«Тасқынбай деп атаймыз»: Құлсары тұрғыны ТЖ кезінде алғашқы сәбиін өмірге әкелді

20 Мамыр, 06:31 801

Жас ана Жұлдыз Жандосқызы босанғаннан кейін бірден Құлсарыдан эвакуацияланған. Қазіргі уақытта сәби анасымен бірге үйде. Су тасқыны кезінде жас отбасының үйі зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Толғағым қысып Жылыой аудандық ауруханасына сағат 00.00-де түстім, ұлымды 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түні дүниеге әкелдім. Балам үшін аздап қорқынышты болды, бірақ дәрігерлер бәрі жақсы болады деп сендірді. Мен және тағы бір босанған әйел бірнеше сағаттан кейін Бейнеуге көшірілдік - дейді Жұлдыз Жандосқызы.

Бұл жас ананың алғашқы сәбиі. Атасы мен әжесі оны Бекзат деп атауға шешім қабылдады. Бірақ сәби тасқын кезінде өмірге келгеннен кейін, туыстары оны "Тасқынбай" деп атап кеткен.

Жылыой аудандық ауруханасының дәрігерлеріне сын сағатта жанымызда болып, ұлым екеумізге күтім көрсеткені үшін алғыс айтамын. Тіпті, Бейнеу қаласына эвакуациялау кезінде де жанымызда бірге болды. Бейнеулік дәрігерлерге, шығарылғанға дейін көмек пен қолдау көрсеткені үшін көп рахмет, - деді жас ана.

Еске сала кетейік, ТЖ кезінде Атырау облысында Құлсары қаласынан перзентханадан 12 әйел эвакуацияланды, оның ішінде 8 жас босанған ана мен 5 жүкті әйел медициналық ұйымдарға эвакуацияланды.

Перизат Саденова
Бөлісу: