«Таза Қазақстан» акциясына Италиядан келген туристер үлес қосты

8 Сәуір, 17:54 436

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Жамбыл облысының тұрғындары белсенді атсалысуда. Экологиялық науқан аясында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бастамасымен Тараз қаласындағы «Қарахан баба» кенесіне алма ағаштары отырғызылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұйым мәліметінше, мұндағы мақсат – келген турист, қонақтарға жайлы жағдай жасау. Акцияға «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұжымынан бөлек,  белгілі тарихшылар, мәдениет саласының мамандары , журналистер, қала тұрғындары мен жастар қатысты.

Бұл бастаманың негізгі мақсаты – Қарахан кесенесіне келушілерге қолайлы орта қалыптастыру және ескерткіш аумағының тартымдылығын арттыру. Алма – табиғат пен тарихты ұштастыратын ерекше жеміс екенін білесіздер. Сонымен қатар, бұл – экологиялық тұрғыдан да маңызды қадам. Ағаш түрлері жергілікті климатқа бейімделген, әрі күтімі жеңіл сұрыптардан таңдалып алынды. Келушілер енді тарихи орынмен таныса жүріп, көлеңкелі аллеяда демала алады. Болашақта бұл жер экскурсиялар мен ашық аспан астындағы шаралар өткізуге қолайлы орынға айналмақ. Сонымен қатар көгалдандыру арқылы кесене аумағының эстетикалық келбеті арта түседі, - дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұржан Мергенбай.

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» музей-қорығының бастамасымен өткен шарапатты шарадан шетелдіктер де тыс қалмады. Аймаққа экскурсиямен Италиядан келген туристер де тал отырғызып, ерекше әсер алып қайтты. Италияның Неаполь, Рим, Турин мен Милан қалаларынан шығып Әулие ата жеріне табан тіреген туристер қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясына өте жоғары бағаларын берді.

Өте тамаша әсер алдық. Қазақстандағы тарихи орындар керемет екен, айтып жеткізуге сөзім жоқ. Осы тарихи орынның аумағына тал егу құрметі бізге бұйырып тұр екен. Өте қуаныштымыз. Болашақта үлкен бақ болып, біз секілді туристерге көлеңкесін түсіріп, жемісін беріп тұрады деп ойлаймын, – дейді туристер .    

«Қарахан баба» кесенесінен басталған тал егу науқаны алдағы уақытта барлық тарихи ескерткіштердің аумағында жалғасатын болады. Одан бөлек бүгін кесене аумағында жастар мен еріктілердің көмегімен тазалық жұмыстары жүргізілді. Қураған талдар бұталып, тарихи нысанның аумағынан шығарылды.

EL.KZ
Бөлісу: