Телерадио хабарларын тарату бойынша 1300 елдімекен қамтылды - Дархан Қыдырәлі

7 Маусым 2023, 12:20 916

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Наурыз Сайлаубай «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша игерілмей қалған қаржыға қатысты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліге сұрақ қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2020 жылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 3,6 млрд теңге бөлінген болатын. Бұл ақшаға цифрлы эфирлік телерадио хабарларатын тарату желісін салу көзделген. Алайда, 1,5 миллиард теңгеден астам қаражат игерілмей қалды. 2021 жылы жобаны іске асыруда 6 облыс, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, ШҚО, Қызылорда, БҚО-да аяқталмады. Яғни, әлі 1174 ауыл бітпеген деген сөз. Өкінішке қарай, министрліктің 2022 жылындағы есептерінде бұл жобаның одан әрі іске асырып жатқаны айтылмаған. Айтыңызшы, министр мырза, 2022 жылы бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды? Жобаның бүгінгі күні қандай?, - деп сұрақ қойды Мәжіліс депутаты.

Өз кезегінде министр Дархан Қыдырәлі телерадио хабарларын тарату бойынша 1300 елдімекен қамтылғанын атап өтті.

Цифрлы-эфирлік телерадио хабарларын тарату бойынша жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Сіз айтқан облыстарда 1300 елдімекен қамтамасыз етілді. Қазір ШҚО-да 6 РТС салынды, сонымен қатар, қазір 567 РТС салынған. Жыл соңына дейін 81 РТС салуға дайынбыз. Айта кету керек, 2018 жылдан бері бұған республикалық бюджеттен ешқандай қаржы қарастырылмаған. Барлығы «Қазтелардио» мекемесінің ішкі қаржысы есебінен салынып жатыр. Біз 106 РТС-ты алып тастау бойынша ұсыныс бердік. Өйткені, экономикалық жағынан тиімсіз болды. Қазір тиісті сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жалпы 154 РТС салу керек. Бұл жоба келесі жылы аяқталады, - деді Дархан Қыдырәлі.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: