Татарстан президенті оралда «Сабантой» мерекесіне қатысты

12 Қыркүйек 2018, 07:01 2744

 

Татарлардың «Сабантой» мерекесі аясында Оралға Татарстанның Президенті Рустам Миниханов келді.

Аталмыш мейрамға Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, аймақтық татар этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Шара барысында меймандар ең алдымен Қазақстан Республикасының татар этномәдени бірлестігі делегациясымен кездесіп, XIX ғасырдың 70-жылдары салынған, 1895-1905жж. Ғ.Тоқай оқыған бұрынғы медресенің ғимараты, жергілікті маңызы бар XIX ғасырдың діни сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттік қорғауда тұрған ғимарат, Қызыл мешітте арнайы болып, Ғабдолла Тоқай музейімен танысып, Абай Құнанбаев пен  Ғабдолла Тоқайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

 

Елбасының тапсырмасымен салынған Достық үйіне аяқ тіреді, мұнда Қазақстан Республикасының татар этномәдени бірлестіктерімен кездесті.

Содан соң жиналған көпшілік «Сабантой» мейрамына беттеді. Сахнада Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов пен Рустам Миниханов мерекеге жиналғандарды «Сабантой» мейрамымен құттықтап, «Ғабдулла Тоқайдың Евразия мәдени орталығы» ҚБ-нің төрағасы - Р.А.Абузяровқа, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі - Г.Х.Капаковқа алғыс хаттар мен Батыс Қазақстан облысы Татар мәдени орталығына жеңіл автокөліктің кілтін табыс етті.  

Театрландырылған көріністі, «Корэш» белдік күрес жекпе-жегін тамашалап, жеңімпаз палуанға басты сыйлық - жеңіл автокөлік кілті табысталды. Одан соң жоғары меймандар Татарстан Республикасы Ақтаныш ауданының этноауылына барып, Сабантой мерекесіне орай татар халқының ұлттық тағамдары мен салт-дәстүрін, өнерін таныстыру мақсатында ұйымдастырылған көрмені аралады.

Сонымен қатар, қала күні аясында алаңда «Дәстүр» атты мереке ұйымдастырылды. Дәстүрлі әншілер өлең айтып, әндетіп мерекелік алаңға өтті. Қариялар бата беріп, облыс әкімі барша қонақтармен облыстың аудандары тіккен киіз үйлерін аралап көрді. Киіз үйлерде аудандар салт-дәстүрлерін көрсетіп, өнерлерін ортаға салды. Одан кейін мереке қазақтың ұлттық спорттық ойындарымен жалғасты.

Бөлісу: