Тәуелсіздік - ғасырлар бойы асыға күткен күн!

12 Желтоқсан 2019, 17:35 7867

Азаттықты ту еткен тәуелсіздік шежіресі   

Биыл барша қазақ елі Тәуелсіздіктің 28 жылдығын тойлайды. 1991 жылы 16 желтоқсанда өз алдына жеке Қазақстан Республикасы атымен аталып, егемендікке қол жеткізуі ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы асыға күткен күні еді. Бұл ерекше салтанатты мерекеден соң қазақ халқы өзге елдермен терезесін теңестіріп, мемлекеттік белгілерін жаңғыртты. Дербес мемлекет ретінде сырт елдермен дипломатиялық тығыз қарым-қатынас орнатты. Экономикалық жағынан, әсіресе білім, ғылым тұрғысынан тәжірибе алмасу қарқынды жүре бастады.  Жалпы алғанда біз егемендіктің арқасында  өз шекарамызды нақты бекітіп, өз әскеріміз, өз астанамыз, жеріміз, еліміз бар жұртқа айналдық. Бастысы  мәңгі жеке ел болу деген асқақ мұратымызды айқындадық. 

Бір қарағанда егемендік елімізге өздігінен келе қалған сияқты көрінеді. «Горбачев пен Ельциннің текетіресі КСРО-ны тарқатты, 15 одақтас республика тәуелсіздік ала қалды» деушілер бар. Ал бұл «күрделі тарихи үдерістің шымылдығы ғана. Сол шымылдықты көретіндердің сөзі» деген пікірді тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Ханкелді Әбжанов айтады.   

- Тәуелсіздік қазаққа үлкен қайғы-қасіретпен келді. Отарлық езгіге қарсы жүздеген көтерілістер өткені тарихтан белгілі. Кеңестік жылдардағы қарсылықты да ұлт-азаттық қозғалысына жатқызуымыз керек. Ұжымдастырудың, тың игерудің қорлығы мен зорлығына шыдамай, қолға қару алғандар наразылық дауысын  шығарғандар кімдер? Әрине, қазақтар болды, - дейді Ханкелді Әбжанов.

Иә, расымен де тәуелсіздік бір адамның, тіпті 10-20 адамның бізге берген сыйы емес. Мұның артында қазақ зиялылары мен батыр бабаларымыздың көзсіз ерліктерінің жатқаны рас.

Тарих беттерінде еліміздің азаттық үшін күресі ғасырлар бойы жалғасқаны көрсетіледі. Нақтырақ айтсақ, жеңген-жеңілген шайқастардың нәтижесінен егемендікке қол жеткізгенімізді ел тарихының кезең-кезеңдерін парақтағанда көз жеткіземіз. Қазақ халқының Ресей бодандығына қарсы бірінші ірі көтерілістерді Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Кенесары Қасымұлы ұйымдастырып, олар ұлт азаттығы жолында құрбан болды. Одан кейінгі ұлт-азаттық қозғалыстар 1916 жылы басталды. Көтерілістің басталуына қазақ даласынан  ет, мыңдаған жылқы мен түйе жіберілуі, батырақ қазақтарды кулактар «ерікті түрде» жұмысқа тартуы, патша әкімшілігінің ресейлік отаршылдар үшін жер алып беруді жоспарлауы сынды өзге де проблемалар түрткі болған. Осындай ұлттық және әлеуметтік езгіге шыдамаған әрі туған жерінен айырылып қалуға қорыққан бұқара халық патшалық Ресейге қарсы жаппай күреске шықты. Бұл жайында қазақтың ағартушысы Ахмет Байтұрсынов 1913 жылы «Қазақ халқының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды» деп жазған болатын.

Бұл 1916 жылғы қозғалыс бүкіл Қазақстанды, Орта Азияны, Сібір мен Кавказдың бір бөлігін  қамтыды. Мұның басты күші тұтастай халық болатын. Қазақ жерінде бұл қозғалыстың орталықтары Жетісуда, Торғайда болды. Бірақ қазақ халқының бұл қозғалысы басылып тасталғанымен, тарихтан ізсіз кеткен жоқ. Нәтижесінде көпшілік бұқараның санасын оятты, бодандыққа қарсы  күрес тәжірибесін арттырды. Жалпы алғанда қазақ зиялыларының демократиялық бағытта саяси аренада өсіп-жетілуіне ықпалын тигізді.

Ал келесі жылы яғни 1917 жылдың ақпанында Ресейде буржуазиялық-демократиялық революция болып, нәтижесінде монархия құлатылды. Осы уақытта демократияшыл зиялылардың  ұлт азаттығы үшін күресін Әлихан Бөкейханов басқарған болатын. Осы ақпан революциясынан кейін Алаш Орданың жұмысы жанданды. Олар Семей облыстық съезінде Қазақ Автономиясын құруды ұсынады. Ал осы жылдың аяғы мен келесі жылдың басы аралығында өткен сайлауда қазақ еңбекшілерінің көпшілігі партияның бағдарламалық талаптарын қолдайтынын білдіреді. Осылайша «Алаш» партиясы өкімет билігі жолында күресте большевиктерге оппозиция болды. 

Осы  Ақпан революциясы кезінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді қайраткерлер қазақ елінің ірге тасын қалауға күш жұмсағанымен, большевиктер бұған жол бермеді. Соның кесірінен қазақ жерінде Кеңестік билік орнады, бірақ ұлттың азаттық жолындағы арманы толастаған жоқ.

 Ал 1920 жылы Орынбор қаласында өткен съезде РКФСР құрамындағы Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республика деп жарияланады. Келесі жылы билік иелері әскери коммунизмнен жаңа экономикалық саясатқа көшу  туралы шешім шығарады. Осы жылдары республика халқының үштен бірі аштыққа ұшырайды. Әсіресе 1931-1933 жылдары 6,2 млн тұрғынның 2,1 млн-ы аштықтан қырылды. Бұл ашаршылық тарихта «Ұлы жұт», қазақ ұлтының аса зор қасіретті жылдары ретінде қалды.  1937-1938 жылдары қазақ зиялылары жаппай репрессияға ұшырап, бір ұлт түгелдей интелегенциясынан айырылды. 

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде Республика экономикасын соғыс жағдайына лайықтап, қайта құру қолға алынды. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі Ленинград түбінде шайқасты. Фашизмге қарсы соғыста олар ерлік пен жоғары жауынгерлік шеберліктерні көрсеткен болатын.

Соғыстан кейінгі жылдары елімізде Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов сынды зиялы қауым өкілдері қуғын-сүргінге ұшыраумен есте қалды. Олар тек Сталиннің жеке басына табынушылықты айыптаған КОКП-ның ХХ съезінен кейін есімдері қайта қалпына келтірілді. Ел өнеркәсібі шикізаттық және өндірушілік бағытта дамыды. Бұл кезеңде отын-энергетика, металлургия салалары жақсы дамығанымен, өңдеуші өнеркәсіп орындары жеткіліксіз болды. Содан да болар, жұрттың әлеуметтік-материалдық жағдайының жақсаруы баяу жүрді.  1960 жылдан бастап елде тоқырау кезеңі болды. Осы жылы Қазақстан КП Орталық Комитетінің пленумында республиканың партия ұйымының бірінші хатшысы болып Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев сайлануымен есте қалды. Ол бұл қызметте 1986 жылға дейін болды.

Жалпы Қазақстан Коммунистік партиясы 1970 жылдың ІІ жартысында орталыққа толық бағынышты жағдайда болды. Ал 80-жылдардың ортасына дейінгі уақытта халықтың ахуалы жақсарғанымен, батыстың дамыған елдерімен салыстыруға мүлде келмейтін еді.

Жоғарыда айтылған ұлт-азаттық көтерілістердің жалғасы әрі қортындысы ретінде 1986 жылғы қазақ жастарының жаппай дүмпуін айтуға болады.   16 желтоқсан күні Қазақстан КП Орталық Комитетінің пленумында Дінмұхамед Қонаевтың орнына Ульяновск облыстық партияны басқарған Геннадий Васильевич Колбинді сайлау ұсынылады.

Осы уақытқа дейінгі қоғамдық-әлеуметтік, мәдени салалардағы кемшіліктер, ұлтқа қатысты мәселелердің шиеленісуі қазақ жастарының ызасын келтіріп, оларды алаңға алып шықты. Ал Республиканың бірінші басшысының орнынан алынуы бұған дейінгі наразылықтың ашық түрде қарсылық танытуына түрткі болған. Келесі күні Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) адамдар жинала бастайды. Олардың басым көпшілігі - студент пен жұмысшы жастар. Олар жергілікті билік органдарымен санасуды, кадр саясатын әділ жүргізуді талап етті. Ал коммунистік билік иелері оқиғаның саяси бағыт алмауы үшін тездетіп, тарқатуды жоспарлаған болатын.

Алаңдағы жастарға тоқтау салу мақсатында танымал адамдарды жібергенімен, еш нәтиже болмайды. Сөйтіп, мұнда әскердің арнайы бөлімшелерін әкеледі. Олар алаңға шыққан  ереуілшілерді ұстап, жаппай жазалаған болатын, -  дейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің оқытушысы Асылжан Бижанов.

Жалпы  Алматыдағы 1986 жылғы оқиғаларынан қазақ жеріне қайсар буынның келгенін байқатады. Оған қоса, бұл  елді демократияландыру бағытындағы өзгерістердің бастамасы деуге болады. Бұған  елдің саяси өмірінде белсенділігі дәлел бола алады. Жаңадан халықтық қозғалыстар, саяси ұйымдар құрыла бастады.  Олар Алматы қалалық партия комитеті үйінің алдында жастар түрлі пикет ұйымдастырып, Қазақстанның тәуелсіз ел болуын талап етті. Содан бұрынғы кеңестік республикалардың соңынан егемендікке еліміз де қосылады. Сөйтіп, 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес «Қазақ КСР  мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» қабылдайды. Бұл республика өмірінде маңызды саяси оқиға болды. Өйткені бұдан кейін елде демократиялық бағыттағы ұстанымдар пәрменді түрде енгізіле бастады. Оның территориясына, қойнауына, суына өзге де табиғи ресурстарына меншік құқығы берілді.  Сонымен  қоса, қырық жыл атом зардабын тигізген Семей сынақ айлағы жабылады

ХХ ғасырдың 90 жылдары егеменді республикалар арасында  одақтық шарт жасасу жайында мәселе болады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленуымына  мүше емес – облыс басшылары, депутаттар және өзге де ұйымдардың жетекшілері шақыртылады. Алайда шарттың жобасы одақтың кейбір басшыларына қателік болып көрінсе керек. Олар республика өкілдерінің шартқа қол қоюға жиналуына бірнеше күн қалғанда төңкеріс әрекетін жасайды.

Әлемдегі және бұрынғы КСРО-дағы саяси ахуалдар – 1991 жылғы тамыз бүлігі, оны ұйымдастырушылардың жеңілуі, Тәуелсіз Мемлекеттер Одағының құрылуы, одақтас республикалардың жеке мемлекет болып шығуы Қазақстанның тәуелсіздігін алуын жеделдеткен еді. Сөйтіп, 1991 жылы 16 желтоқсан Қазақ елінің жұлдызы жанған сәт деуге болады.  Өйткені дәл осы күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы» қабылданды. Осы күннен бастап Қазақ елі дүние жүзіне тәуелсіз ел ретінде таныла бастады.

Жалпы ұлан-байтақ қазақ жерінде азаттық үшін болған оқиғалардың тәуелсіз Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Егемендігіміздің әрбір күні ғасырлар жүгін арқалап тұр. Бүгінгі тәуелсіздік ғасырларға созылған күрес пен арпалыстың, қан мен тердің өтеуі деуге болады.  

Әр ұлт үшін тәуелсіздіктен асқан артық қасиетті де қымбат сезім жоқ.  Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз екенін естен шығармаған жөн!

Тәуелсіздік мейрамы құтты әрі баянды болсын!   

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: