Теңдессіз күш – бірлік

27 Қазан 2014, 04:33

Теңдессіз күш – бірлік

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын (Президентіміз  Н.Назарбаевтың биылғы халыққа жолдауынан).

Қазақ халқының өмірлік тәжірибесінде «бірліктің» маңызы орасан зор. Қазақ өз тарихында бірліксіз тірлік қылғанда ғана қапыда қалып отырды. Бірлік адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың бірден-бір алғышарты. Ол белгілі бір топтың, ұжымның, халықтың, жалпы адам баласының мақсат, мұрат, мүдделері тоғысынан туындайды. Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын “бірлік болмай тірлік болмас”, “бірлік түбі – береке”, “алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді” деп түйген. Бірлікті ыдыратып, ірітуші күш – күншілдік, іштарлық, араздықтық деп тауып, жұртшылықты мұндай жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ салуға шақырған. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған. Сондықтан, ел тізгінін қолына ұстаған адамдар — ақсақалдар, билер, хандар ел ішіндегі асқынған дау, ушыққан жанжалды тыйып, шешім қабылдағанда ел бірлігіне сына түспеу жағына баса көңіл бөлген.

Бірлік түбі – береке. Иә, ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып саналады. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің  еліміздің баға жетпес байлығы.  Қазақстан тарихының едәуір бөлігі – оны мекендейтін халықтардың этностық және мәдени өзара іс-қимылдарының тарихы. Әлемдік тарихта әртүрлі ұлт өкілдерінің бір жерде, бір елде бірлесіп өмір сүруі – әсте де тың құбылыс емес. Бұл ретте, Қазақстанның көпұлттылығы ғасырларға созылып, уақыттардан жалғасын тауып, сабақтасып келеді.

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ адамзат үшін ең қымбат қазына – ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен құрмет сезімін, жарастық пен келісімді – қастерлеп сақтай отырып, еркін дамуда. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі достықтың бай тәжірибесі ұлттық татулық пен келісімнің ғана халықтардың экономикалық теңдігі, саяси және мәдени дамуын, өзара достықты, ұлттық мүдделер мен ұлттық ерекшеліктерді, тілдердің бір-біріне деген құрметін қамтамасыз ете алатынын көрсетті. Елбасының, мемлекетіміздің стратегиялық мақсаттарында ұлтаралық татулықтың, халықтардың өзара түсіністігі мен келісімін нығайта беру, оларды алдағы уақытта топтастырып, жарастыра беру айрықша орын алды. Бүгінгі күні қоғамымыздағы ауызбірлік, тұрақтылық пен туысқандық қарым-қатынас соның нәтижесі деп айта аламыз.       Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел-халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан.

Мемлекетімізде «бірлікті» сақтау барысында көптеген жұмыстар атқарыларды. Соның бір айғағы ретінде ел бірлігі доктаринасын айтып өтуге болады. Қазақстанның ел бірлігі доктринасы бес бөлімнен тұрады. Онда қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық қатынастар және ел бірлігін нығайтудың өзектілігі, ел бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың мақсаты, міндеттері мен принциптері, доктринаны іске асырудың негізгі бағыттары, этносаралық өзара іс-қимыл институттарын нығайту, тіл саясаты, білім беру мен тәрбие, рухани-мәдени, ақпараттық, құқық және құқық қорғау, конфессияаралық қатынастар салалары қамтылған.  Ел бірлігі доктринасы 2008 жылғы 23 қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті берген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында әзірленді. Аталған доктрина Конституцияның, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңның және өзге де нормативтік құқықтық актілердің ережелеріне, сонымен қатар аталған саладағы халықаралық құқық нормаларына негізделген. Бұл құжатта ұлттық саясаттың мақсаттары, міндеттері, ұстанымдары, сондай-ақ оны іске асырудың негізгі бағыттары баяндалған. Доктрина қоғамды әрі қарай ұйыстыруға қолайлы шарттарды қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды, заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге негіз болып саналады.

Қазақстанды мәңгілік елге айналдырудың бірден бір жолы – бұл халықтың бірлігін нығайту, оны іріткі салушылықтан сақтау. Тарихта бірліксіз тірлік қылған халықтар бірлігі бар елдерге, империяларға бодан болды. Мұндай тәжірибе біздің халықтың тарихында да бар. Сондықтар, бірлігіміз жарасқан ел болайық, ағайын!..

 

Аязбеков Дінмұхамед

Бөлісу: