27 Тамыз 2014, 09:22
Бүгін сіздермен түбі, діні бір туысқан халық татар ұлтының танымал әдебиет өкілдерімен таныстырып, олардың ел арасында кеңінен таралған шығармаларымен бөліскім келеді. Солардың бірі татар ұлтының ардақты ұлдарының бірі, бірінің сүйікті жазушысы – Машқар Гумеров. Жазушы 1927 жылы 11 қарашада Башқұртстанның Асқын ауданындағы Күбияз елді мекенінде дүниеге келген. 1937 жылы отбасымен Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келіп, қазақ орта мектебінде білім алған. Ұлты татар болғанымен, шығармаларын тек қазақ тілінде жазады. Ол еңбек жолын 1953 жылы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі ҚазҰУ) филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін аяқтағаннан кейін, Главлитода цензор, «Қазақстан пионері» басылымдарының әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі болып бастайды. 1957-1977 жылдар аралығында «Қазақстан», «Жалын», «Жазушы» баспаларында редактор болып қызмет істейді. Қаламгердің алғашқы туындысы 1952 жылы «Пионер» журналында «Ұя» деген атаумен әңгімесі жарық көреді. Жазушы қаламынан туған шығармалар: «Ана мен бала», «Үш күн, үш түн», «Қос шынар», «Жоғалған кілт» әңгімелері мен «Асыл дәрі», «Сүйе ме, сүймей ме?», «Хазірет қарғаған ауыл», «Шыңырау», «Құпия дәптер», «Ортаншы ұл» сынды повестері. Сондай-ақ Машқар Гумеров аудармамен де етене айналысқан. Мәселен В.Губаревтің «Павлик Морозов» повесін, қазақстандық орыс жазушысы М.Зверевтің кейбір шығармаларын, болгар жазушысы Роза Хафизованың «Қурай баланың басынан кешкендері» атты ертегі повесін, башқұрт жазушысы А.Хакимовтың повестерден құралған екі кітабын және басқа да шығармаларды қазақ тіліне аударды. Бірнеше повестері мен әңгімелері орыс тілінде жарық көрген. «Ортаншы ұл» атты повестер жинағы үздік деп танылып Қазақстан Жазушылар одағының Сәбит Мұқанов атындағы сыйлығын иеленеді.
Сол сияқты шығармаларын қазақ тілінде жазып, төл әдебиетімізге үлесін қосқан татар ұлтының өкілі Баязитов Саид. Жазушы 1929 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданында өмірге келген. Еңбек жолын 1953-1957 жылдары орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімінен бастайды. 1957-1961 жылдары аралығында Қазақстан Жазушылар одағының Қызылордадағы облысаралық бөлімшесінің әдеби кеңесшісі болады. 1961-1963 жылдары Мәскеудегі Жоғары әдебиет курсының тыңдаушысы болған. Оның алғашқы шығармасы балаларға арналған 1954 жылы «Күтпеген кездесу» деген атаумен әңгімелер жинағы жарық көрді. Осыдан кейін 1956 жылы «Арал Робинзондары», 1959 жылы «Балақалам», 1960 жылы ересектерге арналған «Тюльпандар гүл шашқанда» әңгімелері, 1965 жылы «Хрусталь алқалар», 1967 жылы «Айдарлыдағы кездесу» атты повестері, 1976 жылы «Алтын кілт» әңгімелер жинағы оқырмандарға ұсынылған.
Осы ұлттың тағы бір өкілі – Хамидуллин Асғадулла. Жазушы 1923 жылы 14 ақпанда Петропавл қаласында дүние есігін ашқан. Еңбек жолындағы қызметін 1945–1975 жылдары «Ленинская смена», «Казахстанская правда», «Индустриальная Караганда», «Сельская жизнь» басылымдарында бастап, Қазақ КСР Телевизия және радиохабарлары жөніндегі мемлекеттік комитетінде істеген. Бірнеше очерктердің, орыс, қазақ, татар әдебиеттері жөніндегі мақалалардың авторы. Сонымен қатар Ғабит Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» повесінің, Ілияс Есенберлиннің «Қатерлі өткел» романының теледидарлық инсценировкасын жасаған. Қаламгер 1973-1975 жылдары Ш.Усмановтың «Путь Легиона» повесін, А.Расихтың «Ямашев» романын татар тілінен орысшаға, А.Бәзілбаевтың публицистикалық очерктер кітабын қазақ тіліне аударған.
Жалпы тарихқа көз жүгіртіп қарасақ, қазақ жеріне татарлар патша үкіметінің қазақ өлкесін отарлау саясатын жүргізе бастағаннан кейін қоныс тебе бастаған. Десе де кейбір тарих парақтары, қазақ, татар туыстығы ертеден шамамен 400 жыл бұрын басталғанын айтады. Қалай айтсақ та, айырмашылығынан, ұқсастықтары көп, түбі бір түркі халқының еліміздің дамуына, оның ішінде әдебиеті мен мәдениетіне қосқан, қосып келе жатқан үлестерін жоққа шығара алмаймыз. Оған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтқан сөзі де дәлел. «Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз. Жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі. Бұл – әлемдік үрдіс. Еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірге үлес қосты».