Тәуелсіздік күнін қалай тойлау керек? Шетелдегі қазақ жастары пікір білдірді

17 Желтоқсан 2023, 20:30 5216

Тәуелсіздік күнін тойлауға қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылады. АҚШ, Түркия секілді мемлекеттің тәуелсіздік күнін ұлттық деңгейде атап өткенін көпшілік үлгі етіп айтып жатады. Осы орайда шетелде жүрген жастардың ойын біліп, пікірін сұрадық.

Будапеште тұратын Айдана Смағұл мажарларға қазақ тілін үйретіп, жырақта жүрсе де туған елдің ұлттық құндылықтарын насихаттап жүреді. Оның айтуынша, Мажарстандағы қазақстандықтар мен диаспора өкілдері Тәуелсіздік күнінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырып, жоғары деңгейде атап өтеді.

Тәуелсіздік мерекесі биыл Мажарстан астанасы Будапеште өте ерекше тойланады. 15 желтоқсаннан бастап, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Будапештке Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ ұлттық аспаптар оркестрі келіп жатыр. Олар «Кең дала әуені, Қазақстан үні» атты сазды-әуенді кеш ұйымдастырды. Осы Мажарстанда тұрып жатқан барлық қазақстандықтарға, диаспора өкілдеріне, сондай-ақ қазақ өнеріне қызығатын мажарлар үшін гастрольдік сапармен келді. Одан бөлек 16-ы күні будапешттік студенттер «Батырлар алаңы» деген жерде жиналып, 5 шақырым жүгіреміз. Бұл - жыл сайынғы дәстүр. Былтыр да дәл осылай жүгіріп өткен едік. Ұйымдастырушылардың бірі Жанаргүл ханым Будапеште ұзақ жылдан бері тұратын диаспора өкілі, өте ұлтжанды кісі. Сондай-ақ Будапеште kazakh reading club деген ашылған болатын. Осы клубтың мүшелері де бас қосып, Тәуелсіздік күнінің маңызы туралы талқылаймыз, - дейді Айдана Смағұл.

Сондай-ақ Будапештегі Urania ұлттық кино театрында екі қазақ фильмін көрсетілетініне тоқталды.

Бірі – Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы» атты фильмін тамашалаймыз. Кино қазақ тілінде, мажар субтитрларымен көреміз. Екіншісі, мажар режиссері түсірген «Өліара» атты кино. Режиссердің аты - Tamás Tóth. Ол кісі бұл кинода қазақ жеріндегі ашаршылықты бейнелеген, - дейді Айдана Смағұл.

Оның айтуынша, Тәуелсіздік күнінің маңызын түсіну керек. 

Қазіргі таңда 25 қазан – Республика күніне көбірек маңыз қойып жатыр. Дегенмен де, нағыз еске алып, ұлттық деңгейде атап өтетін мерекенің бірі де бірегейі осы Тәуелсіздік мерекесі. Себебі, 1986 жылдағы жастардың тәуелсіздік үшін алаңға шығып, намысымыз оянып, өзіміздің мемлекетімізді қалаған, соған қол жеткізуге тырысқан қадамдардың бірі ғой. Сол себепті бұл күнге де маңыз беру керек сияқты. Менің ойымша, бұл күнді ұлттық деңгейде атап өту керек. Бұл бір жағынан еске алу күні болса, екінші жағынан қазіргі тәуелсіздігімізді бағалайтын, соған қол жеткізгенімізге қуанатын, екітүрлі маңызы бар маңызды күн деп ойлаймын. Яғни, қазіргі таңдағы тәуелсіздігімізге қалай қол жеткізгенімізді ұмытпау керек. Яғни, мектептер мен жоғары оқу орындары, ақпарат порталдары барлығы ат салысып, көп айтылуы керек деп ойлаймын. Бұл мерекенің тарихы, маңыздылығы туралы «Неліктен бұл мереке маңызды?», «Бұл қандай күн?» «Тәуелсіздікке қалай қол жеткіздік?» осы сұрақтарға жауап беріп, еске алатын күн деп ойлаймын, - дейді ол.

Шетелде жүрген отандасымыз барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

16 желтоқсан – қасиетті де қастерлі мереке. Мерекелердің ішіндегі шоқтығы биік, парасаты мен пайымы озық мереке деп айтар едім. Осы мерекемен қазақ елінің әрбір тұрғынын, сондай-ақ шетелде тұрып жатқан, жүрегі қазақ деп соққан әрбір қазақты осы тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтағым келеді. Еліміздің тәуелсіздігі баянды болып, көк туымыз тек биіктен желбіресін. Қазіргідей тұрақсыз әлемде ең біріншіден елімізге аманшылық, жұртымызға тыныштық тілегім келеді. Қаншама ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздік күні құтты болсын, - деді Айдана Смағұл.

Ал АҚШ-та жүрген отандасымыз Жәнібек Миракбаров Тәуелсіздік күнінен тойлаудың өзіндік ерекшелігі болуы керек дейді.

Мен соңғы рет АҚШ-тың Чикаго қаласына 2020 жылы келіп, бір жарым жылға жуық уақыт тұрып, кейіннен жұмысқа байланысты Түркияға көшіп кеткен болатынмын. Ол уақытта Чикагода қазақтардың саны қазіргіден әлдеқайда аз және көп қазақтың басын қосатын қазақ орталығы болған жоқ еді. Сол себепті болар, ұлттық мерекеміз Наурызда қырғыз бауырлармен қосылып өтіп, Тәуелсіздік күніміз үлкен ауқымда атап өтілмейтін. Дегенмен, 2021 жылдың желтоқсан айында “Qazaq Center” – Чикаго қазақтарының мәдени орталығы ашылғанда бәрі өзгерді. Ең алғаш рет сол жылы қазақ диаспорасы бас қосып, тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейтойын ақ дастархан жайып, ұлттық ән мен күйді шырқатып, дүркіретіп атап өткен болатын. Содан бері орталықтың ұйымдастыруымен жыл сайын ұлттық мерекелер мен Тәуелсіздік күні аталып келді, - дейді ол.

 Жәнібектің отбасыммен Чикаго қаласына қайта көшіп келіп, осында тұрып жатқанына он бір айға жуықтап қалды.

Тәуелсіздік күні мерекесі орталықтың ұйымдастыруымен биыл да шамамен үш жүзге жуық жергілікті қазақтың басын қосып, үлкен іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Әлеуметтік желідегі белсенділер тобында мен де бармын және ұйымдастырумен жүгіріп жүрген қазақтың ұл-қыздарының күнделікті дайындық шараларына деген үлкен жауапкершіліктері мен көп қазақтың басын қосып, бір дастархан басында тоғыстыру ниеттеріне, өзара ауызбіршілік пен достықтарына қарап шынайы қызығып, тамсанып отырамын. Олардың бұл бағыттағы еңбектері орасан және оны жеке атап өтпеске болмайды. Алайда, менің 16 желтоқсан Тәуелсіздік күнін атап өтуге қатысты жеке көзқарасым өзгеше және ол туралы төменде толығырақ түсіндіре кетсем.

Ұлттық мерекелер қатарына биыл – Республика күні қосылды. 1990 жылдың 25 қазанында "Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк Егемендiгi туралы Декларациясына" қол қойылып, толыққанды тәуелсіздік алмасақ та, осы бағыттағы алғашқы қадамдар жасалған болатын. Бұл біз үшін қуанышты жағдай болды! Ал Тәуелсіздік күні 16 желтоқсанда ел тарихында бір емес, екі қаралы жағдай орын алып, 1986 жылы қазақ жастары және 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасында мұнайшылар қыршынынан қиылды. Орын алған қайғылы жағдайларға байланысты той-думан, мерекені бұл күнде өткізуді жеке басым дұрыс көрмеймін. Сол себепті “Республика күні” - 25 қазанды үлкен мереке ретінде атап өткеніміз жақсы, ал 16 желтоқсан барлық қазақ үшін тәуелсіздік жолында қаза болған батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек. Біздің отбасы 16 желтоқсан күні салт-дәстүрімізде бар дүние – майдың иісін шығарып, бауырсақ пісіріп, құран бағыштаймыз деп ниеттеніп отырмыз, - дейді Жәнібек Миракбаров.

Отандасымыз шетелде жүргенде ерекше сәтке куә болғанын айтып берді.

2021 жылы Ыстамбұлда жұмыс атқарып жүрген кезім. Көлікпен үлкен көшесінде келе жатып, көше бойында маған шексіз көрінген Түркияның қызыл туларының желге есіп тұрғанын көріп, тамсанып келе жаттым. Кенеттен алдымдағы көліктердің тоқтап қалғанын байқадым. Бағдаршамның түсі жасыл жанып тұрса да жүрер емес. Бірер минут өткен соң барлық көлік жүргізушілері, қоғамдық көліктегі жолаушылардың сыртқа шығып жатқанын көріп, көліктен мен де түстім. Дәл сол мезетте қаланың төтенше жағдайларында хабарлайтын хабарламаларынан сирена шығып, барлық адамдар үнсіз және қозғалыссыз тұрып қалды. Айналама қарасам, бір мезетте күллі бір әлем қатып қалған тәрізді көрінді. Дәл 1 минут өткен соң, сирена тағы ойнап, тас мүсіндей қатып тұрған барлық адамды қайта өмірге қайтарғандай болып, барлығы көліктеріне отырып, тіршілік бұрыңғы қалпына келді. Кейіннен білгенім бойынша Түркия Республикасының тұңғыш Президенті М. Кемаль Ататүрікті жыл сайынғы еске алу рәсімі, қайтыс болған күні 10 қараша, сағат 09:05-те түрік халқының демін ішіне тартып, 1 минуттық үнсіздік жариялауымен өтеді екен. Маған осы бір сәттің әсер еткені сондай, сол мезетте жүрек соғысым артып, түрік халқына деген құрметім бұрыңғыдан да еселене түсті! Сол себепті, бәрімізге ортақ еліміздің көптен күткен тәуелсіздігін қадірлеп және осы жолда жан тапсырған барлық батыр баба ұрпағына, ержүрек қазақ жастары мен әділетсіздікте қаза болған жазықсыз жандардың рухына сағат тілі 16:12-ні соққанда ЖалпыҰлттық Еске алу рәсімін жасап, бір минуттық үнсіздік жарияласақ! Бір күнге ойын-сауық пен концерттік бағдарламаларды шектеп, ұлттық туларымыз көптеп ілініп, тағзым күні ретінде атап өтілсе екен деймін..., - деп ойын бөлісті ол.

Сондай-ақ Тәуелсіздік күнімен барша қазақстандықтарға жылы лебізін жолдады.

Қазақ халқының тарихы оңай болмады. Адамзат тарихында 1919-1922 және 1931-1933 жылдар аралығында қазақтың басынан өткендей, бір емес екі бірдей ашаршылықты көрген халық көп емес. Ресей патшалығында, кейіннен Кеңестік биліктің отарында болып, діл мен діннен, ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтарымыздан айырылып қалу алдында болдық. Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздік пен бейбітшілік заманына біз жетіп, сол кісілердің еңбегі мен ерік-жігерінің арқасында қолымызға үлкен қиындықпен жеткен тәуелсіздігімді қадірлейік! Осындай маңызы бар тарихи думанда еліміздің туы асқақтап, келешегі өркейе берсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Өркениет көшінен қалмай, халқымызға гүлдену мен көркеюді тілеймін!, - деді Жәнібек.

Анкара Қажы Байрам Уәли Университетінің студенті Бекзат Бекболат Тәуелсіздік күніне қатысты өз ойын айтты.

Биыл Анкарада оқып жатқан қазақ студенттері болып Тәуелсіздік күніне орай еске алу кешін өткізгелі жатырмыз. Елшілігіміз және Көк Ту қазақ мәдени орталығы қолдап отыр. Біз үшін Тәуелсіздік жарияланған күн маңызды. Қазір Республика күніне көбірек мән беріп, 16 желтоқсанды еске алу күні ретінде атап өтейік деген көзқарас бар. Меніңше, Тәуелсіздік күні де өз деңгейінде атап өтілгені дұрыс. Бұл күні ғасырлар бойы халқымыздың бостандығы үшін күресіп өткен ерлер мен қазақ қамы үшін еңбек еткен зиялыларын еске алу керек деп ойлаймын. Олардың өмір жолдарын үйрене түсу арқылы біз жастар да егемен Қазақстанның ертеңі үшін қарекет етуге күш табамыз. Мемлекетіміз сөз жүзінде іс жүзінде де тәуелсіздігін ұстап тұрсын деп тілеймін. Бұл үшін баршамыз аянбай іс қылайық. Санамыз азат болсын, - дейді Бекзат Бекболат.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: