Текеліде Ұлы Отан соғысының 96 жастағы ардагері дауыс берді

19 Наурыз 2023, 18:18 1246

Текелі қаласында Отан соғысына қатысқан көзі тірі жалғыз ардагер Михаил Тыщенко ғана. Бүгінде 96 жастан асқан қария ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан тыс қалмай, дауыс берді. Сол сияқты соғыс ардагерлері Сарқан ауданы Қойлық ауылының тумасы, 98 жастағы Берлібек Ысқақұлы мен Ақсу ауданында тұратын Гаврил Моисеев өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі  Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Тыщенко Михаил Абрамович соғысқа дейін колхозда еңбек еткен. Соғыстан кейінгі жылдары Текелі қаласы қорғасын-мырыш комбинатында жұмысын жалғастырған. Ол бейбітшілік үшін, еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс бердім дейді.

Сарқандық ардагер Берлібек Ысқақұлы №365 сайлау учаскесіне барды. Ақсақал еліміздің жаңа дәуірге қадам басқан шағында сайлауда нағыз елжанды, халыққа жанашыр депутаттар жеңіске жететіндігіне сенім білдірді.

«Тәуелсіз еліміздің болашағына барлығымыз бір кісідей атсалысуымыз керек. Менің жасым жүзге таяп қалса да барлық жаңалықты естіп, біліп отырамын. Жаңа өзгерістерге қолдау білдіріп, ел өмірінен тыс қалмай, өз дауысымды бердім», - деді Берлібек ата.

Гаврил Степанович Моисеев те Қапал өңіріндегі көзі тірі жалғыз соғыс ардагері. Арнайы құрылған комиссия мүшелері Қапал ауылы тұрғынының үйіне барып, қарияның дауыс беруіне мүмкіндік жасады. Осылайша Гаврил Степанович тұрғылықты мекен жайы бойынша үйінен дауыс берді.

EL.KZ
Бөлісу: