Бүгін Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі өтті. Ауқымды шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты. Сондай-ақ президент экофестиваль аясында ұйымдастырылған көрмені тамашалап, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық бастамалар мен жобалармен танысты. Олардың бірі – Қызылордада жүзеге асырылғалы отырған инновациялық шыны зауыты жобасы болды.
Жылдық өндірістік қуаты 220 миллион дана өнімді құрайтын бұл жоба халықаралық стандарттарға сай шыны бөтелкелер мен банкілерді шығаруға бағытталған. Жоба сапа, қауіпсіздік және экология талаптарына негізделген. Өнімдер тек Қазақстан нарығына ғана емес, Орталық Азия мен ТМД елдеріне де экспортталатын болады.
Суреттер: Ажар Лаубаева
Жобаға «Жасыл даму» АҚ қолдау көрсетіп отыр және ол мемлекеттік қалдықтарды басқару саясаты аясындағы басым жобалардың қатарына енген. Қазіргі уақытта негізгі технологиялық жабдықтарды жеткізуге арналған келісімшартқа қол қойылып, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландырудың екінші кезеңіне дайындық жүргізілуде.
Жылына 220 миллион бөтелке өндіруге арналған шыны қалдықтарын қайта өңдейтін және олардың негізінде шыны ыдыс шығаратын зауыт құрылысын басқару жобасының жетекшісі Александр Вознюк жоба туралы айтып берді.
Оның сөзінше, жаңа зауыт – бұл жай ғана өндіріс орны емес, ол қалдықтарды қайта өңдеуге және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталған тұрақты экологиялық жүйенің маңызды құрамдас бөлігі. Жоба қатты тұрмыстық қалдықтарды терең өңдеуге және тұйық экономикалық цикл құруға басымдық береді.
Сурет: Ажар Лаубаева
Мұндай жобамен айналысып жатқан біздің компаниямыздың құрылғанына көп уақыт болған жоқ. Біздің шыны өнеркәсібінде ешқандай тәжірибеміз жоқ. Компаниямыз «Таза Қазақстан» аясында жаңа зауыт салу үшін құрылды десем болады. Әзірге біз зауыттың жобасымен айналысып жатырмыз. Осы жылдың ортасында зауыт салына бастайды. 2027 жылы құрылысы аяқталады деп отырмыз. Зауыт іске қосылғанда кем дегенде 280 жаңа жұмыс орнын ұсынады, – деді ол.
Оған қоса жоба жетекшісі М. Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжімен келісімшартқа отырғандарын айтты.
Біз жаңа зауыт іске қосылғанда қызмет ететін мамандарды даярлау үшін колледжге оқу бағдарламаларын әзірлеу туралы келісімге келдік. Болашақта тәжірибе жинақтау үшін студенттерді де қабылдауға дайынбыз, – деді ол.
Сонымен қатар Александр Вознюк зауыт жыл сайын тұрмыстық қалдықтардың құрамынан 50 000 тоннаға дейін шыны қалдықтарын қайта өңдеп, бұрын экологиялық мәселе болып келген шикізатты экологиялық жағынан қауіпсіз әрі пайдалы өнеркәсіптік ресурсқа айналдыратынын атап өтті.
Жобаның технологиялық базасы – шыныны балқыту, қалыптау және сұрыптау салаларындағы заманауи шешімдерге негізделген. Барлық өндірістік процестер толық автоматтандырылып, энергия үнемдеу мен экологиялық мониторинг жүйелері енгізіледі. Кәсіпорын заманауи өндірістік желілермен, автоматтандырылған сұрыптау және сапа бақылау жүйелерімен, көміртек ізін азайтуға бағытталған энергия үнемдейтін технологиялармен жабдықталады. Барлық үдерістер цифрлық басқару жүйесімен біріктіріледі.
Жобаның жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына түсетін жүктемені азайтуға, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және елдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.