Қала мектептерінде облыстағы оқушыларға арналған ашық сабақ өткізілді, онда өскелең ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастырудың маңызы талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы ашылды. Бұл шараның мақсаты – әрбір қазақстандықтың экологиялық мәдениетті қалыптастыруға атсалысуын қамтамасыз ету.
Бағдарламаға Абай орталығының оқушылары да белсене қатысуда. Дәстүрлі түрде өтетін «Таза жағалау» шарасы аясында сәуір айының соңында көгалдандыру жұмыстары басталмақ.
Біздің орталықтың №3 бірлестігінде сәуір-мамыр айларында өсімдіктердің көшеттерін отырғызу қолға алынады. Биылғы оқу жылында жоспарланған көгалдандыру жұмыстарының алғашқы кезеңі 2024 жылғы сәуірде «Табиғат – балалар көзімен» атты сурет көрмесімен басталды. Онда оқушылардың экология тақырыбына арналған шығармашылықтары ұсынылған. Туындыларда табиғат пен экологияның маңыздылығын айқындайтын бейнелер көрсетілген,- деді Абай атындағы Атырау қаласының оқушылар орталығы директорының орынбасары Самал Мұратқалиева.
Екінші кезеңде шәкірттерге «Таза Қазақстан» бағдарламасы туралы ақпарат беріліп, көгалдандыру жұмыстары жалғасты. Білім алушылар біржылдық және көпжылдық сәндік аула гүлдерінің, көкөніс дақылдарының тұқымдарын отырғызды. Олар барқытгүл, циния, баялды, тәтті бұрыш, қызанақ және арша, бозарша сияқты өсімдіктердің көшеттерін екті.
Бұл шараға қаңтар айынан бастап қатысып келемін. Сабақта тұқымдарды, түрлі жемістерді егеміз. Топырақ салып, егінімізді егіп, үстіне су шашамыз. Осылайша, табиғатты аялауға аздаған болса да үлесімізді қосамыз,-деді оқушы Амина Абат.
Шара соңында шәкірттер «Табиғат және біз» тақырыбында табиғат қорғауға арналған жыр жолдары мен әндерді орындап, акцияны қорытындылады.