«Таза Қазақстан» road-эстафетасы басталды

10 Маусым, 16:30 744

Бүгін «AMANAT» партиясы жалпыұлттық экологиялық акция – «Таза Қазақстан» Road-эстафетасын бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тазалық акциясына «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығының басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров және Мәжіліс депутаттары қатысты. Осы аптада партия белсенділері мен волонтерлар «Астана – Алматы» тасжолы бойының аумағын тазартады.

Эстафета аясында жол бойындағы және жолға іргелес автотұрақтар мен кемпингтер аумағында тазалық жұмыстары жүргізіледі. Квадрокоптерлерді пайдалану арқылы әуеден барлау деректері негізінде жүзеге асырылады. Жиналған қоқыс полигондарға жеткізіледі.

Таза Қазақстан» өзімізден басталады. Еліміз, ең алдымен, өз отандастарымыз үшін таза әрі жайлы болуы керек. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл мәселені жалпыұлттық деңгейге көтерді. Тазалық пен тәртіп – өмір сүру нормасына айналуға тиіс. «Таза Қазақстан» Road-эстафетасы тасжолдардағы қоқыс мәселесін шешіп қана қоймай, қоғамды біріктіреді, экологиялық мәдениет пен сана қалыптастырады, – деді «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.

Алғашқы нүкте - Ақмола облысы Аршалы ауданы. Ақмоладан басталған тазалық көші Қарағанды облысы, Осакаровка ауданында дейін барады. Осы аралықты қоқыстан тазартуға 250-ден астам волонтер және жолда өзге де аймақтардың жастары қосылады.

Айта кетейік, аталған эстафета Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы қаласының аумағы бойынша өтіп, жалпы 6 ауданды қамтиды. Іс-шара 14 маусымға дейін жалғасып, жалпы қоқыстан тазаратын аумақ 1 202 шақырымды құрайтын болады.

Суреттер: El.kz

 

Равиль Ашығали
Бөлісу: