Тәуелсіздік – еліміздің егемендігі үшін күрескен тұлғаларды еске алу күні

16 Желтоқсан 2022, 09:00 15053

Заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Абдрасуловпен сұхбат

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні! Бүгін азат ел болғанымызға 31 жыл толып отыр. Бұл біз үшін өте маңызды әрі тарихи күн. Мереке қарсаңында өткенімізді, халқымыздың бостандығы үшін күрескен тұлғаларды еске алу мақсатында заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Абдрасуловпен сұхбаттастық.

Ермек Баяхметұлы, алдымен еліміз тәуелсіздікке ие болған бастапқы кезеңді еске түсірейікші. Егемендікке қалай қол жеткіздік?

–  Қазақстанның тәуелсіздігін алуы бір күндік немесе бір жылдық оқиғалардың нәтижесі, бір реттік акт емес. Бұл үлкен, ауыр, көпжылдық процесс, тіпті қайғылы кезең десек те болады. 1991 жылғы 16 желтоқсанда ҚР Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңының қабылдануы, біріншіден, КСРО-дағы саяси, экономикалық, идеологиялық дағдарыстың, кейінірек оның ыдырауының кездейсоқ емес нәтижесі болды.

Екіншіден, тәуелсіздікті алдық дей отыра, оны қайтардық деген дұрыс деп ойлаймын. Себебі Қазақ мемлекеті хандық форма ретінде Ресей империясы отарлағанға дейін болған. Сондықтан қазақ халқының Ресей империясы мен КСР Одағының құрамында 250 жылдан астам уақыт бойы өзінің ұлттық құқықтары үшін тынымсыз күресі Тәуелсіздікді қайтару дегенді Қазақстан халқы кездейсоқ емес құбылыс ретінде қабылдауына ықпал етті. ХХ ғасырдың аяғындағы бұл ашық күрестің өршуі 1986 жылғы желтоқсандағы оқиғалар болды. Сол кездегі қатаң тоталитарлық режимге қарамай, қазақ халқы тәуелсіздікке, өз тілін, өзіндік ерекшелігін, ұлттық мәдениетін сақтауға деген ұмтылысын көрсетті. Ал оларды ұлттық кодты сақтай отырып, одан әрі дамытатын жалғыз эпицентр –  туған жер,   еліміздің  тарихи Отаны ғана қамтамасыз ете алады. Ол – Ұлы қазақ даласы.   

Тәуелсіздік үшін идеялық күрес әрқашан, еш үзіліссіз, ашық немесе жасырын түрде жүргізілді. Оның жанашырлары ХХ ғасырдың бірінші жартысында Кеңес үкіметімен қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ халқының ұлы қайраткерлері, Алаш партиясының өкілдері, басқа да танымал тұлғалар болды. ХХ ғасырдың екінші жартысында тәуелсіздік алу процесінде Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Мұрат Баймаханов, Жабайхан Әбділдин, Манаш Қозыбаев және тағы басқа Қазақстанның ірі ғалымдары мен қоғам қайраткерлерінің еңбегі мен сөйлеген сөзі үлкен рөл атқарды.

Президенттік институтты енгізу, Қазақ КСР-ның «Тілдер туралы», «Қазақ КСР-дағы меншік туралы», «Қазақ КСР-ның сыртқы экономикалық қызметінің негізгі қағидаттары туралы», «Қазақ КСР-дағы шаруашылық қызметтегі еркіндік және кәсіпкерлікті дамыту туралы» заңдарын әзірлеу және қабылдау, Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларацияны қабылдау күрделі жұмыстың қорытындысы болды. Декларация қазіргі Қазақстанның құқықтық негізін қалады. Әлі күнге дейін Қазақстан мемлекеті мен қоғамының саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына өз әсерін тигізіп келе жатыр. Бүгінде Декларацияның қабылданған күн, 25 қазан Ресублика күні болды.

1991 жылдың 8 желтоқсандағы Беловеж келісімінің қорытындысы бойынша КСР Одағының ыдырауы 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Тәуелсіздік туралы» ҚР Конституциялық заңын қабылдауға мүмкіндік тудырды.

Елімізде 31 жыл ішінде талай өзгеріс орын алды. Оның ішіндегі елеулі оқиғаларға тоқтала кетіңізші.

– Тәуелсіздіктің 31 жылы ішінде көптеген ірі және маңызды оқиғалар болды. Солардың ең негізгілеріне тоқталайын. Ол ұлттық дәстүрдің, мәдениеттің жаңғыруы. Саяси репрессияға ұшыраған зиялыларды оңалту. Әлемнің тәуелсіз мемлекеттерінің отбасына, яғни Біріккен Ұлттар Ұйымына кіру. Конституцияны, оған сәйкес заңдар мен заңға тәуелді актілерді қабылдай отырып, тәуелсіз мемлекеттің құқықтық негізін құру. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, әлем елдерінің аумақтық тұтастығы мен егемендігін құрметтеуге, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам құруға бағытталған негізгі халықаралық құжаттарға қосылу. Үстемдік ететін идеологиядан бас тарту, меншік формаларының әртүрлілігі мен теңдігі принципін дамыту. Ядролық қарудан өз еркімен бас тарту. Қазақстан Республикасының шекарасын демаркациялау. Республика астанасын Астанаға көшіру. Қазақстандағы, оның ішінде қазақ халқы өкілдерінің демографиялық өсуі, бұл әлеуметтік-экономикалық өмір сүру жағдайларының айтарлықтай жақсарғанын, отандастардың туған жеріне оралуын көрсетеді. Қазақстанда әлемнің барлық мемлекеттінің мойындауы және оның халықаралық аренадағы беделінің артуы.

Тәуелсіздік күні елімізге қандай мүмкіндік берді?

– Қазақстан халқының өз күшіне деген сенімін нығайтып, оның демократиялық және дамыған мемлекет құру үшін зор әлеуетінің бар екендігін айшықтады. Бүгінде біз өткенге көз жүгіртіп, жеткен жетістіктерімізді бағалай келе, әлі де даму үшін не істеуге болатынын немесе қай жерде қателескенімізді талдай аламыз. Осы ретте мемлекетімізді дамыта отырып, алға жылжып келеміз.

Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы 16 желтоқсан тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек екенін айтқан. Оларды мереке күні еске алып, тағзым ету қаншалықты маңызды?

– Бұл өте жақсы идея. Біз тәуелсіздігімізді сыйлық ретінде алған жоқпыз. Бұл Қазақстанның егемендігі үшін күресушілердің бірқатар ұрпақ күресінің нәтижесі. Жоңғарлардың шапқыншылығына, патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы күресті басқарған қазақ хандары, Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай, Сырым, Исатай, Махамбет батырдан бастап, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушыларға дейін тер төкті. Бұл тәуелсіздік күнін мерекелеу мен мемлекетіміздің егемендігі үшін күрескен барлық адамды еске алу күні.

Тәуелсіздік күнін қалай атап өтесіз?

– Бұл күні өткенді еске алып, елімнің, халқымыздың бейбітшілік пен әл-ауқатта өмір сүруі үшін күш-жігерін аямай, бәрін жасаған адамдарға алғысымды білдіремін. Қазақ халқының болашағы мен қазақ тілін шын жүректен қолдаған ұлы ата-бабаларымыз, өз ұстазымыз, академик Салық Зимановты еске аламын. Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуына үлес қосқан тұлғалар туралы жазылған кітаптарды оқимын. Балаларым мен немерелерімді әңгімеге тартып, осы оқиғалар туралы білгеніммен бөлісіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, мерекелі әзірленген үстел басында өткіземіз. Мен үшін ұрпағымның жан-жақты білімді бола отырып, қазаққа тән ерекшеліктерді сақтап қалғаны, отбасына, жақындарына, Отанына деген сүйіспеншілігін тоқтатпауы маңызды.

Сөз соңында мерекеге орай қазақстандықтарға жылы лебізіңізді білдіре кетсеңіз.

– Біз үлкен геосаяси процестер мен өзгерістердің қиын кезеңінде өмір сүрудеміз. Жаһандық ойыншылар әлемдегі көшбасшылық үшін белсенді қақтығысын жалғастыруда. Осыған орай халқымыз кез келген қиындықты еңсере білетін, одан да мықты мемлекетке айнала алатындай денсаулығы мықты, күш-қуаты көп болса екен деймін. Біздің күшіміз – бірлік, бейбітшілік, жаңашылдық, еңбекқорлықта, өміріміздің барлық аспектілерін жаңғыртуда. Осы қасиеттер біздің мемлекетіміз Қазақстан Республикасын одан әрі нығайта түспек.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Ажар Лаубаева
Бөлісу: