Тәжікстан мен Өзбекстанда елорданың медициналық әлеуеті таныстырылды

Бүгiн, 06:37 242

Астаналық жоғары білікті медициналық мамандар тобы елорданың медициналық әлеуетін таныстырып, Тәжікстанда (Душанбе қаласы) және Өзбекстанда (Ташкент, Самарқанд қалалары) тегін консультациялар мен алғашқы тексерулер сериясын сәтті өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елордалық дәрігер-мамандардың Тәжікстан мен Өзбекстанға сапары Астана қаласының медициналық туризм бағытын дамыту аясындағы маңызды қадам болды. Мұндай көшпелі консультациялар клиникалардың халықаралық аренадағы мүмкіндіктерін толық көрсетуге және сол арқылы медициналық туристер ағынын арттыруға мүмкіндік береді.

Статистикаға сәйкес, бүгінгі таңда елімізге медициналық туристер Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясы елдерінен келеді. Біздегі тілдік тосқауылдың болмауы, медициналық қызмет көрсетудің жоғары деңгейі, географиялық жақындық, сондай-ақ қолжетімді баға саясаты олардың Астананы таңдауына себепкер болып отыр.

Ақпараттық топ құрамында онкология, репродуктология, кардиохирургия, нейрохирургия, ересектер мен балаларға арналған жалпы медицина және оңалту саласындағы жетекші мамандар бар.

Сапар барысында олар елорданың жетекші клиникаларында қолданылатын диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін таныстырды. Бірнеше күн бойы дәрігерлер жергілікті тұрғындарға күрделі медициналық мәселелерді шешуге көмектесіп, емдеу және оңалту әдістері бойынша ұсыныстар беріп, тегін алғашқы консультациялар өткізіп, оларды одан әрі медициналық қызметтерді алуға Астанаға шақырды.

Шара аясында сонымен қатар жергілікті туроператорлармен және медициналық бизнес өкілдерімен бірқатар B2B кездесулер өткізілді, бұл пациенттерді сапалы медициналық көмек алу үшін одан әрі елімізге жіберуге және қазақстандық клиникалар мен халықаралық әріптестер арасында іскерлік байланыстар орнатуға ықпал ететін болады.

Сондай-ақ, сапар аясында Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының ауруханасы мен Ташкент қалалық Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты арасында келісімге қол қойылды.

Меморандум травматология, ортопедия және оңалту саласындағы бірлескен жобаларды дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы медицина саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Тәжікстан мен Өзбекстанның тұрғындары, туроператорлары мен медициналық мекемелерінің өкілдері іс-шараны ұйымдастырудың жоғары деңгейде өткенін және сапалы медициналық көмек алуға мүдделілігін атап өтті.

Қазақстандық мамандардың Тәжікстан мен Өзбекстанға сапары Астананың Орталық Азияның жетекші медициналық дестинацияларының бірі ретіндегі рөлін нығайтудағы маңызды шара болды.

Елорданың медициналық әлеуетін таныстыру қазақстандық медицина деңгейін көрсетіп қана қоймай, Астанаға емделуге және оңалтуға жаңа пациенттерді тартуға мүмкіндік берді.

Перизат Саденова
Бөлісу: