Тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық өнер тақырыбының жазылуы деңгейі қандай болды?

2 Қыркүйек 2017, 12:19 6564

Өнер тақырыбы қаншалықты жазылды?

Қазақ елінің мәдени ордасы – Астана қаласында ұлттық өнер қаншалықты насихатталып жатыр? Қандай деңгейде? Еліміз тәуелсіздік алған тұстан бастап көптеген кітаптар мен баспа өнімдерінің жарық көруіне, көптеп басылып шығуына, мыңдаған данамен оқырман қолына жеткізілуіне мол жағдай жасалды.

Қазақстан жас мемлекет болғандықтан, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу үшін қазақ өнерінің саны мен сапасына назар аудару қажеттігі күн сайын артып келе жатыр. Жастарға ұлттық тәрбие беруде, өз елінің патриоты болуға бейімдеуде төл мәдениеттің рөлі зор. Шынайы өнерді жасап, елге паш ететін – қазақ деп жүрегі соғатын ұлт азаматтары. Олардың бойында ең біріншіден – ұлтқа деген сүйіспеншілігі, отансүйгіштігі, елге деген ерекше махаббаты және қазақ мәдениеті мен әдет-ғұрпына деген сыйластығы бәрінен де жоғары тұруы хақ. Әрине, өнерге қатысты шығып жатқан кітаптардың жартсынан көбі сынға ұшырап жатады. Бұл ретте белгілі ғалым, Д.Ысқақұлы: «Сынның міндеті – осы нақтылы деректі идеямен емес, басқа бір дерекпен салыстырып, теңдестіруі тиіс, сында екі деректің екеуі де мүмкіндігінше дәл зерттелуі қажет және бұл нақтылы деректер, бір-біріне қарағанда, дамудың түрлі кезеңдерін көрсететін болуы қажет, оның бер жағында, әсіресе, тұрмыстағы, бізге белгілі қалыптар түгелімен, олардың сабақтастығы және дамудың түрлі сатыларының арасындағы байланыс нақ осылай дәлдікпен зерттелуі қажет», – деген болатын. Әр халықтың фольклоры ұлттық төл өнерінің шеңберінде өзіндік және айқын білдірілген этникалық өзгешелікпен, аумақтық және жергілікті стильдік үлгімен ерекшеленеді. Демек, бүгінгі таңда ұлттық өнерге қатысты сын пікірдің мүмкін аздығы шығар, кітаптар аз шығуда. Бұл мүлдем дұрыс емес. Себебі, ұлттық бояуға қанық ұрпақ қана болашақта биікке жетеді. Ал, егер өзіміздің төл өнеріміз ақсаңдап артта қала берсе, өскелең ұрпақ та ұлттық өнерге қатысты көп дүниелерден, танымдығы мол жайттардан кенде боп қалмақ.

Дей тұрғанмен, ұлттық өнерге қатысты кітаптардың едәуір бөлігі бүгінде көптеген тираждармен жарық көріп жатыр. Бұл да ұлттық өнерге деген сұраныстың артуын, халық арасында жоғары сұранысқа ие бола бастағанының айқын көрінісі. Кеңестік үкіметтен қалған «Өнер», «Жазушы», «Рауан» сияқты алпауыт баспалар өздерінің өнімдерін жақсы жолға қойған болатын. Сондай-ақ, атап айтар болсақ, қазақ жеріндегі төл өнімдердің қалыптасуы мен өзіндік даму жолы ретінде көптеген басылымдардың пайда болуына ықпал етті. Қазіргі ұлттық өнер тақырыбында бірқатар шығаратын баспа орындарын атап айтсақ, олар: «Фолиант» пен «Елорда» баспалары. Нарықтық талаптардың қатты сұранысына сәйкес қай баспа мол өнім шығарар болса, сол баспаның имиджі де, халық арасындағы атағы да барынша танымал болмақ. 1979 жылы Алматыдағы белді «Өнер» баспасынан шыққан «Қазақстан өнері» деген кітапты атап өтпеске болмайды. Ұлтқа қатысты құнды дүниелер, көпке мәлім болмай қалған әдет-ғұрыптар, ұмытыла бастаған салт-дәстүрдің қайта жаңғыруы мұнда айқын байқалады. Автор өз тарапынан барынша іздеу жұмыстарын жүргізе білген. Әрбір өнер түріне, оның ішінде: зергерлік, қолөнерлік, шеберлік өнерге көптеп мән бере отырып, оқырман қауымға тиісінше жеткізе білген. Әсіресе, грамматикалық сауаттылық пен редактуралық шеберлік мықтап сезіледі. Бүгінде нарықтық заманда сауаттылық та барынша рөл атқарады.

Мәселен, талғамы жоғары оқырман әр кезде де сауаттылық деңгейі жоғары баспа өнімдерін іздеуге құмартады. Тілге тиек етіп отырған мәселе бүгінде кітап өнімдеріне қатысты айтылып отыр. Нарықтық заманның қыспағынан көптеген баспалар тапшылық пен үнемдеушілікті алдыңғы шепке қойып жатады. Соның кесірінен барынша сауатты әрі мықты жазылған кітаптар аз шығады, жасыратыны жоқ, тіпті кей жағдайда мұндай кітаптардың өтімділігі аз болып жатады, себебі сұраныс деңгейі төмендеу. Елордалық баспалардың кітаптары тәуелсіздікті енді алған жылдары табысты кітаптардың бірі ретінде жоғары сұранысқа ие болғаны анық. Және бір атап өтерлік жайт – ұлттық өнерге қатысты шығып жатқан кітаптарға өнертанушылар мен мәдениеттанушылардың редакторлық етуі, қолжазба процесінен бастап, дайын өнім болғанға дейін тікелей жауапкершілік жасауы. Себебі, әдеби редактор кітаптың барынша түсінікті, оқырманға ұғынықты болуын қадағалап отырғанымен, өнерге, мәдениетке қатысты кейбір терминологиялардың шығу төркінін және сын-пікірлерді ескере бермейтіні анық. Сол себепті өнерге қатысты кітаптар шығар кезде міндетті түрде рецензенттер мен қосымша автор-редакторлардың сүзгісінен өткені дұрыс әрі әлдеқайда өнердің түр-түрінен көптеген мағлұмат береді. Кітап жәрмеңкесі баспа ісін дамытуда ерекше рөлге ие іс-шара. Егер мұндай шара жиі өткізілетін болса, Қазақстанның кітап бизнесі ерекше қарқынмен өркендейтіні айдан анық.

Өкінішке орай, бұл мәселе тәуелсіздік жылдарында ұмыт қалды деуге де болады. Оны ұйымдастыруға тиісті мемлекеттік мекемелер өз істеріне немқұрайлылықпен қарағандықтан әрі баспалар бұл тұрғыда кешенді жұмыс жүргізбегендіктен, жәрмеңке мәселесі кейінге сырылумен келеді. Шындығына келгенде, кітап жәрмеңкесі екі түрлі өзекті мәселені шешуге жол ашады. Біріншіден, баспалардың өтпей жатқан кітаптары едәуір дәрежеде сатылады. Екіншіден, белгісіздеу болып келген, жұмысы жүйелі жолға қойылған шағын баспалар оқырмандарға танылу мүмкіндігіне ие болады. Әдетте, жәрмеңке ұйымдастырылғанда, онда жазушылар қатыстырылып, өз кітаптарына қолтаңба жазып оқырмандарына ұсынады. Мұның өзі автор-оқырман байланысын орнатудың бір көпірі. Жарнаманы ойластыру немесе жарнамалық компанияны ұйымдастыру белгілі бір мақсатта алға қойса, жақсы ұйымдастырылады. Бұл жерде басты мақсатты айқындап алу өте маңызды. Әдетте, кез-келген коммерциялық құрылымның мақсаты – пайдаға кенелу. Фирманың ол мақсаты басты маркетингтік мақсатпен ұласады, яғни өндірілген тауарларды көбірек сату. Жарнама осы маркетингтік мақсатты орындауда ерекше рөл атқарады. Тауардың көбірек сатылуына мұрындық болады. Сөйтіп, жарнама өз қызметін атқарады және тұтынушыларға әсерін тигізеді. Жарнамалық компания сатушы мен сатып алушының арасында тиімді байланысты орнатуды мақсат етіп қояды.

Өйткені алға нақты мақсат пен міндет қою кез-келген қызметтің басқару ісіндегі маңызды тетік болып табылады. Бұл тұрғыда жарнамалық бизнес те шет қалмайды. Фирма басшылары, маркетинг және жарнама бөлімдерінің менеджерлері жарнамалаудың мақсатын айқындайды. Сөйтіп сатудың көлемін арттыру, фирманың даңқын шығару ойластырылады. Тауарды жарнамалау мынандай мақсаттарды көздейді: сатылым көлемін ұлғайту, тауар өткізілетін «нүктелерді» кеңейту, жаңадан тұтынушыларды тарту. Жарнамалық компанияның негізгі мақсаты – фирманың жағымды келбетін қалыптастыру. Жарнаманың немесе жарнамалық компанияның мақсатын айқындауда тауарлардың әртүрлі категорияларының болуы едәуір рөл атқарады. Жалпы халық тұтынатын тауарлар өткізу мен өндірістік тауарларды өткізудің ұқсастықтары көп. Алайда, олар тұтынушыларға әртүрлі әсер етеді. Кейде жарнама өнімнің құнын айқындайтын құрал болып та көрінеді. Кітап басу ісіндегі жарнаманың мәніне және оның қаншалықты қажеттігіне қысқаша тоқталайық. Өйткені басқа да әртүрлі тауарлар тәрізді кітап жарнамаға мейлінше мұқтаж. Оқырмандардың белгілі бір кітаптың шыққандығынан хабардар болуы үшін ол туралы, ең болмағанда, шағын хабарландырудың болуы мейлінше қажет. Бұқаралық ақпарат құралдарының кейбіреулерінен белгілі бір кітаптың шыққандығы туралы оқитын сәттеріміз болады. Кейде жекелеген рецензиялар жарияланып жатады. Бұл да кітап жарнамасының бір түрі. Нарықтық заман түсінігінде жарнама дегеніміз – белгілі бір тауардың шыққандығы, оның артықшылықтары туралы күнделікті басылымдарда шыққан немесе теледидар мен радиодан берілген хабарлама сипатындағы мәтіндер. Ондағы мақсат «жарнама объектісінің» көпшілікке кеңінен белгілі болуы. Бұл арада объективтілік пен нақтылық, шыншылдық пен этикалық сипаттардың, қажетті ақпараттың болуы мен оның дұрыс берілуі. Бұл арада белгілі бір адресатқа нақты бағытталуының да өзіндік мәні бар. Жарнамалық мәтінді жазуда көптеген жайттар ескерілуі тиіс. Әсіресе, тіл байлығы молынан қолданылып, тиімді композициялық құрылым болғаны жөн. Жұртшылыққа әсер етуінің психологиялық сәттері де назардан тыс қалмағаны жөн. Өйткені, жарнамалық мәтіннің оқылуы да ерекше. Себебі, жарнама халықтың тұшымын қалыптастыру мен тәрбиелеуге әсерін тигізіп, олардың ойлау мәдениетін көтереді. Сонымен қатар, жарнаманың сөз болып отырған объекті жайындағы білімнің кеңеюіне әсерін тигізетін ағартушылық сипаты бар. Баспа ісін басқаруда ақпараттық қамтамасыз етудің мәні зор. Кез-келген баспа өз өнімдерінің оқырмандарға кеңінен таралуына мүдделі. Осы орайда кітап шығару мекемесі өздерінің өнімдері туралы ақпаратты кез-келген тәсілмен көпшілікке жеткізуге талпынады. Сонымен қатар, баспа өзінің экономикалық деңгейін көтеру үшін ақпараттық кеңістіктегі ең соңғы технологиялық жаңалықтарды қолдануға тырысады. Бүгінгі таңда кез-келген кәсіпорын өз жұмысында жаңашылдықтың болуын қалайды. Өйткені, оның арғы жағында ірі табыс көздері көрініп тұрады. Мәселен, баспа басшысы интернеттегі ақпараттық ресурстарды, басқа да инновациялық жаңалықтарды ұдайы қадағалап отырады. Реті келгенде өздерінің қаражат жағдайларына орай инновациялық жаңа технологияларды енгізуге ерекше ықыласты болады. Яғни, баспа ісін басқаруда ақпараттың орны ерекше. Өйткені, бүгінгі кітап оқырмандарының талабы ерекше.

Оны қанағаттандыруға ұмтылған баспаның ғана тасы өрге домалайды. Демек, баспа ісін басқаруда ақпараттық қамтамасыз ету мәселесі ұдайы назарда болуы тиіс. Баспалар мен кітапханалар арасындағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан байланыс та үзіліп қалды. Ал, республикамыздағы баспалардың көпшілігі мемлекеттік көмекке зәру екені зиялы қауымға жақсы мәлім. Осы ретте мемлекет өз тарапынан еліміздегі баспаларға қамқорлық жасауға тырысып отырғаны белгілі. Әдетте, дамыған елдерде баспалар өз күндерін өздері көріп, табыс тауып, мемлекетке салық төлейді, қосымша пайда келтіреді. Ал, біздегі көптеген баспалар автор мен баспаның арасында делдалдық рөлді ғана атқарып отыр. Бәсекелестік жағдайында баспалардың дені ілдебайлап күн көруде. Осындайда сапа жайында айтудың өзі қиын. Қазіргі нарық жағдайында еліміздің баспаларына мемлекет тарапынан бірқатар көмектер көрсетілуде. Әлеуметтік маңызы бар әдебиеттер шығарылуда. Жаһандық өркениет бізге көп өзгеріс әкелді. Жаңа технология, жаңа көзқарас. Алайда, елдің кемелдігін, рухани тоқтығын әйгілер мәдениет саласында бүгін көңілді күпті етер түйткіл көп. Халықтық ән-күй, қолөнер, әдебиет пен мәдениет те қамқорлыққа зәру. Қай өнер өкілімен тілдессеңіз де, сол саланың әлеуметтік жағынан алғанда әлсіз қорғалғанын айтады. Бұрын мемлекет тарапынан шыққан кітаптарды тарату ісімен кітапхана коллекторы айналысатын және баспа тақырыптық жоспар жасамас бұрын сол кітапқа қанша сұраныс бар екенін анықтап алатын. Мысалы, жоспарланып отырған кітап авторымен келісіп, авторға тапсырыс жинататын. Автор, бір жағы, тапсырыс жинаумен айналысады, екінші жағы, өзінің шығатын кітабының жарнамасын жасайды. Сөйтіп, облыстардан «сіздің кітабыңыз шыққан жағдайда біз осынша кітап аламыз» деген арнайы хат алып келетін. Шығатын кітаптың таралымы осылай анықталатын. Бұл жолмен шалғай жерлерге де кітаптар жетіп жататын. Кітап дүкендері тоқтаусыз жұмыс істейтін. Ал, бүгін бұл өндіріс мәселесі өте өзекті тақырыпқа айналып отыр. Қазір мемлекеттік тапсырыс бойынша санаулы кітапханаға ғана таратылатын өнімдер қалың оқырманға жетпейді. Кеңес кезеңінде республика көлемінде қаншама кітап дүкені жұмыс істеді. Ол айналымнан ақша тауып, мемлекетке пайда әкеліп жататын. Ол кезде мемлекет шығарған кітабын кітапханаға таратып қана қоймай, шығарған өнімін кітап дүкендерінде сататын. Одан түскен қаражат қайта айналып келіп, қазынаны толтыратын. Қазір біз осы үрдісті жоғалтып алдық. Мемлекеттік сауда нүктелері қалмады, бәрі жекешеленіп кетті. Қазір мемлекет тапсырысымен шығып жатқан кітаптар таралымы 2 мың дана ғана болып шығады. Ал, жеке адамдардың тапсырысымен шығатын кітаптардың таралымы мың данадан аспайды. Бұрын елдегі ең бай адам осы ақын-жазушылар болатын. Себебі, оларға қаламақы төленетін. Тәуелсіздік алғаннан кейін бәрі тарап кетті. Осы кезеңнен бастап біз оқырман мен жазушының арасын үзіп алдық. Кітап өндірісі мүлдем құлдырап кетті. Қазір ешкім іздеген кітабын таба алмайды. Бұл үрдісті жойып, оқырман мен кітап арасындағы байланысты қалпына келтіру – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Егер қазір қазақ тіліндегі кітаптар жаңа ашылған сауда нүктелерінде тұратын болса, халықтың көптеп баратыны айдан анық. Жас ақын-жазушыларды танытатын ешқандай мінбер жоқ бізде. Олардың кітаптары мүлдем шығарылмайды, шықса да таралмайды. Қазіргі әдебиеттегі талантты жастардың танылуы өте қиын. Қазір біздегі баспалардың бәрі жекешеленіп кетті.

Мемлекеттің қарамағында қазір бірде-бір баспа жоқ. Әр баспа – өзінше жеке бір мекеме. Әркім өзінше әрекет етіп жатыр. Дегенмен, мемлекет баспаларға қазір қарайласып жатыр. Олардың бір артықшылығы – соңғы жылдары отандық баспа ісіне ерекше көңіл бөліп, жазушылардың жағдайын жасау үшін жыл сайын тендер жариялайды, конкурстар өткізеді. Қалай десек те, жазушылардың кітаптарын жарыққа шығаруда мемлекет өте жақсы көмектесіп жатыр. Қазір жеке меншік баспалар өнімін өткізуге өздері ұмтылады. Мысалы, Алматыдағы «Книжный мир» деген кітап дүкені сатып тұрған кітаптардың 90 пайызы – ресейлік өнімдер. Қазір бәрі нарық талабымен жұмыс істейді десек, кітапқа да бүгін тауар есебінде қараймыз. Ал, бұл дүкендердегі орыс кітаптарының бағасы қазақ кітаптарынан арзан. Себебі, оны ресейліктердің өзі шығарады. Бүкіл шикізаты өзінде. Ал, Қазақстан қағаздан бастап бояуға дейін – бәрін сырттан сатып алады. Кітаптың өзіндік құны сондықтан да қымбаттап кетеді. Сондықтан кітап дүкендері қазақ кітаптарын сатып алғанда, өзі алған кітаптың сатып алған құнына 70 пайыз қосып сатады. Бұл мәселенің тағы бір жағы бар, кітап – тауар. Егер кітабын ешкім сатып алмай жатса, оқылымды кітап жаза алмағанына жазушының өзі кінәлі. Жастарға кітапты интернет кеңістігі арқылы қысқа да нұсқа формада ұсынушылар көп. Алайда, аға буын ондай тәсілдің кітапты қолға алып оқу ләззатын бере алмайтынын, интернеттің оларға қағаз нұсқа сыйлайтын азықты толықтыра алмайтынын айтады. Қазақстан тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшуімен байланысты республикадағы баспалар қызметі мен баспа ісінің жай-күйі түбірлі өзгерістерге ұшырады. Бұрынғы мемлекеттік баспалардың орнына жеке меншік баспалар пайда болды. Баспа, полиграфия және кітап саудасы сияқты бұрын бір орталықтан жоспарлы түрде басқарылып, мемлекеттік жоспармен бірыңғай, бір бағытта жұмыс істейтін күрделі сала заман талабына сай өзгерді. Қазір елімізде кітап шығару ісі өндірістік сала ретінде қалыптасып келеді. Ең қиын кезең – 90 жылдардың ортасы мен екінші жартысы болды. Себебі, ол кезде халықтың әл-ауқаты төмендеп кетті. Нарыққа өткен соң, халық ең әуелі кітаптан үнемдеді, руханият мәселесі екінші орында қалды.

Өтпелі кезең өтіп, әлеуметтік мәселелер шешіле бастағанда қайтадан кітапқа, мәдениетке бетбұрыс жасала бастады. Елордада көптеген кітапханалар, кітап дүкендері бар бүгінгі күндері. Сол жерлерге студенттер, ғалымдар, тіпті, қарапайым кісілер жиі бас сұғады. Барлығы кітапқұмар. Қазір баспаға ақша бөлінеді. Мемлекет тарапынан жылына бір рет тендер өткізіледі. Белгілі мөлшерде әр баспаға ақша бөлінеді. Сол ақшаның көлемінде әр баспа кітап шығарады. Бірақ, мұнымен мәселе шешілді деуге болмайды. Мәселен, Ресей баспа, баспаханаларды жекешелендіруден өте жақсы өтті. Қазір бүкіл Қазақстанның кітап дүкендерінде ресейдің өнімдері бірінші орында тұр. Өзіміздің төл өнімдеріміз көрінер-көрінбес қана, бір бұрышында ғана. Ресейдің баспа өнері, баспахана өнері әлемдік дәрежемен бірдей дәрежеге жетті. Бұл дұрыс жолға қоя білудің арқасында. Тендердің өзіне қазір 50-ден астам баспа қатысады. Еліміз нарықтық экономикаға өткенге дейін барлық баспа мемлекеттік меншік нысанында болды және кітапты басып шығару республикалық бюджеттен қаржыландырылып, авторлық қаламақының көлемі тиісті мемлекеттік органдармен бекітілетін. Қазіргі жағдайда баспа ісі мен авторлық құқық төңірегінде нарықтық көзқарас қалыптаспай, салада ілгерілеу болмайтыны анық. Бүгінгі таңда авторлық қаламақы мәселесі «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес, автор мен баспа арасында жасалған авторлық келісімшарттың талаптарымен реттеледі.

Сол себепті де бұл мәселе, негізінен, автор мен баспа арасындағы келісімшарттың дұрыс түзілуі арқылы шешілуге тиіс. «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» республикалық бюджеттік бағдарламасы шеңберінде жыл сайын 400-ге жуық кітап шығарылып, республика кітапханаларына тегін таратылады. Оған көптеген қаржы бөлінуде. Бүгінде Қазақстан баспаларының кейбірінде Швециядан әкелінген 8 секциялы «SOLNA D30» машинасы қолданысқа енгізіліп жатыр. Бұл қондырғылар баспагерлер арасында аса танымалдылыққа ие деуге болады. Олар сапасы өте жоғары өнімдер мен түрлі-түсті газеттерді шығарып ғана қоймай, басып шығару қарқынын әлденеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, бір сағатта газет өнімдерінің 25-30 мың данасын, бір ауысымда кітап- журналдардың 6 мың данасын шығару қуаты бар. Сондықтан, жоба жүзеге асқан жағдайда отандық баспа өзін тағы бір жаңа қырынан көрсетіп, тұтынушылар сапалы өнімге қол жеткізетін болады. Жалпы, қандай салада болмасын, өнімнің бәсекеге қабілеттігін сақтау үшін бүгінде қарқынды түрде ойлап табылып жатқан инновациялық тың идеялар мен заманауи технологиялардың көшінен қалмай, оған ілесіп отыру маңызды. Бұл полиграфия саласына да қатысты. Ол үшін Үкімет тарапынан отандық шағын және орта бизнеске барлық жағдайлар жасалған. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен аталмыш секторды қолдауға және дамыту мақсатында соңғы уақытта бірқатар кешенді шаралардың жүзеге асырылғанын, олар бүгінгі күні де өзінің оң жалғасын тауып жатқанының куәсі болып отырмыз. Кітап шығару мәселесінде қазақстандық баспагерлер германиялық «Колбус» жүйесімен бірлесе жұмыс істеуді қолға алып отыр.

Аталмыш құрылғы бір ауысымда кітаптың 10000-нан 12000-ға дейінгі данасын шығаруға мүмкіндік береді. «Полиграфия өніміндегі еуропалық сапа» деген ұғым үлкен мағынаға ие. Өйткені, редакциядан баспаға дейінгі жұмыстар өнімнің табысқа жетуінің жартылай ғана көрсеткіші. Оның екінші бөлігін кәсіби баспадағы жоғары сапа қамтиды. Қазіргі таңда республика өңірінде 7-ден астам үлкен кітап сату ұйымдары қызмет етеді. Қазақстанда таратылатын басылымдардың басым бөлігі отандық кәсіпорындарда басылады және олардың сапасы әлемдік стандарттарға сай. «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару және әзірлеу» республикалық бюджет бағдарламасы шеңберінде 6 мың басылым, 74 мың баспа беттері бар көлемді еңбектер шығарылып, келесідей тақырыптарда таратылды: балаларға арналған кітаптар, тарих, сөздiк-анықтама, әдебиет, қазақ қара сөзi, қазiргi қазақ поэзиясы, музыкалық, заң, қоғамдық-саяси, ғылыми- танымал әдебиеттер және т.б. Кітап басып шығару ісінің басыңқы бағыты түрлі-түсті суреттi балалар әдебиеттерін, әлемдік балалар классигі әдебиеттерін, Қазақстанның атақты тұлғаларының ғұмырнамаларын және қазақстандық көпұлттық мәдениетті, ұлттық және әлемдік мәдени мұрағатты дәріптеуші музыка және басқа да басылымдарды шығаруға жұмсалды. Бүгінде баспа ісі – кешегіден көш ілгері. Себебі, біріншіден, бұл салада ең негізгі құндылық – еркіндік бар. Баспаның бәрі жеке меншік және олар нарықты терең меңгерген. Бұрын тек жоспарлы түрде баса берсе, бүгінде ешбір баспа дүкен сөресінде жататын кітап шығарып, ұтылғысы келмейді. Сондай-ақ, қазір баспа ісінде дизайнерлер жұмысы жақсарып, қазақ кітабы ұлттық нақышта безендірілуге мол мүмкіндік алған. Кезінде мұқабаны қазақша безендірудің өзі арман болғанын ескерсек, бұл – үлкен жетістік. Тәуелсіздіктің жемісі екенін ұғынар едік. Қазір баспа ісінің техникалық, технологиялық базасының нығайғаны сондай, бұрын жылдап жататын туынды, қазір ай толмай шығуы әбден мүмкін. Сапаның артқаны, айтпай-ақ түсінікті. Жаңа заман талабына сай, біз әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, кітап тарату саласына нарықтың жаңа тетіктерін енгізуге тиіспіз. Баспалар бұрынғыдай 2 мың дана кітапты шығарып алып, келесі жылғы конкурсты күтіп отырмауы керек. Қазір еліміздің кітап дүкендерінде сатылатын кітаптардың 80 пайызы – шетелдік әдебиет.

Соны өзіміздің дүниелермен алмастырудың жолдарын қарастыруымыз жөн. Мұнымен қатар, еліміздің ірі қалалары мен орталықтарынан бөлек, алыс аймақтарда да баспа ісі дұрыс жолға қойылмаған. Ауылдарға жаңа шығарылған кітаптар дер кезінде жеткізіле бермейді. Ол үшін үш жақты, яғни автор – баспа – кітап таратушы жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Кезінде жоғалтып алған кітап таратудың инфрақұрылымын қайта қалпына келтіру мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе екені мәлім. Алайда, қазақ баспагерлері де қазақ кітабына жанашырлықпен қарап, өз өнімдерін сұранысқа сай етіп шығарып, қалайда оқырман қолына жетуіне мүдделілік танытса, нұр үстіне нұр болар еді. Өкінішке орай, Қазақстан баспагерлері мен полиграфистерінің ассоциациясы өз жұмыстарын дұрыс жолға қоя алмай келеді. Кітаптың таралымына келер болсақ, дүкендерге түспейді, ауылдарға жетпейді, бағасы да қымбат. Өйткені, шикізат Ресейден келеді. Бізде кітапқа қосылатын қосымша құн салығы бар. Қазақ кітабының насихаты, жарнамасы аздау. Ал, соңғы 5-6 жылда кітап сапасына, мазмұнына қайтадан көңіл бөліне бастады. Өйткені, нарықтың өз заңдылығы бар. Нарыққа, бәсекеге ілесе алмағандар сұраныстан шығып қалады. Қоғам өзгерген сайын адам өзгереді, адам өзгерген сайын талғам да өзгереді. Өскелең талғам мен талап кітаптың сапалы шығуына әсер етеді. Елдің әл-ауқаты жақсарған соң, мемлекет мәдени бағдарламаларды қолға алды. Кітап жүйесіне, тақырыбына, мазмұнына мән беріп, рухани қажеттілікті өтейтін әдебиеттер шығара бастады. Ал, баспахана мәселесіне келетін болсақ, Қазақстанда полиграфия саласы әлі жүйелі жолға түскен жоқ. Себебі, бізде соңғы жылдарға дейін полиграфист-маман дайындайтын жоғары оқу орындары болған жоқ. Тек Мәскеуден, Санкт-Петербордан оқып келген мамандар еңбек етіп жүр. Өз мамандарымыз жеткіліксіз. Және баспагер, полиграфист, редактор дайындайтын оқу орындары саусақпен санарлық. Сондықтан біздің баспа ісі, полиграфия саласы Ресеймен, Қытаймен салыстыруға келмейді. Оларда кітаптар әрі арзан, әрі сапалы. Бізде сапасы төмен, бірақ бағасы қымбат. Оның басты себебі – бізде қағаз комбинаттары жоқ, қағаз өндіріп шығармаймыз. Қағазды шетелден сатып аламыз.

Ол бізге жеткенше үш-төрт есе қымбаттап кетеді. Қағаз қымбат болған соң, кітап та қымбат. Сөйтіп, оқырманға жеткенше баға шарықтап кетеді. Сондықтан, ең әуелі елде қағаз өндіру ісін жолға қою керек. Кітап шығару ісіне қолданылатын полиграфиялық жабдықтар сақадай сай болса, құрама бөлшектері өз елімізде шықса, кітап сапасы жақсарып, бағасы төмендер еді. Қазір көптеген баспаханаларда кітапты желімдеу, бүктеу, тігу, беттеу сияқты жұмыстар қолмен жасалып жатыр. Цехтарда жазғы-қысқы температураға сәйкес технологиялық талаптар ескерілмеген. Сондықтан басу машиналары тез бұзылады, қателіктер жіберіледі. Яғни, кітап сапасы басу машиналарына да байланысты. Кітаптың безендірілуі, сапалы болуы баспа мамандарының білік деңгейіне де байланысты. Бізде шыққан кітаптар сапалы болғанымен, оқырманға ыңғайланып жасалмайды. Көп авторлар кітабының ақ қағазбен шыққанын, мұқабасының қатты, түбі тігілгенін қалайды. Мысалы, Ресейде 100-200 мың данамен шыққан бестселлердің, ең өтімді кітаптардың көбі газеттік қағаздармен шығады, ірі әріптермен басылады. Жеңіл әрі оқуға ыңғайлы, арзан болады. Сондықтан кітапты неғұрлым ыңғайлы етіп шығару керек. Тақырыптық жағына келетін болсақ, қазір ірі баспалар өз бағытын тапты. Бірі тарихты зерттеу, зерделеумен айналысса, енді бірі көркем әдебиетті, бірі көп томдықтарды шығарып жатыр. Кейбірі тек суретті кітапшалар шығаруға бейімделді. Жалпы, баспа өндірісінде сапа біртіндеп жақсарып келе жатыр. Қазір елімізде 300-ден аса баспа бар екен. Бірақ кітап таралымы өте аз. Сондықтан ең өтімді деген кітапты таңдап шығару, тарату қолға алынуы тиіс. Кез-келген баспа өзінің жұмысын жоспарлайды. Баспа бизнесінің еңсесін биіктететін нәрсе – өнімді өндіруді басынан аяғына дейін жүйелі, нақты жоспарлай білу. Мұнсыз ілгері жылжу мүмкін емес. Жоспарлаудың қаншалықты маңызды нәрсе екендігін көп жайттардан білуге болады.

Алдағы ісін көз алдына нақты елестететін адам да, кәсіпорын да ештеңеден өкінбесі анық. Бірқатар мамандардың пайымдауынша, жоспарлау – фирманың іс- әрекеттерінің мақсаттарын, оларға жетудің басты бағыттары мен құралдарын анықтауды тілейді. Бизнес-жоспар – жоспарлаудың негізгі элементі. Есеп беру құжаты және инвестициялардың басты дәлелі болатын осы бизнес-жоспар, фирма дамуының кешендік жоспарын жасаудың мақсаты – басқарушыларға фирманың жағдайы туралы толық мәлімдеме беру болады. Бизнес-жоспарды жан-жақты дәлелдеп жасау инвесторлар жағынан олардың инвестицияларының тұрақты болатындығына және компанияның басқарушыларына сенімділік тудыруды көздейді. Бизнес-жоспар 3–5 жылға жасалады. Ол мына бөлімдерден тұрады: нарыққа талдау жүргізу және маркетингтік стратегия; өнімдік стратегия; өндірістік стратегия; фирманы басқару жүйесінің және меншіктің дамуы; қаржылық (экономикалық) стратегия. Өздерінің даму дәрежесіне байланысты, әрбір жеке фирмалар жоспардың жекеленген бөлімдеріне бірдей маңыз бермейді. Жұмысқа жаңадан кіріскен фирмалар қаржылық стратегияға назарын көбірек аударады. Дамыған, қалыптасқан фирмалар көбінесе өнімдік және өндірістік стратегияның қамын ойлайды. Ұйымдастыруға фирманың құрылымын құру және көздеген мақсаттарға жету үшін оның бөлімдерінің өзара әсері мен үйлесімдігін қамтамасыз ету жатады. Баспа қызметінде қолданылатын жоспарлардың негізгі түрі оперативті жоспар – басылымдарды шығарудың тақырыптық жоспары. Кітап өнімдерін шығарудың жылдық, тақырыптық жоспары қажетті полиграфиялық ресурстарды сатып алу жоспарымен, полиграфиялық қызметтер көрсету қажеттілігі жоспарымен және сату жоспарымен байланысты жоспарлануы тиіс.

Қаржылық жоспар өндірістік шығынның көлемі мен сатудан түскен пайданың көлемінің арасындағы балансты қамтамасыз етеді, баспаның пайда, рентабельдік көлемін анықтайды. Баспаның өндірісін жоспарлау кітаптарды шығару жоспарын дайындаудан басталады. Әрбір баспа өнімнің есептік бет көлемі, таралымы, формасы, безендірілуі, шығу мерзімі көрсетіледі. Осы жоспардың негізінде қағаз, баспаханалық, т.б. материалдар сатып алу, полиграфиялық қызмет көрсету шығындары, авторлық сыйақы шығындары, т.б. ресурстар шығыны жоспарланады. Баспаның жоспарлары жеке редакциялар бойынша редакторлар мен корректорлардың жұмыс істеу нормаларын есепке алу нәтижесінде дифференцияланады. Бизнес-жоспар – кәсіпорынның алдына қойған экономикалық мақсаты мен оны жүзеге асыру жолдары, міндеттері мен әдіс-тәсілдері баяндалған құжат. Бизнес жасау үшін нарықтық орта жан-жақты зерттеледі. Нарықтық ортаның ағымдағы жағдайы, болуы мүмкін өзгерістер мен кедергілер, жобаны іске асырудан түсетін табыс мөлшері, т.б. нақты көрсетіледі. Бизнес-жоспар, көбінесе, банктен кредит алу және оның қайтарылуын қамтамасыз ету үшін жасалады. Меншік иесінің қатысуымен кәсіпорынның стратегиялық дамуының бағыт-бағдары анықталады, осы арқылы жобаның тиімділігі мен қажеттілігі айқындалады. Яғни, жақсы табыстарға жету үшін, ең алдымен, алдын-ала ойластырылған әрі нақты іс-шаралар жоспары болуы тиіс. Кітап шығарудың бизнес жоспарын құру үшін төмендегідей төрт принциптік міндетті жүзеге асыру қажет:

* Болашақта тұтынушылардың сұранысына ие болатын кітаптарды шығару үшін кітап нарығын зерттеу;

* Кітапты шығару және оны өткізуге кететін шығындарды есептей отырып, одан түсетін пайданың мөлшерін анықтау;

* Жоспарланған іс-әрекеттерді жүзеге асыруда кездесетін тосын жағдайларды болдырмау мақсатындағы іс-шараларды ойластыру;

* Жоспарланған іс-әрекеттердің орындалу деңгейінің жоғары немесе төмен екендігін анықтайтын көрсеткіштерді анықтау. Бизнес жоспар – үш немесе бес жылға алдын-ала жоспарланатын құжат болып табылады. Бизнес жоспар – бұл басқарудың бірден-бір қажет құралы.

Стратегиялық жоспарлаудың мақсаты – кітап басу ісін немесе кітап саудасы ұйымдарының жұмысын жетілдірудің нақты бағыттарын белгілеу. Кітап бизнесі – өте ауқымды әрі маңызды бизнестердің қатарында. Себебі, баспаның қыр-сырын білген маман ғана баспаның болашағын жоспарлап, үлкен бастама жасай алады. Кітап бизнесіндегі маңызды мәселелердің бірі – оқырманмен тығыз байланыс, олардың көңілінен шығу. Ал оқырманға керегі – кітаптың сапалы әрі тиімді болуы. Яғни, бағаның қолжетімді болуы. Мысалы, көркем және білім кітаптарына сұраныс тең. Соңғы бірнеше жылда елдің баспахана нарығында бірталай өзгерістер орын алды. Олар нарықтың сапалы өзгеруіне және оқулықтардың құрамына әсер етті. Баспахана саласында балалар әдебиеті маңызды, алайда бірінші орынды иеленіп отырған сала болып саналмайды. Дегенмен, соңғы бірнеше жылда бірқатар баспалар өз көзқарастарын өзгертіп, бірінші орынға кәсіби, сапалы балалар әдебиетін қоя бастады. Осылайша, бірінші орынға ертегілер шықты. Бұдан бөлек, Астаналық баспалардың өз өнімдері болып табылатын ұлттық өнер кітаптары да шет қалған жоқ. Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық өнер тақырыбында басылып жатқан кітаптарға оқырмандардың сұранысы жоғарылап, талаптары өзгерді. Яғни, «модернизация» ұғымы қоғамның санасының жоғарылауын, сұранысының жоғары әрі сапалы болуын қамтамасыз етуді сұрайды. Бүгінгі таңның бәсекелестерінің негізгі факторы ол – тұтынушы. Яғи, сол тұтынушының сұранысын қанағаттандыру. Шығарылған, басылған өнімнің бүгінгі күннің талаптарға сай сапалы және эстетикалық жағынан әсем болуын қарастыру. Кітап басу ісіндегі жаңа технологиялардың пайда болуы, осы модернизацияның қарқынды дамуымен байланысты.

Дана Мәулен
Бөлісу: