Баға жетпес рухани байлықтың бірі – кітап. Ал оны қалың жұртшылыққа жеткізуші – кітапханашы. Оқырманның сұранысын қанағаттандырып, қызығушылығын арттыратын маман иелері қашан да құрметке лайық. Ал қоғам бұл сала мамандарын қаншалықты бағалап жүр? Кітапханашыларға берілетін мемлекеттік қолдау тиісті деңгейде ме? Осы ретте El.kz тілшісі 40 жылға жуық ғұмырын кітапхана ісіне арнап келе жатқан маман иесімен сұхбаттасып, жоғарыдағы сұрақтарға жауап алды.
El.kz: Алдымен өзіңізді таныстырып өтіңізші. Бұл салаға қалай келдіңіз?
Сәуле Есенқұлова: Мен Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында туып-өстім. Мектепті сонда тәмамдап, кейін Шымкент қаласына арман қуып келдім. Сол кездегі Мәдениет институтына оқуға түстім. 1987 жылы кәсіби кітапханашы мамандығын алып шықтым. Қолыма диплом алған соң қазір еңбек етіп жүрген балалар кітапханасына жұмысқа тұрдым. Әлі есімде 1988 жылдың 4 наурызы менің ең алғашқы жұмыс күнім болды. Ондай сәтті ұмытпайсың ғой (күліп).
Біздің мекеме құжат жүзінде Шымкент қалалық балалар кітапханаларының орталықтандырылған жүйесі деп аталады. Ал жұртшылық арасында отбасылық балалар кітапханасы деген атпен таныс. Бізде қала бойынша 13 бөлімшеміз бар. Мен тоғызыншы бөлімшеде кітапханашы боп жұмыс істеймін. Аллаға шүкір, осы бір кітапханада еңбек етіп келе жатқаныма биыл 37 жылдан асып жатыр. Өз жұмысымды жан-тәніммен жақсы көремін. Соның ішінде балалармен жұмыс істеу өте қызық.
El.kz: Кітапханашы мамандығын таңдауыңызға не түрткі болды?
Сәуле Есенқұлова: Өзім ауылды жерде туып-өстім. Біздің үйге жақын маңда көне ғимаратта кітапхана болатын. Мен үнемі сонда барып тұратынмын. Екі күнде бір рет бардым десем қателеспейтін шығармын. Шынымды айтсам, кітаптардың иісі шығып тұрады, әлі күнге дейін кітап иісіне ғашықпын. Сол жерде бір апай жұмыс істейтін. Барасың, өзіңе ұнаған кітапты айтасың. Ол кісі іздеп жүріп, айтқан кітабыңды тауып береді. Сол кезде кітапханашы жұмысы маған өте қызық көрінетін. Бала күнімнен-ақ болашақта сол апай секілді кітапханашы болсам деп армандайтынмын. Мектепті тәмамдаған соң әкем маған мұғалімдік мамандыққа оқуға түскенімді қалады. Бірақ мен дегенімнен қайтпай, осы кітапхана саласын таңдадым.
El.kz: Ең алғаш жұмысқа қай күні шыққаныңызға дейін есіңізде екен. Бұл күн сіз үшін қалай өтті?
Сәуле Есенқұлова: Мен ол кезде қазір жұмыс істеп жүрген кітапхананың алтыншы бөлімшесіне жұмысқа тұрдым. Біздің бөлімшеде 8 маман болды. Жоғары оқу орнын жаңадан бітіріп келген мен кітапхана саласының қыр-сырын біле бермейтін кезім. Оның үстіне ол жылдары құжаттардың барлығы орысша болатын. Ал мен әдеби тілде орыс тілін толық білмеймін. Білгенімді қате сөйлеп қоямын ба деп айтуға ұяламын. Ол жылдары оқырмандардың бәрі орыс тілділер, орыс әдебиеттерін сұрап жатады. Ішке кіріп кетемін, сұраған кітаптарын іздеймін. Таппаймын... Алғашында тіл білмеуімнен аздап қиналғаным бар. Қазір шүкір, барлық құжат қазақ тілінде. Кемінде соңғы 15 жылдан асты-ау деймін. Кадрлардың барлығы да қазақ тілділерге ауыса бастады. Қазір біздің ұжымда 95 пайызы қазақтар жұмыс істейді.
El.kz: Ал қазіргі таңда кітапханаға келуші оқырмандар арасында өзге ұлт өкілдері көп пе?
Сәуле Есенқұлова: Аса көп деп айта алмаймын. Бірақ жоқ емес, бар. Орыс, өзбек ұлтының өкілдері орыс тілді кітаптарды сұрап келіп жатады. Бұл саланың қыр-сырын әбден меңгеріп алған соң қазір біздегі қордағы қай кітап қайда тұрғанын жақсы білеміз. Оқырмандар сұрап жатқан кітапты «Анау жердегі мына сөреде» деп жас мамандарға бағыт-бағдар беріп отырамыз.
El.kz: Сіз жұмыс істейтін кітапханадағы кітап қоры қанша?
Сәуле Есенқұлова: Жоғарыда айтып өткенімдей біздің қалалық балалар кітапханаларының орталықтандырылған жүйесінде 13 бөлімше кіреді. Ал мен жұмыс істейтін тоғызыншы бөлімшеде бүгінгі таңда 18 мыңнан астам кітап қоры бар. Бұл тек бір бөлімшедегі. Ал жалпы орталықтандырылған жүйедегі кітап қорын енді есептей беріңіз... Негізі бізде кітап қоры әрдайым толықтырылып отырады. Оқырман сұранысына сай барлық туындыларды қамтуға тырысамыз.
El.kz: Қазір балалардың кітапқа деген қызығушылығы қандай? Өйткені жасыратыны жоқ, бүгінде екінің бірінің қолында смартфон. Бүкіл қажеттінің бәрін сол телефон арқылы ғаламтордан оп-оңай тауып алуға болады. Технологияның дамыған заманы кітап оқитындардың сиреп кетуіне әсерін тигізіп жатқан жоқ па? Қалай ойлайсыз?
Сәуле Есенқұлова: Әрине, технологияның дамуы әсерін тигізеді ғой. Бірақ бұл балалар мүлдем кітап оқымайды деген сөз емес. Оқырмандарымыз аз емес. Арасында кітапханаға алғаш қадам басқандары да, тұрақты түрде келіп тұратын жас оқырмандарымыз да жетерлік. Бұрын жоғары сынып оқушылары бізге келіп, оқу залында кәдімгідей кітап ақтарып, түрлі шығармаларын жазып отыратын. Мектепте тапсырма ретінде шығармалар, рефереттар беріледі ғой. Ал қазір кей балалар қолындағы ұялы телефонына суретке түсіре салады. Шыны керек, қазір телефонның заманы болды ғой. Кейде өзіміз де сол телефонға үңіліп қалатын кездер болады. Ол әсіресе мына жұмыста өз пайдасын тигізіп жатады. Сондықтан мен ата-аналар айтарым, мектеп жасындағы балаларыңызды бір мезгіл қадағалап, телефонда ұзақ отыруына шектеу қойсаңыздар дұрыс болар еді. Ол үшін, әрине, бірінші кезекте үлкендер де өздері смартфонға тәуелділіктен арыла білгені дұрыс. Ал біз қазір не істейміз? Баланың қолына бір-бір телефон ұстатып, бастысы тыныш болсын дейміз. Бірақ ол - үлкен қате. Кітап оқыған баланың ойлау қабілеті, ой-өрісі кеңінен дамиды. Сондықтан ата-ана баланың бір мезгіл кітап оқуына көңіл бөлсе деймін.
Әрине, кітап парақтап, ынта-шынтасымен оқитын балалар да бар. Оны осы кітапхана саласында еңбек етіп жүргендіктен анық айта аламын. Сонымен қатар біз әрдайым оқырмандарымыздың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту мақсатында түрлі шараларды жүзеге асырып келеміз. Әсіресе жазғы демалыс кезінде келушілер қатары арта түседі. Соның ішінде бастауыш сыныпта оқитын балалар көптеп келеді. Олардың түрлі түсті суреттері бар кітаптарға деген қызығушылықтары өте жоғары. Бір орыннан тапжылмай, оқып жатады. Әрине, бұл – қуантарлық жағдай.
El.kz: Оқырман қызығушылығын ояту мақсатында түрлі іс-шаралар өткіземіз деп қалдыңыз. Мәселен, қандай? Тоқталып өтесіз бе?
Сәуле Есенқұлова: Балалардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында жергілікті және Қазақстанның ақын-жазушыларының туындыларын, шығармаларын үнемі насихаттап отырамыз. Бұл бағытта бірнеше мектеппен келісімшартқа отырғанбыз. Ондағы балалармен түрлі кездесу кештері, апталықтар өткізіліп тұрады. Бұл бойынша біз алдын ала жоспар құрамыз. Бір ай бұрын сол жоспар түзіліп, рет-ретімен іс-шаралар өткізіледі. Белгілі бір ұлттық мерекелер бола ма, сол тақырыпқа сай кештерді де ұйымдастырамыз. Оның сценарийлеріне дейін алдын ала жазылады. Ал жаз мезгілінде мектеп лагерьлерімен тығыз жұмыс жасаймыз. Жыл өткен сайын жаңашылдықтарды жұмыс жоспарымызға ендіріп отырамыз. Қысқасы, балалармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз.
El.kz: Ал ақын-жазушылардың қатысуымен оқырмандар кездесуі өткізіле ме?
Сәуле Есенқұлова: Иә, оны әдеби-танымдық кештер деп атаймыз.
El.kz: Бүгінде балалар арасында қандай кітаптарға сұраныс жоғары? Кітапханашы ретінде бәлкім өздеріңіз саралап отыратын шығарсыздар?
Сәуле Есенқұлова: Біздің кезімізде балалар кітаптары аз болатын, оның ішіндегі мазмұны да басқаша еді. Ал қазір жыл өткен сайын небір қызық кітаптар шығарылып келеді. Балалар арасында түрлі-түсті суреттері бар, ашқанда өздері сөйлейтін кітаптар сұранысқа ие. Бүгінгі таңда әсіресе мынау 1-6 сыныпта оқитын оқушылар арасында кітапқа деген қызығушылық басым. Ал сұранысқа ие авторларға келсем, оқырмандарымыз әртүрлі авторлардың туындыларын іздеп келеді. Осы ретте айта кетейін, бізде авторлардың шығармаларына деген қызығушылықтарды арттыру мақсатында түрлі акциялар ұйымдастырылады. Мәселен, республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы. Бұл науқанның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау болып табылады. Сонымен қатар оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, жастарды, балаларды отаншылдыққа, өнегелікке тәрбиелеу де акцияның басты мақсаттарының бірі. Биыл Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларына қатысты республика бойынша акция жарияланды. Бүкіл Қазақстандағы кітапханаларда осы шаралар өтіп, оқырмандар сұранысы да артты. Балалар арасында автордың «Менің атым Қожа» туындысын кеңінен насихаттау үшін мектептерде түрлі кездесулер де өткіздік. Тіпті аталған туынды желісімен түсірілген фильм үзінділерін балалар назарына ұсынып, оны бірге талқыладық. Абай Құнанбайұлының да шығармаларын сұрайтындар баршылық. Бұдан өзге балалар Ыбырай Алтынсариннің де туындыларын жақсы оқиды. Мұның бәрі баланың қызығушылығын ояту мақсатындағы іс-шаралардың арқасында деп ойлаймын.
El.kz: Осыдан 10 жыл бұрынғы жағдай мен қазіргі кезді салыстырыңызшы. Бәрібір де кітап оқитындар сиреп, көне заманнан келе жатқан білім бұлағы - рухани азыққа деген қызығушылық төмендеп жатыр ма?
Сәуле Есенқұлова: Төмендеді деп айта алмаймын. Жаңа сөз сөзімде айтып кеткенімдей, республика аумағындағы «Бір ел – бір кітап» акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл науқан 2007 жылы бастау алған. Міне, содан бері үзілген емес. Дегенмен мен кітапхана саласына ең алғаш келген жылдармен салыстырғанда, әрине, оқырмандар саны бүгінде аз. Ол кезде шыны керек, кітапханаға келушілердің қарасы көптігі соншалық біз сұраған шығармаларын тауып беріп үлгермей жататынбыз. Тіпті ғимараттың сыртынан ұзын-сонар кезекке тұратындар болды. Бұл жерде кітап оқымайды деп оқырманды кінәлаудан аулақпын. Неге? Өйткені ол азамандарда баланың уақытын тиімді өткізетін шаралар аз болатын. Сонымен қатар теледидар барлық үйде болды деп айта алмаймын. Болған күннің өзінде бүгінгідей түрлі бағдарламалар, концерттер көп көрсетілмейтін. Оның үстіне бүгінгі таңда баланың бос уақытын тиімді өткізуі үшін небір үйірмелер ашылып жатыр. Жоғарыда айтып өктенімдей, технологияның дамыған заманы да өз әсерін тигізбей қоймайды ғой.
El.kz: «Кітап – рухани азық. Балам осы азыққа қанықсын, кітап оқысын» деп балаларын кітапханаға арнайы алып келетін ата-аналар бар ма?
Сәуле Есенқұлова: Әрине, ондай ата-аналар бар. Мені қуантатыны да осы. Кей ата-ана қолына кітаптардың тізімін жазып, бізден сол шығармаларды сұрап келеді. Кей баланы әкесі көлігімен алып келсе, енді бірін анасы әкеледі. Әжесімен бірге келетіндер де баршылық. Бізде жазылушы оқырмандарға алдымен абонемент ашылады ғой. Балалар кітапханасы болғандықтан біз оны ата-анасының немесе өзге ересек туыстарының аты-жөндерін толтырып ашамыз. Кейін оларға үйге алып кеткенде кітапты уақытылы өткізсін, өзіңіз қадағалаңыз деп ескертіп жатамыз. Сонымен қатар бала кітапханадан шыққан соң жолда абайлап жүру керектігін де үлкендерге үнемі айтып отырамыз. Өйткені бала біздің ғимараттан шыққан соң оған ата-анасы жауапты.
El.kz: Кітапты үйге алып кетіп оқитын балалар көп пе?
Сәуле Есенқұлова: Иә, ондай оқырмандарымыз да бар. Тіпті араларында тұрақты түрде кітап алып тұратындары, үйінде оқып болған соң уақытында бізге қайта өткізіп жататындары да аз емес. Біздің кітапхана ережесіне бойынша бір кітап оқырман үйіне 14 күнге беріледі. Ал егер бала ол кітапты оқып үлгермесе, бізге ата-анасы хабарласып, уақытын создыра алады. Біздің оқырмандарымыз тек балалар емес, олардың жетекшілері - ұстаздар, тәрбиешілер де өтілетін сабақ тақырыбына сай газет, журналдардан, түрлі шығармалардан өздеріне қажетті мәліметті алып кетеді. Кейде бізден «Мына тақырыпқа қатысты мәліметті қай кітаптан немесе газет, журналдан алсақ болады?» деп сұрайтындары бар.
El.kz: Мәселен, «Мына автордың кітабын таппадық, осы туындыны алып келсеңіздер» деп сұранатындар бар ма?
Сәуле Есенқұлова: Оқырман сұраған шығарма біздің бөлімшеде болмаса, басқа бөлімшелерден сұрап, солардан алдырамыз. Егер оқырманға шұғыл қажет болса, нақты қай жердегі кітапханадан алып кетуге болатынын кеңес ретінде айтып отырамыз. Ал егер ол кітап біздің балалар кітапханаларының орталықтандырылған жүйесінде мүлдем жоқ болса, тапсырыс береміз. Жаңа жоғарыда айтып өткенімдей, біздің кітапханадағы кітап қоры жыл сайын толықтырылып отырады. Оқырман сұранысына қарай қажеттілікті толтыруға тырысамыз.
El.kz: Жалпы оқырмандардың кітапханашыларға деген көзқарасы қандай?
Сәуле Есенқұлова: Оқырман көзқарасының дұрыс болуы – біздің өзімізге тікелей байланысты. Мәселен, үйіңізге қонақ келсе, жылы шыраймен қарсы аласыз ғой. Сол сияқты біз де әрбір оқырманымызға жылы қабақ танытамыз. Кітапханашылар шыны керек, психолог секілді. Келушілерге жылы сөйлеп, күлімсіреп қарсы алуымыз керек. Мәдениеттілік таныту қажет. Егер оқырман сұрап келген кітабын таппай жатса, «Бәлкім мына кітапты оқып көрерсің... Мынаны қарашы, мұнда да түрлі түсті суреттері көбірек екен» деп қызығушылығын ояту мақсатында қысқаша мазмұнын айтып береміз. Жылы сөйлеп, сұрағанын тауып беруге барынша тырысып отырған кітапханашыға деген көзарас та сондай болары анық.
El.kz: Балалармен жұмыс істеу қызық қой. Еңбек жолыңызда болған сондай бір қызықты оқиғаңызбен бөліңізші...
Сәуле Есенқұлова: Ондай сәттер жиі боп тұрады (күліп). Жалпы еңбек жолымда мынандай бір қызық жағдай болған. Алғаш кітапханаға жұмысқа тұрған кезім. Бір жас оқырман келіп, Гаврилла Троепольскийдің «Белый Бим Чёрное ухо» повестін сұрап келді. Әлі есімде Лина есімді оқушы қыз болатын. Ол кезде орысша білмеймін. Ішке кіріп кетемін, әлгі оқырманның айтқанын түсінбеймін. Шығып «жоқ екен» деп айтамын. Арада біраз күн өткен соң әлгі қыз қайта келіп, сол кітапты тағы сұрайды. Тағы да «жоқ екен» деймін. Бізде барлық кітап алфавиттік реттілікпен картотекаға жазылады ғой. Сөйтіп бір күні жұмыста кітаптарды реттілікпен жазып отырғанмын. Гаврилла Троепольскийдің «Белый Бим Чёрное ухо» деген кітабы тұр. Орнымнан атып тұрып, кітапты қолыма алдым. Өз-өзіме күлкім келіп тұр. Содан ол шығарманы алып, бір шетке қойып қойдым. Бар ойым, жаңағы қыз қайта келсе, қолына ұстатамын. Көп ұзамай ол қыз келді, кітапты алып кетті. Сонда қараңызшы, тіл білмегенімнен қасымдағылардан сұрауға да ұялғанмын ғой. Сол бір оқиға қатты есімде қалып қойыпты.
El.kz: Кітапханаға келетін оқырмандардың ең жасы нешеде?
Сәуле Есенқұлова: Бізге сол балабақшадан бастап келеді. Шамамен 4-5 жастан бастап келетіндер бар. Олар судырлатып оқымаса да әріп танитындары буындап оқып жатады. Кейбірі суреттеріне қызығады.
El.kz: Жылдар бойы үзбей келіп тұратындар оқырмандар көп пе?
Сәуле Есенқұлова: Біздің мекеме балалар кітапханасы болғандықтан мектеп бітірген соң ол оқырмандарымыз келе қоймайды. Әріп тани бастағаннан келіп, үлкен өмірге қадам басқанға дейін тұрақты келіп тұратындар аз емес. Кейде мен жұмыста болмай қалсам, «Сәуле апай жоқ па? Қашан келеді?» деп іздеп жататындар да бар.
Бауыржан Елепбергенов деген тұрақты оқырманымыз болды. Ол мектепті бітірген соң әскери саласына оқуға түскен болатын. Ол баланың қарындасы да тұрақты келушілердің бірі еді. Бір күні таңертең жұмысқа асығып бара жатқанмын. Бағдаршамнан өте бергенім сол «Сәуле апай» деген ер адамның дауысы шықты. Жалт қарап, бірден таныдым. «Сен Бауыржан емессің бе?» деймін ғой жаңағы. «Апай, қалайсыз?» деп жағдайымды сұрады. «Әй, сен қайдан жүрсің?» деп сұраппын сасқанымнан.
El.kz: Жоғарыда бір сөзіңізде балалардың жетекшілері – ұстаздар, тәрбиешілер де келеді деп қалдыңыз. Демек ересектер де кітап алып кетуіне бола ма? Әлде оларға тек оқу залында рұқсат па?
Сәуле Есенқұлова: Бізге мектеп бітіріп, 1, 2-курс оқып жүрген студенттер де көп келеді. Сабақтарына дайындалады. Керек мәліметтерді сұрайды. Кітапханада оқырмандардың жас ерекшеліктеріне ешқандай шектеу жоқ. Қабылдай береміз. Кейбір ересек оқырман балалық шағындағы оқыған кітаптарын сұрап арнайы келеді. Бала күнгі естеліктерін еске алып, сол кітапты қайта оқысы келетіндер бар. Бізде кітапханаға жақын орналасқан жерлерде тұратын оқырмандарымыз көп. Тіпті олардың арасында зейнет жасындағылар да бар. Ол кісілер көбіне үйлерінде зерігеді ғой, сондай кезде бізге келіп, түрлі газет, журналдарды оқиды. Біз мұндай оқырмандардың бетін қайтара алмаймыз. Ересек оқырмандарға да арнайы абонемент карточкасы ашылады.
El.kz: 40 жылға жуық тәжірибеңіз бар. Айтыңызшы, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін не қажет деп ойлайсыз?
Сәуле Есенқұлова: Ол үшін оқырмандардың кітапқа, әдебиетке деген қызығушылығын оята білген дұрыс. Жалпы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін біз жан-жақты ізденуіміз керек. Басқа кітапханадағы мамандармен тәжірибе алмасып, білгенімізді үйретіп, білмегенімізді үйрене алған да дұрыс. Жаңаша ізденіс керек.
El.kz: Кітапханашылар біліктілігін арттыру мақсатында өзге қалаларға немесе шетелдерге қаншалықты жмі жіберіліп тұрады?
Сәуле Есенқұлова: Шетелге бардық деп айта алмаймын. Басшылық өзге қала, облыстарға тәжірибе жинау мақсатында жиі жіберіп отырады. Осыдан 2-3 жыл бұрын біздің басшылық Беларусь Республикасына барып келді. Біз ол іс-шараға онлайн қатыстық. Оның өзі бізге көп нәрсе берді.
El.kz: Кітапхана ісін жүйелендіру жағынан мемлекет тарапынан қолдау тиісті деңгейде беріліп жатыр ма?
Сәуле Есенқұлова: Әрине, мемлекетіміз кітапхана саласына тиісті деңгейде көп көңіл бөліп отыр. Кітап қорымыз да үнемі жаңарып отырады. Жыл соңында барлық кітапхана бойынша қорытынды шығарылады. Қай мекемеге қанша кітап берілді? Оның қаншауы қазақ тілінде, қаншасы орыс тілді? Мына туынды қай жастағы оқырманға арналған? Мұның барлығы жазылады. Келер жылдың жоспары ретінде қажетті кітаптар тізімі түзіледі. Айтып отырмын ғой, бізде кітап қоры бойнша ешқандай мәселе жоқ. Бізде кез келген адамның қолы жете бермейтін небір қымбат кітаптар мемлекет есебінен жеткізіп келеді. Біздің мекемеге келсеңіз, оған анық көз жеткізесіз.
El.kz: Баланың кітап оқуға деген ынтасын ашу үшін ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
Сәуле Есенқұлова: Ата-анаға да, мұғалімге де айтар кеңесім бір. Біз әрдайым ертеңімізді бүгін жоспарлап отырамыз ғой. Тіпті кейде әр сағатымызды бөліп, мына уақытта не істейтінімізге дейін белгілеп аламыз. Сондықтан кітап оқуды да осы жоспарға енгізіп қойған дұрыс. Ал қызығушылықты ояту үшін баламен жұмыс істей білу керек. Мәселен, мен өзім жұмыстан үйге келгенімде «Бүгін бізге мынандай кітаптар келді. Мынаның шығармасы қызық екен» деп үйдегілерге үнемі айтып отырамын. Оған ары кетсе 5 минут, ары кетсе 20 минут уақыт кетер. Сол сияқты мен немесе өзге ата-ана болсын, осылай үйде кітапты талқылауды үрдіске айналдырса деймін. Бала көргенін істейді. Ал біз кітап оқуды үйде қалыпты жағдайға айналдырсақ, бала да соны қайталайды. Күн сайын демей-ақ қояйын, тым болмағанда аптасына үш рет кітап оқуды әдетке айналдырса, оның өзі жақсы нәтиже берері анық. Біз күн сайын таңертең ұйқыдан оянып, беті-қолымызды жуып, тісімізді тазалаймыз ғой. Онсыз болмайды. Меніңше, кітап оқуды да осындай үрдіске айналдыра білген дұрыс. «Тәрбие – тал бесіктен» деп текке айтылмаған ғой. Сондықтан ата-ана баламен жұмыс істей білгені абзал. Ол үшін өзі де кітап оқуды әдетке айналдыра білгені жөн. Түсінемін, жұмыс та істеу керек, отбасын бағу керек. Бірақ бізде кейде жұмысбастылыққа салынып, бала назардан тыс қалып жатады. Сол үшін кітап оқуды отбасылық жоспарға енгізіп қойса деймін. Тіпті отбасы болып, белгілі шығарманы талқылай білу баланың ертең өскенде өз ойын еркін жеткізуіне, ой-өрісінің дамуына үлкен көмегін тигізеді.
Кітапханашылар онсыз да кітапты насихаттап отырады. Ал ата-ана соны іліп алып, үйде бейімдесе деймін. Ең құрығанда «Балам, сен мына кітапханадан мына кітапты алыпсың. Мына шығармадан не түсіндің?» деп қадағалап сұрап отырса құба-құп болар еді. Мәселен, бізге кітапты үйге алып кеткен бала белгілі бір уақыт өткен соң оны өткізеді. Сол кезде жас мамандарға «Кітаптың мазмұнын, түсінігін сұрашы. Оқыпты ма, әлде жоқ па?» деп сұратып отырамын. Оқыған бала бірден байқалады.
Шыны керек, қазір баяғыдай бесік жырын айтып отыратын әжелер де сиреп барады. Сондықтан тым болмағанда біз баланы кітапқа баулысақ деймін.
El.kz: Ал өзіңіз кітапты қаншалықты жиі оқисыз?
Сәуле Есенқұлова: Кітапханада жұмыс істегеннен кейін мұндағы әрбір кітаптың мазмұнын білуіміз керек. Келген оқырман алдымен оның мазмұнын бізден сұрайды. Сондықтан өзім де жиі кітап оқып тұрамын. Жаңа айтып өткенімдей, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясыда Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын кеңінен насихаттадық. Өзіміз де сол автордың шығармаларын қайталап отырдық. Одан кейін жергілікті Мархабат Байғұт, Әбділда Аймақ деген марқұм жазушыларымыз бар. Соларды да кеңінен насихаттап, шығармаларын бір шолып шыққаным бар. Ханбибі Есенқарақызы деген кереметтей ақынымыз бар. Ол кісінің қатысуымен оқырмандарымызды жинап, талай кездеулер де ұйымдастырдық. Хан апамыздың да шығармаларын үнемі насихаттап келеміз.
El.kz: Айтыңызшы, кітапханашыларға материалдық тұрғыда тиісті деңгейде көңіл бөлініп отыр ма? Жалақыларыңыз көңілдеріңізден шыға ма? Жалпы қоғам алдында еленіп-ескеріліп отырсыздар ма?
Сәуле Есенқұлова: Әрине, көңіл бөлініп келеді. Бұрын көршілес Ресейде ғана кітапханашылар күні тойланатын, ал бізде еленбейтін. 2022 жылы біздің Үкіметтің қаулысы шығып, 24 қазан – Кітапханашылар күні боп бекітілді. Бұл - біздің салаға деген ерекше назардың, құрметтің белгісі. Бұрындары «Осы кітапханашылар не істейді?» деп сұрайтындар көп болатын. Біле білсеңіз, кітапханашы жұмысы өте ауыр. Шүкір, қазір қоғам да, мемлекет те бағалап отыр. Ал жалақы мәселесіне келсем, жалпы мәдениет саласы бойынша ең төмен жалақы алатын кітапханашылар екен. Солай естиміз. Білмеймін, бірақ біз сол жалақыға бейімделдік. Әдебиет әлемінде рухани азыққа қанықпыз. Дегенмен бұрынғымен салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, соңғы үш жыл айлығымыз өсті. Аллаға шүкір деп айтайын, өз жалақым көңілімнен шығады. Бүгінде 230 мың теңге жалақы аламын.
El.kz: Кәсіби мерекелеріңіздің қарсаңында «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болыпсыз. Осы туралы айтып беріңізші...
Сәуле Есенқұлова: Иә, күні кеше Алматыға барып, марапатқа ие болып келдім. Қуанғанымды көрсеңіз. Сенесіз бе, тап қазір сізбен сұхбаттасып отырып көзіме қуаныштың жасы келіп отыр? Бұл іс-шараны Ұлттық кітапхана ұйымдастырды. 20 облыстан үздік деген кітапханашылар жиналды. Концерттік бағдарлама болды. Мәдениет және ақпарат министрі онлайн режимде бізді құттықтады. Мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл марапат Шымкенттегі барлық кітапхана атынан жалғыз өзіме бұйырды.
El.kz: Жасыңыз 60-қа жақындап қалыпты. Алла бұйыртса, бір жылдан соң зейнет жасына жетесіз. Кітапханашы болуды жалғастыра бересіз бе, әлде құрметті еңбек демалысына шығасыз ба?
Сәуле Есенқұлова: Зейнет жасына дейін 1 жыл 2 айдай бар. Енді оны уақыт көрсетеді. Білгенімізді жастарға үйретіп, бағыт-бағдар беріп отыру – мен сияқты жасы келген мамандардың міндеті деп тілемін. Енді уақыт талабы болғандықтан жастар да жұмыс істеу керек, соларға орын берген дұрыс шығар. Әрине, қимастық болады ғой. Ұжым – менің екінші отбасымдай боп кетті.
El.kz: «Мына жерде 15 жыл, 20 жыл істедім. Жұмыс орнымды ауыстырамын, шаршадым» дегенді жиі естіп жатамыз. Ал сіз 37 жыл бойы бір мекеме жұмыс істеп келесіз. Оның сыры неде?
Сәуле Есенқұлова: Енді жұмыстың оңайы жоқ қой. Кез келген мамандықтың өз қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Мен үшін бірінші кезекте - ұжым. Әріптестерім ұнайды. Бәріміз де бір терінің пұшпағын илеп отырғандықтан мақсатымыз да, міндетіміз де бір. Осыншама жыл бір мекемеде жұмыс істеп келгендіктен басқа салаға ауысу деген ой жоқ, болған да емес.
El.kz: Кеше өткен кәсіби мерекелеріңізбен құтты болсын! Мерекеге орай әріптестеріңізге қандай айтар-тілегіңіз бар?
Сәуле Есенқұлова: Кітапхана саласында қызмет етіп жүрген барша әріптесіме үлкен жетістіктер тілеймін. Ізденістер молая берсін. Оқырмандарымыз көп болсын! Ауызбіршіліктің арқасында жұмыстарыңыз алға басып, биік белестенден көріне беріңіз. Әрбір кітапханашаның отбасына амандық, жақсылық, береке-бірлік тілеймін.
El.kz: Тамаша! Сұхбатыңызға көп рахмет!