«ТАУРАТТАҒЫ» БАБА ТҮРКI IЗДЕРI

30 Маусым 2014, 12:13

Өресi биiк, өркениетi жоғары басқа халықтардың жебiрей «Тәуратына» тарихи деректер көзi ретiнде ден қойып, өз өткен-кеткенiмен байланыстыра зерттей бастағанына да бiрнеше ғасыр уақыт болды.

Өресi биiк, өркениетi жоғары басқа халықтардың жебiрей «Тәуратына» тарихи деректер көзi ретiнде ден қойып, өз өткен-кеткенiмен байланыстыра зерттей бастағанына да бiрнеше ғасыр уақыт болды. Тек түркi тектестер ғана үнсiз. Олар «Тәуратқа» бар болғаны, аңыздар мен әфсаналар жинағы санатында ғана қарайтын секiлдi. Немесе дiнi бөлек кәпiрдiң сыйынатын кiтабы рауайында. Бiздiңше, осы түсiнiктердiң екеуi де дұрыс емес. Егер үңiле қарай қалсақ, «Тәуратта» да түркi қауымының көне дәуiрлер тұңғиы­­ғын­дағы болмыс-тiршiлiгiнен сыр шертетiн парақтар жет­кiлiктi. Бiз бүгiн хал-қадерiмiз жеткенше солардың бiрнешеуiн сөз қылмақ ниеттемiз.

 

Бiрiншi парақ.

Қызыл теңiз бен қамысты су

Кез келген дiни кiтаптар iспеттi «Тәурат» та ғажайып жайт­тарға толы. Адам Ата мен Хауа ананың жаратылуы жайлы әңгiме,кейiн исламда дамытылған Жүсiп пен Зылиха секiлдi ғашықтар хикаясы, топан су әфсанасы, адамның қиялын шартарапқа қозғайтын оқиғалар легi осылай кете барады. Әсiресе, бiздiңше «Тәураттағы» ғажайыптар iнжуi – жебiрей жұрты Мұса пайғамбардың бастауымен Мысыр пер­­ғауы­­нының езгiсiнен қашып, Қызыл теңiзден өткен кезде болған оқиға сияқты. Иә, дәл сол Құдайдың кереметiмен өткел бер­­мес алып теңiздiң қақ айырылған сәтi туралы әйгiлi баян. Бұл оқиға жайында «Тәуратта» былай деп баян­да­лады: «Мұса болса қолдарын теңiзге қарата жайып жiберiп, Жаратқан ие болса шығыс желiмен теңiздi түнi бойы қуумен болды, теңiздi құрғаққа айналдырды; су керi шегiндi. Израиль балалары болса құрғақ арқылы теңiз ортасынан өте бастады; су болса олардың оң жағынан да, сол жағынан да биiк қабырға секiлдi болып төнiп тұрды» («Тәурат». Шы­ғу кiтабы. 14:21) Мiне, осы құрғақ жермен қашқын­дар­­дың соңын ала қуғыншы перғауын әскерлерi де ұмтыла бергенде, екi бөлiнiп тұрған теңiз қайта қосылып, оларды жермен-жексен қылған.

Шынында да адам сенгiсiз ғажайып оқиға. Егер себебiн бiлмесеңiз, бiр Тәңiрдiң кереметi деп мойындаудан басқа ел лажыңыз қалмайды. Рас, әлдекiм бұл жолдарды жебiрей балаларына тән асқақ ақындық шабыттың жемiсi дей салары да анық. Бiр-ақ ауыз сөз. Сосын ешқандай ғажайып болған жоқ деп нүкте қоюға да болады. Бiрақ солай ма?

Бүгiнгi ғылым «Тәураттағы» осы оқиғаға жауап табуға жан-жақты талпынуда. Ол жебiрей қауымы және Мысыр әскерiмен Қызыл теңiзде болған оқиғаны оған және одан кейiн болған оқиғалар тiзбегiмен байланыстыра отырып зерделейдi. Жауаптары да жоқ емес.

Егер «Тәураттың» беттерiне үңiлер болсақ, бұл кездерi жер бетiнде әр түрлi үрейлi оқиғалардың болғанын аңғарар едiк. Яғни, Жер-Ана төсiнде әлдебiр ғаламат табиғи, бәлкiм, бүкiләлемдiк апат болды деуге болады. Және ол бiрқанша уақытқа созылған. Қазiргi ғылым мұндай апат себебiн әлдебiр белгiсiз кометаның Жерге тым жақын қашықтықтан өтуi, оның Жер-Ана өрiсiне қатты әсерi, осы әсерден болған жер қойнауында және оның бетiнде жүрiп өткен табиғи бүлiншiлiктер арқылы түсiндiредi. Мiне, осы табиғи бүлiн­шi­лiктердiң бiрi босқын жебiрей халқының Қызыл теңiзден өтер тұсына тұспа-тұс келiп қалуы әбден мүмкiн. Өйткенi, Жер-Ана өз өрiсiнде байыз таба алмай теңселгенде теңiз­­дердiң де ары-берi лықси көшуi әбден кәдiк қой. Демек, теңiз­дiң табаны қандай да бiр уақытқа болмасын құрғап қала­­ды деген сөз. Осы құрғақтан жебiрей қауымы өте шы­ғып, қайта құлаған теңiздiң аранына Мысыр әскерi жұтылуы, мұны ендi тағдыр тәлкегiнiң iсi деуiмiз кереук. Осы бiр басқа халықтар үшiн нағыз тажал трагедиясының өзi болған оқиға, керiсiнше, жебiрей жұртының рухын көтерiп кеттi. Олардың санасында бiз Тәңiрiнiң өзiнiң таңдауы түскен халықпыз деген сенiм қалыптасты. Кешегi құл халық әп-сәтте ұлы халыққа айналып шыға келдi. Бiреуге бақ, бiреуге қасiрет деген осы да.

Дегенмен бiздiң «Тәураттағы» бұл оқиға туралы әңгiме қылудағы мақсатымыз – жебiрейдiң шынайы шежiресiн шеку емес, осы оқиғаның баба түркi тарихына қаншалықты қатысы барлығына зер салу.

Жоғарыдағы оқиға болған кездерi Қызыл теңiз қазiргiдей емес, Ям-суф (Г.В.Синило. «Древние литературы Ближнего Востока и мир Танаха», Минск, 1998, 219-бет) деп аталатын. Бүгiнгi қазақ тiлiне бұл атауды қамысты су немесе қамысты теңiз деп аударуға болады. Егер қазақтардың әлi күнге теңiз не көлдi үлкен су деп атай салатынын ескерсек, осы атаудан түркiлiк самалдың лебi есiп тұрғандай. «Ям» әлде «кам» сөзiнен қамыс атауын шығарып алу және қиын емес. Арада жатқан бiрнеше мыңжылдықты ескерсек, қамыстың о баста бiр буынды сөз ретiнде тек «қам» болып дыбысталған болуы шындықтан тым алыс кете қоймайды. Ал «суф»-тың кәдуiлгi су екендiгiне еш дау жоқ. Арыға бармай-ақ қояйық, көршi өзбек ағайында «су»-ыңыз «сув» делiнедi.

Иә, теңiз атауына байланысты байламымызды айтарына айтып алдық, ендi оны қандай да бiр деректермен болсын нақтылай аламыз ба? Ендi осы бағытта әрекеттенiп көрейiк.

Көне Мысыр тарихында Египеттi бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi II мыңжылдықтың ар жақ, бер жағында бiрнеше ғасыр билеген аму-гиксос деген белгiсiз халық туралы айтылады. Бiздiңше, осы аму-гиксостар қайсыбiр батыс тарихшылары жазып жүргендей араб не жебiрейлердiң арғы ата-бабалары емес, прототүркi, яғни баба түркiлер болуы керек.

«Гиксостар қайдан келдi? Бұл сауалға ғалымдардың жауабы әрқилы. Кейбiреулерi гиксостарды Миттанияның арий тектес халықтарына жатқызса, ендi бiреулерi оларды скифтер (сақтар) деп есептедi». (И.Великовский, «Эдип және Эхнатон», Дондағы Ростов, 1996, 78-бет). Мiне, осы жолдардың өзi-ақ бiздiң өз жорамалымызда жалғыз емес екенiмiздi аңғартады. Ал ендi бұл төңiректе «Тәурат» не дер екен, соған тоқталайық. Онда, бақташыларды төбесiне көтерген Амос пайғамбардың кi­­табында мынандай дерек бар: «Гиксостар патшасының есiмi Киан планета атауы: «Киюн... сiздiң құдайыңыздың жұлдызы» (Амос 5;26). Күн. Иә, кәдiмгi баба түркiлер Тәңiрi деп та­бынған алаулы Күн. Түркi перғауынының есiмi де Күн, Тәңi­рiнiң жұлдызы да Күн. Осының өзi-ақ сақ-түркiлердiң б.д.д. II-I мыңжылдықтарда-ақ Мысырға билiк жүргiзгенiн аңғартпай ма?

Иә, атақты қыпшақ Бейбарыс Мысырды билеген алғашқы түркi емес. Оның оған дейiн де жүздеген жылдар бұрын Мысырды билеген Күн деген құдiреттi бабасы дүниенi дүрлiктiрiп өткен.

Түркi жүрген жерде жер-су атауы да түркiлiк болмақ. Олай болса, Қызыл теңiздiң бiр кезгi атауы «Қам-су», яки «Қамысты су» немесе «Қамысты теңiз» аталған деген мұндай жорамалды да назардан шығарып тастай салуға еш болмайтын шығар.

 

Екiншi парақ.

Бүлiкшi перғауын мен Мұса пайғамбар

Дiн тарихы бiр Құдайға сиынуды (монотеизм) алғаш мемлекеттiк деңгейде енгiзбек болған жанкештi реформатор ретiнде Мысыр перғауыны IҮ Аменхотептi атайды. Ол халықты Амон-Юпитердiң орнына Атон-Күнге табынуға шақырды, оған арнап мадақ өлеңдер жазды.

Иммануил Великовский «Эдип және Эхнатон» кiтабында осы мысырлық перғауын мен грек мифологиясындағы Эдип туралы әфсананы байланыстыруға тырысады. Автордың пiкiрiнше, грек аңызындағы Эдиптiң прототипi – ешқандай да грек патшазадасы емес, кейiн Эхнатон есiмiн алған дәл осы Мысыр перғауынының нақ өзi. Ғалым Эдип жұмбағын шешетiн сфинкстiң грек топырағына еш қатысы жоқтығын, керiсiнше, оның Мысыр пирамидаларымен тiкелей байланысын айта келе, Мысыр жазбаларына ой жүгiрте отырып, Эдип пен Эхнатон тағдырының ұқсастығына көптеген дәлел-дәйектер келтiредi. Қысқаша тоқтала кетсек, бұл дәлел-дәйектер мынадай:

1. Әкесi III Амонхотеп отбасымен бедерленген суреттерде бала Эхнатонның бейнесi бiрде-бiр рет кездеспейдi. Демек, егер сарай суретшiлерiнiң тек нақты жайтты салатынын ескерсек, жас кезiнде болашақ перғауын сарайда болмаған болып шығады. Шамасы, әкесiнiң кәрiне ұшыраған ол жат жерде тәрбиеленсе керек. Ғалым жат жер ретiнде бүгiнгi Иран территориясында болған арийлер мемлекетi Миттанияны атайды. Осыған ұқсас халдi грек аңызындағы Эдип те басынан кешiредi.

2. Егер бала әкесiнiң қаһарына ұшыраған болса, оның қандай да бiр себебi болуға тиiс. Мысалы, әке мен баланың арасын «Эдип патша» мифiндегiдей көрiпкелдiң болжамы ушықтыруы мүмкiн. Қысқасы, «Балаңыз өзiңiздi өлтiрiп, тағыңызды тартып алады, кейiн өз анасымен төсектес болып күнәға батады» деген сарындағы көрiпкелдiк баланың тағдырын қыршынынан қиып жiберуi мүмкiн-дi. Осындай көрiпкелдiк грек аңызында да бар. Көрiпкел ретiнде абыз Тиресий сөз алады.

3. Әрине, перғауын әке құлақ асатын көрiпкелдiктi тек Амон ғибадатханасының беделдi абызы ғана жасай алады. Ал бұл баланың жүрегiнде Амон абызы ғана емес, Амон сезiмiне деген де қарсылықтың орын алуына себепшi болмақ. Кейiн таққа отырған Эхнатонның Амон абыздарын қудалап, Атон-Күнге табынуды енгiзбек болғанының психологиялық себебi осындай. Ал грек аңызында көне культтiң символы iспеттес сфинкс жасырған жұмбағы шешiлгеннен кейiн биiктен құлап өледi. Эхнатон болса таққа отырғасын Амон ғибадатханаларын қиратқан.

4. Әке мен бала арасындағы өкпелесу де аяқсыз қалған жоқ. Таққа отыра салысымен Эхнатон әкесiнiң есiмiн барлық ескерткiш жазбалардан өшiрткiзiп тастауға бұйрық бередi. Ал бұл көне мысырлықтың ұғымында марқұмның рухын қоса өлтiру болып табылады. Осындай оқиға грек аңызында да бар. Қайта оралған Эдип өз әкесiн аңсызда өлтiрiп қояды.

5. Эдип есiмi грекшеден «iсiнген аяқ» деп аударылады. Бүгiнге жеткен Эхнатон суреттерiнен де оның аяғы қалыптағыдай емес, бiршама iсiк екенiн аңғарамыз.

6. Егер Эхнатонның қыздай алған қосағы Нефертити алғаш үйленгенде жүктi болып, бала көтеруге тым балғын екенiн ескерсек, суреттердегi Эхнатонның үлкен қызын оның өз шешесiнен сүйген нәрестесi деуге болады. Өйткенi, өзiне жасы жағынан жете қабыл сәбидi Нефертитидiң дүниеге келтiруi еш мүмкiн емес. Грек аңызында да осындай оқиға, ана мен баланың жақындасуы етек алады.

Қысқасы, Великовскийдi өз болжамын, яғни Эдип пен Эхнатонның бiр адам екенiн қисынды дәлелдей алған деймiз. Әйтсе де, бiздiң назар аударғымыз келетiнi – Эдип пен Эхнатон тағдырындағы бұл ұқсастықтар емес, Эхнатонның Күнге табыну культiн Египетке арийлер елi – Миттаниядан әкелуi. Арийледiң Кiшi Азия, Үндiстан мен Еуропаға Қазақ даласынан ауғанын ескерсек, баба түркiлер табынған Күн Тәңiрi мен Мысыр перғауыны дәрiп­­те­ген Атон – Күн Құдайы арасында қандай да бiр бай­ланыс бар екенiн аңғарғандаймыз. Ал қайсыбiр бастаухат көз­дерi Мұса пайғамбарды осы Эхнатон патшаның са­райында тәрбиеленген таза мысырлық едi деген деректердi алға тартады. Тiптi жебiрейлердi туған жерiне қайта бастап шық­қан Мұса пайғамбарды реформасы iске аспай тағынан тайдырылған, жергiлiктi абыздар тарапынан қудалауға ұшыраған Эхнатон перғауынның өзi едi деген де әңгiме бар (Н.В.Синило, «Древние литературы Ближнего Востока и мир Танаха», Минск, 1998, 216-бет ). Егер Эхнатон перғауынның зираты әлi күнге табылмағанын ескерсек, бұл әңгiменiң де әбден жаны бар болуы мүмкiн. Сосын «Тәураттың» өзi де Мұсаның перғауын сарайында тәрбиеленгенiн еш жоққа шығармайды ғой. Иә, сол Мысыр перғауыны күннен күнге көбейiп бара жатқан жебiрей отбасында дүниеге келген еркек кiндiк жас сәбилердiң бәрi өлтiрiлсiн деген бұйрық шығарып, Мұсаны босанған анасының оны өлiмнен қалайда алып қалу үшiн себетке салып суға ағызып жiберуi, оны Мысыр ханшасының тауып алып, болашақ пайғамбардың перғауын сарайында тәрбиеленуi жайлы тәураттық хикаяны айтамыз.

Қалай дегенмен де Эхнатон Күн құдайы мен Мұса монотеизмiнiң арасында қандай да бiр болсын нәзiк байланыс бар. Бәлкiм, бұл байланыс баба түркiнiң Күн Тәңiрi арқылы көрiнiс табатын болар. «Тәуратқа» Мысыр тарихы тарапынан зерде сәулесiн түсiрiп көргенде баба түркi өткенiне қатысты осындай бiр оқиғаның сұлбасын байқағандаймыз. Расында да Эхнатон табынған шашақты күн дискiсiмен бiздiң Даладағы жартастарда кездесетiн Киелi Күн символы бейнелерiнiң арасында қандай айырмашылық болуы мүмкiн?

 

Үшiншi парақ.

Жебiрей Құдайы мен қасқыр тотемi

Жебiрей қауымы Мұса пайғамбардың бастауымен Мысыр құлдығынан қашып шыққаннан кейiнгi ғажайыптер легi оларға Қызыл теңiздiң қақ айырылып жол беруiмен ғана аяқталған жоқ. Жоғарыда айтқандай, бұл кездерi үрейлi, қорқынышты оқиғалар өте көп болды. Өз өрiсiнiң шеңберiнде белгiсiз кометамен арбасып қалған Жер-Ананың құрсағы тынымсыз ыңыранып жатты. Жер сiлкiнiп, таулар жалын атқылады, көктен метеориттер жауды. «Израиль халқы Египеттен шыққанда... Теңiз құрғап, керi қашты... Таулар қойдай, төбелер қозыдай секiрдi... Жаратқанның жанарында Жер теңселдi...» («Тәурат», Псалтирь 113: 1-7). Иә, мұндай орасан апатты жер бетiндегi басқа халықтардың да бiлмей қалуы мүмкiн емес. Осы кездердегi оқиғалар жайлы Египеттiң Ипувер папирусында: «О, жер күркiреуiн тоқтатып, тыныштық тезiрек орнаса екен»,– делiнедi. Бұл кездегi жайттар туралы өзге халықтардың аңыз-әңгiмелерiнде де естелiктер жетерлiк.

Мiне, Жер-Анаға қатерлi қауiп төнген осындай қорқынышты күндердiң бiрiнде босқын жебiрей қауымы Синай тауына таяп қалған-ды. Дәл осы жерде оларға жаратқанның он өсиетiн есту бақыты бұйырған болатын. Жаратқанның дауысы естiлдi-мiс делiнетiн осы тұсты «Тәурат» былай деп суреттейдi: «Жа­ратқан от болып түскеннен кейiн, бүкiл Синай тауы түтiндеп тұр­ды, төңiректе қазаннан шыққан түтiн секiлдi қою түтiн бу­дақтады, бүкiл тау қатты теңселдi» («Тәурат», Шығу кiтабi, 19:18). Иә, бұл суреттеу Жаратқанның жерге түсуiнен көрi, кә­дуiлгi табиғи апаттан көбiрек мағлұмат бередi. Шамасы, Си­най тауына басқа да ұсақ метеориттермен бiрге кометамен iлесе жүретiн iрi метеориттердiң бiрi құлаған болса керек. Мұн­дай жағдайда зiлзала болып, Жер-Ананың қойнауынан уiлдеген қуатты дыбыстардың шығатыны да ақиқат. Мiне, «Тәураттың» баяндауында, осындай дыбыс үздiк-создық он рет қайталанған секiлдi. Қызыл теңiзден өту хикаясын жа­­рат­­қанның шапағатымен болды деп ырымдаған халыққа дәл осы он дыбыс Жаратқанның өздерiне берiп жатқан өсиетiндей бо­лып ұғынылуы да кәдiк. Бiздiңше, Синай тауында Мұса пай­ғамбар Жаратқаннан алды деп есептелiнетiн атақты он өсиет­тiң ақиқи тарихы осындай. Басқалай болуы еш мүмкiн емес.

Көне жебiрей аңызында осы оқиға туралы мынандай жолдар бар: «Тек Израиль емес, әлемнiң барлық ха­лық­тары есiттi. Жаратқан дауысы барлығына түсiнiктi бо­ла­тындай етiлiп адамзаттың жетпiс тiлiнде дыбысталды... Оны естiгенде пұтқа табынушылардың жандары қорыққандарынан кеуделерiнен шыбындай шырқырап ұшты». И.Великовский Гинзбургтiң «Аңыздар» кiтабынан осындай дерек келтiредi (И.Великовский, «Столкновение миров», Дондағы Ростов, 1996, 112-бет).

Жебiрей аңызы осы бiр кездерi расында да әлемдiк апат­­тың орын алғанына мегзеп тұр. Әйтпесе, шыбындай қырыл­­ған өзге халықтар жайлы әңгiме болмас едi ғой. Ал осы бiр «адам­­­заттың жетпiс тiлiнде дауысталған өсиеттер» жай­­лы оқи­­ғаға куә болған өзге халықтар, оның iшiнде бiздiң баба түр­кiлер не дейдi екен? Бабалар мұрасынан осы оқиғаға бай­ланысты қандай да бiр қатпар-сiлемдi ұшырата аламыз ба? Бiздiңше, бұл сауалдың жауабын табуға болатын секiлдi. Пайымымызда жауаптың кiлтi қасқыр тотемiне қатысты мифте жазылуға тиiс.

Көне түркiлер өздерiн қаншық қасқыр мен баланың некесiнен таратады. Аңыз нұсқасы бiрнешеу. Бiрiнде бiр ұлыс елдi қапияда жау қолы шауып қанды қырғынға ұшыратса, ендi бiрiнде баба түркiлердiң басына нендей зұлмат төнгендiгiнiң себебi ашық айтылмайды. Ойымызша, ақиқатқа жақыны осы екiншi нұсқа. Ал баба түркiлердi қырғынға ұшыратқан оқиға жаңағы «он өсиет» түсетiн кездегi ғарыштан келген табиғи һәм әлемдiк масштабтағы апаттар едi. Жер-Ананың белгiсiз кометамен арбасып, өз өрiсiнде теңселе ыңыранғанын өзге «жетпiс халықпен» бiрге баба түркiлер де естiдi. Бiрақ олар бұл ыңыранған дыбыстарды жаратқанның он өсиетi деп қабылдаған жоқ, табиғаттың еркiн ұлдарына тән болмыстарымен Жер қойнауынан шыққан күңiренген уiлдердi қасқырдың ұлуына ұқсатып жiбердi. Иә, расында да басына қиын-қыстау сын сағаты туғанда Жер-Ана шығарған дыбыстар осы бiр тектi аңның ұлығанда шығаратын дыбыстарына тым жақын болатын. Нәтижесiнде прототүркiлiк ақындық шабыт қасқыр-ана мен бала-бабаның некесiнен тараған жаңа бiр халық жайлы әдемi әфсананы дүниеге келтiрдi. Қасқыр-ананың Тәңiрi деңгейiне көтерiлмей, тотем сипатында ғана қалып қоюына, бәлкiм, бұл кездерi баба түркiлердiң жебiрейлер ендi ғана қол жеткiзген бiр Тәңiрге (монотеизм) сыйынуы кедергi жасаған шығар. Қалай дегенмен де, Жердiң ғаламдық қақтығыстан аман қалуына куә болған прототүркiлер осы бiр ғаламдық ерлiкке мәндi де мағыналы рухани ескерткiш қоя бiлдi. Бүгiн қасқыр тотемiнiң тасасында Жер-Ана, оның өз ұлдарына берерi шексiз мейiрбанды табиғаты жасырулы деуiмiзге әбден болады. Өйткенi, баба түркiлер осы бiр алапат тұста тiршiлiгiн ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруға тағы да бiр мүмкiндiк алғаны үшiн тiкелей Жер-Анаға борыштар екендiктерiн жақсы түйсiндi.

Рас, әлдекiмнiң қасқыр мифiн Синай тауындағы оқиғамен қиыстырудың еш қисыны жоқ деуi мүмкiн. Бiз оларға «жетпiс тiлде адамзат баласын түскен өсиеттiң» тағы бiр түсiндiрмесiн, үндiстердiң снохимиш тайпасынан жазылып алынған аңызды жауап ретiнде ұсынамыз. Онда: «Бағзы бiр замандарда Аспан Жерге төнiп тұрған екен. Адамдардың бел жазып, тiк жүруi қиын болыпты. Ал бұлай ұзаққа бару мүмкiн емес. Мiне, осындай бiр қиын күндерi бiрқанша ақсақал бас қосып кеңес құрады. Олар әлемнiң бар түкпiрiндегi халықтар бiр мезгiлде «ау-ау» деп айқайласын, сонда Аспан көтерiледi деген тоқтамға келедi. Осы шешiмдi жеткiзу үшiн жан-жаққа хабаршылар аттандырылады. Осылайша, бүкiл адамзат бiр мезгiлде «ау-ау» деп айқайлауының нәтижесiнде, Аспан бүгiнгi биiгiне көтерiлiп, адамдар бой жазып, еркiн жүре алатын болыпты. Бақытты өмiр кеше бастаппыз. Қазiр адамзат бiрлiгiнiң қуатын көрсететiн осы күндердiң естелiгi ретiнде, әлi күнге каноэ ескенде «ау-ау» деп айқайлаймыз»,– деп баяндалады. Мұндағы «ау» сөзiнiң тарихы да қасқыр тотемiне қатысты мифтi еске түсiретiнiне дау жоқ.

Сондай-ақ жебiрей Құдайының бiр кездердегi аталуы қазiргiдей Яхве емес, Яо, Ио немесе Яу, бәлкiм, Ау болғаны туралы да деректер бар («Тәурат», Псалтирь:67). Бұған қоса Мұсаның он өсиеттi Яо, бәлкiм, Яу-Ау деп аталатын Тәңiрден алғанын көне тарихшы Диодор да жазған көрiнедi.

Иә, «Тәуратта» жұмбағын шешудi күтiп жатқан ғажайып оқиғалар көп. Олардың қайсыбiрi тiкелей не жанама түрде түркi тарихымен де байланысып жатады. Бiз бүгiн солардың бiрнешеуiне ғана тоқтала алдық. Әйтсе де, осы азғантай әңгiмемiздiң өзi-ақ «Тәураттың» бүкiл адамзатқа ортақ баға жетпес шын жауһар жәдiгер екенiне дәлел бола алады ғой деп ойлаймыз.

2005 жыл.

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу: