«Таза Қазақстан»: абаттандыруға өзгерістер енгізілді

Бүгiн, 11:05 141

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізілгенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол осы құжат шеңберінде негізгі ұғымдар түзетіліп, жаңа терминдер енгізілгенін, сондай-ақ елді мекендердегі инфрақұрылым объектілерін абаттандыру мен күтіп ұстауды ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар неғұрлым егжей-тегжейлі толықтырылғанын атап өтті. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер, мүгедектер, велосипед көлігі үшін басымдықтар берілді. Үй жануарлары серуендейтін аумақтарды тазарту, био-дәретханаларды орнату, жолдарды күтіп ұстауға және ғимараттар мен құрылыстардың сыртқы келбетіне қойылатын талаптар айқындалды.

Үлгілік қағидалар негізінде қабылданатын шараларды күшейту үшін аумақтарды абаттандырудың өңірлік қағидалары бекітілді, олар да әрбір өңірдің ерекшелігін ескере отырып кеңейтілді, — деп атап өтті Қанат Шарлапаев.

Бұдан басқа, өңірлік саясатты жетілдіру үшін «Қалаларды кешенді салу стандарты» әзірленді. Стандарт сапалы, қолжетімді тұрғын үй және көпсалалы құрылысты енгізу және жайлы қоғамдық кеңістіктерді құру үшін нұсқаулық болып саналады. Құжат барлық жергілікті атқарушы органдарға қалалық аумақтарды дамыту мен салудың егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеуде басшылыққа алу үшін жіберілді.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: