Тәуелсіздікке жол салған тарихи құжат

25 Қазан, 12:40 499

Республика күнінің ең басты белгісі 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация екені мәлім. Еліміз бұл тарихи құжат арқылы толық тәуелсіздікке жетер жолдағы алғашқы қадамын жасаған еді.  

1980 жылдардың аяғында коммунизм құруға талпынған 15 республикадан құралған «СССР» атты алып мемлекетте саяси-экономикалық дағдарыс өршіп тұрды. Бұл бұрыннан-ақ іріп-шіріп, енді іргесі сөгілуге шақ қалған держава еді. Енді соның іріңі алына бастаған. Оған осы КСРО-ның соңғы басшысы Михаил Горбачев жариялаған қайта құру мен жариялылықтың септігі тигені анық. Іле кейбір республикаларда ірі бас көтерулер қылаң берді. Олардың бастапқысы – 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы. Бүгінде сол кездегі жалынды жастарды Қазақстанның тәуелсіздігіне жол салды деп еш күмәнсіз айта аламыз.

Мәскеу сонда да кеңестер одағын 1990 жылға дейін ілдалдалап ұстап келді. Ал одан әрі бұл мүмкін емес еді. Осы жылы КСРО құрамынан Балтық жағалауындағы үш ел (Литва, Латвия және Эстония) шығып кетті. Енді ұрыста тұрыс жоқ. Елдер егемендігін (суверенитет) бұған дейін де жариялап жатқан. Ал Қазақ КСР-інің кезегі қазанға дөп келді. Осы айдың 25-іне Жоғарғы кеңесте Мемлекеттік егемендік туралы декларация қызу талқыға түсті.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы осы аса маңызды тарихи оқиғаның куәсі болған. Оның айтуынша, сол кезде Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңесіндегі 360 депутаттың 53 пайызы ғана қазақ болыпты. Қоғам қайраткері жақында «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясында өткен Республика күнінің маңызы мен мәні жайындағы дөңгелек үстелде аталған декларацияны талқылау барысында қызу талас-тартыс жүргенін есіне алды. 

«Егемендікке қарсы кейбір депутаттар арасында «Біз одақтан айырылмайық, Ресеймен бірге болуымыз керек» деп тұрып алғандары да бар. Олардың бұл пікірі мен талабы қоғам дамуына қайшы екені бірден байқалды. Өйткені Ресейдің өзі бізден бұрын мемлекеттік егемендігін жариялап, Михаил Горбачев отырған Кремльге бағынбай, бөлініп кеткен. Сонда біз қалайша Ресеймен бірге болуымыз керек? Артынан жүгіруіміз керек пе еді?» – дейді Оралбай Әбдікәрімұлы.

Расымен де, қызық болғанда, КСРО-ның негізгі тірегі саналатын Ресей КФСР-інің өзі қирай бастаған алып құрылымнан басын ала қашып, іргесін аулақ салуға қамданып, сол 1990 жылдың 12 маусымында егемендігін жариялап қойған еді. Ал Қазақстан әлі кеңестер одағына, соның заңдарына бағынып отырды.  

Ол кезде кеңес одағының заңдары оның құрамындағы республикалардың бәріне қатысты болатын. Әрине, олардың бөлек заңдары да бар-тын. Мысалы, Қылмыстық кодекс. Бірақ Мәскеудің шешімдері және заңдары біздерге үстем еді. Айталық, өзіміздің сыртқы істер министрлігіміз болған жоқ. Ал жеке саясат, жеке сыртқы саясат деген егемендіктің көрсеткіштерінің бірі ғой. Солар бізде болған жоқ. Әскеріміз кеңес одағының қорғаныс министрлігіне бағынып, бізде тек округтар ғана болатын. Ортаазиялық әскери округ дегендей, – дейді саясаттанушы, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев.

Ал Оралбай Әбдікәрімұлының айтуынша, Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдануы үшін кемінде 75 пайыз дауыс жиналуға тиіс болған. Бірақ мынадай талас-тартыс жүріп жатқанда жағдай өте қиын еді. 360 депутаттың кем дегенде 270-ін ортақ мәмілеге келтіру оңай емес, әрине. Ел үшін, жер үшін, азаттық үшін деп, қаншама тер төгіп дайындалған декларацияның ту-талақайын шығарып, жаратпай тастаса, ол да сұмдық.

Осы тарихи маңызды құжатты әзірлеуге атсалысқандардың бірі – академик Салық Зиманов бір естелігінде сол шақтарда Жоғарғы кеңес ғимаратының сыртында да текетірес болғанын айтады. Ол қарапайым халық арасында қылаң берген еді. Ғимарат алдына түрлі наразы топтар жиналған. Егемендікті бірі қолдаса, бірі қолдамайды. Қолдаушылар плакаттарына «Қазақстан тәуелсіздігін неге жарияламайды?» деген сияқты ұрандар жазып алған. Ал «Единство» тәрізді қоғамдар еліміздің егемендік алуына жата қалып қарсылық білдірді.

Осы жерде декларацияны дайындауға қатысқан, тәуелсіздігімізді заңдық, конституциялық тұрғыдан бекітуге өлшеусіз үлес қосқан мүйізі қарағайдай басқа да қайраткерлерімізді атай кеткен жөн. Олар – тағы да академиктер, заң ғылымдарының докторлары, профессорлар Сұлтан Сартаев, Жабайхан Әбділдин, Ғайрат Сапарғалиев, Мұрат Баймаханов. Бұл кісілер декларацияны жәй дайындап қана қойған жоқ, егемендік туралы өздері мәселе көтеріп, осы іске жанын сала кірісті. Жоғарғы кеңесте де құжаттың еліміз үшін маңызды екенін депутаттарға керемет ұғындыра біліп, қорғап қалды. Сөйтіп, ақырында егемендік декларациямыз басым дауыспен қабылданды.

Бұл біздің дербес ел болуға жасаған алғашқы қадамымыз еді. Өйткені аталған декларация бойынша егемен мемлекетке негіз бола алатын қағидалар ретінде мыналар аталған: біртұтас мемлекет, бірлік, аумақтың бөлінбеуі және оған қол сұқпау. Әрине, қазақ халқының тілін, төл мәдениеті мен дәстүрін дамыту, түрлі ұлттардың өзара татулығы дегендер де бар. Қазіргі Ата заңымыздың басты қағидаларына келеді.

Осыдан кейін өз әскеріміз құрыла бастады. Ішкі-сыртқы саясатымызды өзіміз шешетін болдық. Өйткені бұның бәрі аталған құжатта қамтылған. Яғни онда егемен елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу жайы қарастырылады. Сондай-ақ декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі негіздері бекітілген. Бұл – аумағымыз бен шекарамызды өзіміз белгілейміз деген сөз. Әрине, көрші елдермен арадағы екіжақты келісімдер арқылы. Ал Президент мемлекет басшысы болып танылды.

Талғат Қалиевтің ойынша, қазақ елінің бұл шешімі КСРО-ның одан әрі күйрей түсуіне алып келді.

Біздің елдің аумақ көлемі жағынан кеңес одағындағы екінші республика болғанын ұмытпайық. Жалпы, Қазақстан, Ресей, Беларусь және Украина бүкіл одақтың экономикалық әлеуетінің 80 пайызын құрап тұрды. Яғни бұл жерде Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдауы КСРО-ның одан сайын күйреуін білдірген еді, – дейді саясаттанушы.

Айта берсек, аталған құжатта еліміздің мүддесін қорғайтын көп жайттар қарастырылған. Оның басты жетістігі – Қазақ КСР-і заңдарының КСРО заңдарынан жоғары тұратыны. Онда жер және оның қойнауы, су, өсімдік және жан-жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи құндылықтары, бүкіл экономикалық және ғылыми-техникалық әлеует республика негізі саналатыны әрі соның меншігі болатыны көрсетілген. Сондай-ақ КСРО-ның бүкілодақтық мүлкінен, соның ішіндегі алмас, валюта және алтын қорларынан үлеске иелік ететініміз туралы айтылады.     

Бұл қырғыз елінен басқалардың бәрі егемендік декларациясын қабылдап қойған кез еді. Олар егемендігін желтоқсан айында жариялады.

Ал Мәскеу бұдан кейін де тыныш болған жоқ. Орталықтағы кейбір жоғары лауазымды жолдастар күні өтіп бара жатқан кеңестер одағын бұрынғы қалпынша сақтап қалуға әлі де тыраштанып жатты. Бұл 1991 жылғы тамыз оқиғасына әкеп соққаны тарихтан мәлім. Ол кезде, әсіресе, күштік құрылымдардың басшылары КСРО президенті Михаил Горбачевті өз беттерінше қызметінен шеттетіп, жаңа одақтық шартқа қол қоюға кедергі келтіруге тырысты. Бірақ мемлекеттік төңкеріс жасағысы келген олардың бұл әрекетінен түк шықпады. Қайта кеңестер одағы одан сайын ыдырай түсті. Содан төрт айдан кейін басқалар сияқты Қазақстан үшін де тәуелсіздіктің таңы атты.     

Бүгінде арасы екі айға жуық болатын Республика күні мен Тәуелсіздік күнін бір-бірінен артық не кем санауға болмайды. Біз үшін екеуі де – ұлық мейрам. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 16 маусымда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында 13 жыл бойы аталып өтпеген Республика күнін қалпына келтіруді ұсына отырып, осы жайтқа ерекше мән берген болатын.

Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деген еді сол кезде Мемлекет басшысы.

Президенттің бұл сөзі осы ретте болуы мүмкін түсінбестіктерге о баста нүкте қойғандай. Яғни қос мейрамды да қастерлеу абзал. Біз үшін 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация мен 1991 жылдың 16 желтоқсанында осы декларацияның қағидалары негізінде қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның құндылықтары бірдей болуға тиіс.

Оразәлі Баймұрат
Бөлісу: