«Таза Қазақстан» – экологиялық мәдениеттің жаңа кезеңі

Кеше, 16:21 239

Адамның рухани байлығы мен мәдениеті – оның ойының, денесінің және қоршаған ортаның тазалығынан көрінеді. Бұл – жай ғана ұран емес, өркениетті қоғамның басты қағидаты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде осыған ерекше тоқталып, табиғатты аялау – әр азаматтың парызы екенін еске салды. Мемлекет басшысы тек сенбілікпен шектелмей, тазалықты сақтау күнделікті өмір салтымызға айналуы керектігін нақты айтты.

«Таза Қазақстан» – уақытша бастама емес, болашаққа бағытталған стратегиялық көзқарас. Бұл еліміздің экологиялық мәдениетін көтеріп, ұрпаққа таза табиғат қалдыру жолындағы қадам. Қазақстандықтар үшін бұл бастаманың мәні мен оны іске асырудағы өзекті мәселелер туралы ECOJER ассоциациясының Маңғыстау облысы бойынша өңірлік экологиялық кеңесінің төрағасы, Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес мүшесі Әділбек Қозыбақов dknews.kz порталына берген сұхбатында кеңінен әңгімелеп берді.

 - «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінің маңызы неде?

- Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қоршаған ортаның тазалығына мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі тек бір жыл бұрын басталды. Бұған дейін жекелеген белсенділер мен экологиялық үкіметтік емес ұйымдар бұл мәселелерді көтеріп, сенбіліктер ұйымдастырып, халықаралық гранттар тартып жүрді. Бірақ бұл жұмыстар қажетті деңгейде жүргізілген жоқ. Тек өткен жылы бұл үрдіс мемлекеттік деңгейге көтерілді, бұл – қуанарлық жағдай. Өзім 22 жылдан бері әртүрлі экологиялық ҮЕҰ-да жұмыс істеймін. Біз көктем мен күзде Ақтау қаласының тұрғындарын, мектеп оқушыларын, студенттерді экологиялық сенбіліктерге қатысуға шақырып жүрміз. Сондықтан бұл фестивальдің маңызы зор деп есептеймін. Ол қоғамда экология мен қоршаған ортаның тазалығының маңызын түсіну қалыптасуына бағытталған. Мұндай фестивальдер ересектерді балалар тәрбиесінде экологиялық мәселелерге көңіл бөлуге үндейді. Білім беру мекемелерін айтпай-ақ қояйын, ол – өзінен-өзі түсінікті.

- «Таза Қазақстан» жобасы басталғанына бір жыл болды. Осы науқанның нәтижелерін қалай бағалайсыз?

- Менің пікірім екіұдай. Жарты жылдық қорытынды бойынша жаңалықтарда «Біз 1 миллион тонна қоқыс жинадық» деген ақпарат шықты. Бұл қуаныш пен мақтаныш тудыратын жайт сияқты. Бірақ мен бұған толықтай келісе алмаймын. Бұл – шенеуніктердің Президент тапсырмасын сәтті орындап жатқанын көрсететін дерек. Бірақ екінші жағынан, осы 1 миллион тоннаны 20 миллион қазақстандыққа бөлсек, әрқайсымыз табиғатқа 50 килограмм қоқыс қалдырған болып шығамыз. Бұл – өкінішті жағдай. Біздің экологиялық мәдениетіміздің өте төмен деңгейде екенін көрсетеді. Біз өзіміз ластаймыз, содан соң жинап алып, соған мақтанамыз.

- Сіздің ойыңызша, қазақстандықтардың экологиялық жауапкершілігі артты ма? Жастар экологияны сақтауға белсенді қатысып жатыр ма?

- Бір жылда экологиялық жауапкершілік артады деп күтудің қажеті жоқ, бұл – ұзақ жылдар қажет ететін үдеріс. Мұнда «қамшы мен тәтті» әдісін қолдану керек деп ойлаймын. Яғни, құқық бұзушыларды жазалап, ал экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтын, тазалыққа үлес қосатындарды ынталандыру қажет. Сонымен қатар заңды және жеке тұлғаларды қолдау керек. Мысалы, бір компания экологиялық шараларды тұрақты түрде өткізіп, оған қаржы бөлсе, неге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмеске? Сондай-ақ, қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын кәсіпкерлерге субсидия беріп, салықтық жеңілдіктер жасау маңызды. Мысалы, 1 миллион тонна қоқыстың 800 мың тоннасын қайта өңдеуге және қайта пайдалануға жіберуге болмас па еді? Сол кезде біз жетістіктерімізбен мақтана алар едік. Ол үшін осы іспен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау керек. Қазір бұл салаға қызығушылық танытатын кәсіпкерлер аз, себебі олар мемлекеттен қайтарым жоқ екенін көреді, барлық шығын өз мойындарында, ешкім шығынға батқысы келмейді. Меніңше, кез келген сенбілік экологиялық болуы тиіс. Қоқысты жинап, оны басқа жерге, мысалы, полигонға апарып тастау жеткіліксіз. Бұл тек аумақты одан әрі ластаумен тең. Қоқысты сол жерде сұрыптап, қайта өңдеуге жіберу керек, тек аз бөлігі ғана қоқысқа тасталуы тиіс.

- Тазалық пен тәртіп – жоғары өмір сапасының негізгі көрсеткіштері, – деді Президент. Бұл пікірмен келісесіз бе?

- Әрине, бұл мәселеде Мемлекет басшысымен келіспеу мүмкін емес. Бірақ мен үшін бұл – азаматтардың мәдениеті мен рухани дамуының көрсеткіші. Адам материалдық жағынан бай болып, лас ортада өмір сүре алады. Керісінше, бай болмаса да, айналасын таза ұстайтындар бар. Сондықтан экологиялық білім мен дағдылар балабақшадан бастап қалыптасып, мектепте, жоғары оқу орнында және ересек өмірде дамуы тиіс. Бұл – үздіксіз үдеріс болуы керек және бұл ең алдымен мемлекеттің міндеті. Арнайы оқыту әдістемелері мен бағдарламалары әзірленіп, олар білім беру мекемелерінде және еңбек ұжымдарында енгізілуі тиіс. Сонымен қатар осындай мәселелермен айналысатын экологиялық ҮЕҰ-ды қолдау қажет.

- Президент Тоқаев ұсынған экологиялық бастамалардың ішінде қайсысын ерекше атап өтер едіңіз?

Президенттің биоәртүрлілікті сақтау қорын құру туралы бастамасы өте орынды. Бұл бастама көптеген мәселені шешуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда биоәртүрлілікті сақтау мәселесі мемлекеттік органдардың бақылауынан тыс қалып отыр. Мұнайшылар мен өндірістік кәсіпорындар заң бойынша флора мен фаунаны сақтауға міндетті емес. Олар бұл бағытта бірдеңе істесе, тек өз еріктерімен ғана жасайды. Бұл – таңғаларлық жайт әрі өкінішті, себебі 15-20 жыл бұрын мұндай талаптар болған. Экологиялық кодекс қабылданған соң, кәсіпорындар тек ауа, су және жер ресурстарының тазалығына жауапты болды, ал өсімдіктер мен жануарлар әлемі бойынша міндеттемелер жоқ. Бұл мәселені көтеру маңызды. Себебі тірі организмдер, биоәртүрлілік – қоршаған ортаның күйін көрсететін индикатор. Егер бәрі дұрыс болмаса, бұл міндетті түрде өсімдіктер мен жануарларға әсер етеді. Керісінше, егер биоәртүрлілік дамыса, ауа таза, жер мен су айтарлықтай ластанбаған деген сөз.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының табиғатты қорғауға мүдделі болуы маңызды, себебі олар табиғатпен тікелей байланыста өмір сүреді. Қазақ ауылдарында табиғаттың сұлулығын көрсету арқылы туристерді тартуға мүмкіндік жасау керек деп санаймын. Олар жол көрсетіп, өз өнімдерін сатып, эко-, этно- және агротуризмді дамыта алар еді. Мысалы, ауыл тұрғындары қымыз, шұбат, құрт, ұлттық тағамдарды сатып, дәстүрлерімізді таныстырып, жылқы мен түйеге мініп серуен ұйымдастырып, киіз үйлерді жалға беріп, ұлттық киіммен фотосессия өткізер еді. Мұндай қызметтерді ауыл тұрғындары көрсете алар еді, ал мемлекет оларды қолдауы тиіс. Мысалы, бизнес негіздері бойынша тегін курстар ұйымдастырып, оларды ЖК ретінде тіркелуге үйретіп, ұлттық қолөнер және туризм саласындағы дағдыларды оқытатын курстар өткізу қажет. Бұл ретте жүйелі көзқарас керек, бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдар – әкімдіктер мүдделі болуы тиіс. Министрліктердегі шенеуніктер де қарап отырмауы қажет.

Сонымен қатар жергілікті қауымдастықтар базасында мемлекеттік инспекторлардың көмекшілерін тағайындауға болады. Мемлекеттік инспекторлар барлық жерде үлгермейді, ал қоғамдық инспекторлар оларға көмектесе алар еді. Олар қандай да бір заң бұзушылықтарды байқаса, тіркеп, мемлекеттік инспекторларға жеткізе алады, ал олар бұзушыларға шара қолданады. Жергілікті қауымдастықтарға шағын бизнес жүргізуге жағдай жасалса, бұл ауылдағы жұмыссыздық мәселесін де шешер еді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары табиғатты сақтауға үлес қосар еді. Әйтпесе, олар браконьерлерге көмектесуі мүмкін. Мысалы, сырттан келген адам жақсы аңшылық жерлерді немесе сирек кездесетін жануарлар мен құстарды көрсетуді сұрауы мүмкін. Айталық, олар балапан салатын бүркіттің ұясын тауып беруді өтінеді, оған шетелде, әсіресе араб елдерінде сұраныс жоғары, жақсы ақша табуға болады. Ауыл тұрғыны ұяға апарғаны үшін 100 доллар алса, оған риза. Ал егер ол туризммен айналысып, туристерге қызмет көрсетсе, әлдеқайда көп табыс табар еді әрі игі іспен айналысар еді.

Каспий итбалығы популяциясын сақтау үшін резерват құру мәселесі көптен бері көтеріліп келеді, бірақ оның орындалуы созылып барады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тапсырманы жеке берген. Менің білуімше, қағаз жүзінде барлығы дайын, резерват құрылған, картада оның аумағы белгіленген. Бірақ әлі күнге дейін штат бөлінбеген, қаржы қарастырылмаған, кеңсе орны жоқ. Бұл жұмысты жеделдету қажет деп ойлаймын.

Сол сияқты Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құру мәселесі де бар. Ол әлемдегі ең үлкен көлдің экологиялық проблемаларын зерттеуі тиіс. Бұл тақырып бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Алдымен Экология министрлігі институтты құру туралы шешім шығарды. Кейін Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, бұл мәселені солар шешуі керек деп, құзыреттілік оларға берілді. Олар біраз уақыттан кейін бұл экологиялық мәселе екенін айтып, құзыреттілікті қайта қайтарды. Осылайша бұл жоба жүзеге аспай отыр.

Сондықтан мен Президенттің биоәртүрлілікті сақтау қорын құру туралы бастамасын толығымен қолдаймын. Бұл бастама мемлекеттік органдар назарынан тыс қалып жүрген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Және Қазақстан алдында тұрған экологиялық міндеттерді орындауға жол ашады.

- Қазіргі таңда биоәртүрлілікті сақтау үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

2024 жылы біз бір мұнай компаниясының тапсырысымен 8 айлық жұмыс жүргіздік. Қоғамда мұнай саласындағы кез келген кәсіпорын міндетті түрде табиғатқа зиян келтіреді деген пікір қалыптасқан. Иә, бұл рас, олар эмиссиялар үшін мемлекетке белгілі бір сомада төлем жасайды. Бірақ адам факторын да ескеру керек. Бұл компанияның экологтары өте патриот, табиғатқа жанашырлықпен қарайды. Олар ішкі бұйрықтарымен кәсіпорын жанындағы сексеуіл тоғайын сақтап келеді. Ол аумақ ресми қорғалатын аймаққа жатпайды, орман қоры да емес, жай ғана табиғи аумақ. Компания қызметкерлері жыл сайын ақпараттық тақтайшаларды жаңартып, аумақты аралап, бақылау жүргізеді. Заң бұзушылықтар немесе жаралы жануарлар табылса, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясына хабарлайды. Біз тоғайға фототұзақтар орнатып, ондағы жануарларды зерттедік. Онда құм тышқандары, дала құстары, жорғалаушылар, қояндар, шибөрілер, Орта Азиялық тасбақа кездеседі. Бұл – сирек кездесетін түр. Қазақстанда Қызыл кітапқа енбесе де, Халықаралық табиғатты қорғау одағының тізімінде бар. Сонымен қатар фототұзаққа Түрікмен қарақұлағы түсті. Бұл – Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек аң. Оның әлемде 300 шақтысы ғана қалған. Мұндай игі істер атқарып жүрген компанияларды қолдап, олар жайлы кеңінен айтып, үлгі ету керек деп санаймын.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: