өз саласына қарай бейімдей бастайды. Мәселен, Күләш, Қанабек, Манарбек секілді күміс көмей, жез таңдай жастарды әншілікке, Құрманбекті әрі әнші, әрі режиссерлыққа, ал Шара Жиенқұловаға балерина-биші болуды тапсырады. «Негізі Шара да Күлаш секілді әнді тамыжытып та, құйқылжытып та орындайтын» делінген деректерде. Әнші болса да ешкімді төмен қаратпас еді.  Бірақ қазақ халқында кенже қалған бір өнер болса, ол би өнері. Оның ішінде балет биі. Темірбек осыны біліп, әрі бұл олқылықтың орнын толтыруға Шара Жиенқұлованың таланты жететінін білсе керек. Бүгінде Шара Жиенқұлова десе білмейтін кісі кем де кем. Ол қазақтың би өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан талант иесі болды. Бұл кезеңдер туралы қазақтан шыққан тұғыш биші Шара Жиенқұлованың өзі былайша еске алады: «Темірбек Жүргенов маған: Қазақтың профессионал биінің бастау-көзі сіз боласыз. Әлемдік классика биінің барша тармағын болмаса да, шама жетер деңгейге дейін үйреніп, оқуыңыз керек. Сол үшін де Москвадағы Үлкен театрдың әрі бишісі, әрі балетмейстері Александров дегенді шақыртып отырмын. Ол осында балет студиясын басқарады, шәкірттер баулиды және сізге би қояды. Өзбекстандағы атақты биші Тамара ханумды естіп пе едіңіз? Сондай биші біздің Қазақстанға да керек деді», – дейді.

Сол кездері профессор Александров қазақ операларында би қоюға шақыртылғанымен Жүргеновтің  арнайы тапсырмасы бойынша Шараға хореографияның қыр-сырын, техникасын үйретеді. Және екі-үш жаңа би қойып беруді де өз міндетіне алады.

1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін өткізудің басты ұйымдастырушысы болды. Сол жиында сөз сөйлеген Мирзаян: «Артта қалған өлкеден алдыңғы қатарлы елге айналып келеміз. Біздің комиссар Жүргенов басшылықты жақсартып, тұралап қалған жұмысты қайтадан жандандырды, ұлттық мәдениет құрылысын өркендеу штабына айналдырды», деп бағалайды. Темірбекті «Темір Нарком» деп атаған да сол Мирзаян болаты.

Темірбек оқу-ағарту саласында да қыруар жұмыстар атқарды. Ол қазақ орта мектептерін ашуда бар күш-жігерін жұмсады. Сол мектептерде сабақ беретін мұғалімдерді даярлау, мектептердің оқу-құралдарын жабдықтау, жаңа мектептер, интернаттар, балабақшалар салу жолында қолында бар мүмкіндікті аяп қалмады. Сол кездің өзінде бір ғана Алматы қаласы бойынша 18 мектеп пен мәдениет үйі, консерватория салынған. Бүгінгі Абай атындағы опера және балет театрының салынуына да Темірбек Жүргенов ықпал еткен.

Ол Тәжікстанның Қаржы комиссары болған тұста да, Өзбекстанның Халық ағарту комиссары міндетін атқарған кезде де, кейінгі жылдары Қазақстанның Халық ағарту комиссары қызметтерінде жүргенде де өзіне жүктелген міздетті абыроймен атқарды. Ол қай мемлекетте қызмет атқармасын сол ұлттың тілінде сөйлегенін, халыққа етене жақын болғанын, олай болмаған жағдайда мүлтіксіз қызмет етудің мүмкін еместігін айтқан. Және осыны өзінің қол астындағы қызметкерлерінен де талап етіп отырған.

Осындай қасиеттерімен де Темірбек – тек қазақ жұртына ғана емес, түбі бір түркі жұртына таныс әрі Орталық Азияға ортақ тұлға болды.

Бірақ кері кеткен жүйе сүттің бетіне шыққан қаймақтай болған бір шоғыр қазақ зиялыларының барлығын қынадай қырып салды. Соның арасында Темірбек те жасы қырыққа жетпей қиылып кете барды. Жазығы ұлтшыл, жазасы өлім болды. Ең бір өкініштісі, ішіңді удай ашытып, өзегіңе өрт қойғандай күйдіретіні де осы.  

1937 жылы 3 тамызда «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталған Темірбекті тергеу ұзаққа созылмай,  келесі жылдың ақпан айында ату жазасына кесілді.

Бұл забалаң жылдардың ауыртпалығы Темірбектің жеке басына ғана емес, оның отбасын да аса ауыр соққы болды. Темірбек атылғаннан кейін «отанына опасыздық жасағандардың жары» деген желеумен Дәмеш Жүргенованың да басына қара бұлт үйірілді. Оның да жиырма жылға жуық өмірі қамауда, айдауда, тергеуде өтті. Алайда қанша қиындық көрсе де өр рухы сынбады, асыл сүйегі жасымады. Ұзақ жылғы азаптаулардан кейін бостандыққа шыққан Дәмеш Жүргенова жары Темірбектің де жалған жала жабылып жазықсыз атылып кеткенін, оның елге жасаған қызметі адал болғанын дәлелдеуге кіріседі. Дәмеш апаның бұл еңбегі еш кеткен жоқ. 1958 жылы «халық жауы» деген жалған жала алынып, Темірбек Жүргенов ресми түрде ақталады.

Еліне осындай өлшеусіз еңбегі сіңген Темірбек Жүргеновтің биыл 125 жылдығы. Бұл айтулы дата республика көлемінде ғана емес, ТҮРКСОЙ ұйымы деңгейінде аталып өтеді деп жоспарланып отыр.

Олжас Сәндібек
Бөлісу: