Тазалық қанға сіңген қасиетке айналуы қажет - президент

3 Қазан, 12:44 671

Биыл елімізде «Таза Қазақстан» жобасы қолға алынды. Акция аясында аймақтарда ауқымды экологиялық шаралар атқарылып жатыр. Президент өз сөзінде тазалық бәрінен бұрын өзімізге керектігін тағы бір еске салды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл – Жарлықпен жасалатын, Өкіммен орындалатын шаруа емес. Тазалық алдымен халқымыздың әдетіне, сосын қанға сіңген қасиетіне айналуы қажет. Шын мәнінде, өркениетті елдің басты сипатының бірі – тазалық пен тәртіп. Сондықтан «Таза Қазақстан» шарасы жыл он екі ай бойы жалғасуы тиіс. Сіздер әр қиырдағы ауыл-аудандардан келіп отырсыздар. Осы сәтті пайдаланып, баршаңызды «Таза Қазақстанды» тұтас ел болып қолдауға шақырамын. Бұл іс-шарадан бір де бір елді мекен шет қалмауы керек. Әрбір ауыл, әрбір қала тазалықтың үлгісі болуы қажет, - деді Тоқаев мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында.

Президент өз сөзінде әділдік қағидатын орнықтыруға бар күш-жігерін салатынын да алға тартты.

Жалпы, біздің елімізде Заң және Тәртіп үстемдік құруға тиіс. Сонда ғана реформаларды табысты жүзеге асыруға және ел экономикасына инвестиция тартуға болады. Заң және Тәртіп – Әділетті Қазақстанның мызғымас тұғыры. Кез келген қоғам әділдік болғанын қалайды. Қазақстан халқының да талабы – осы. Сондықтан мен әділдік қағидатын орнықтыруға бар күш-жігерімді саламын, - деді ол.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: