Тасқын судың астында қалған ауылдарда жұқпалы ауру таралуы мүмкін бе? Мамандар жауап берді

25 Сәуір, 15:29 4246

Наурыз айының соңынан бастап, еліміздің 10 аймағын қызыл су басты. Кейбір аймақтарда жағдай тұрақталғанымен, әлі де қауіп сейілмей тұрған өңірлер бар. Сосын жер құрғағанымен, су тасқан аймақтарда түрлі инфекциялық аурулар таралуы мүмкін. Бұл туралы мамандар бірнеше рет дабыл қақты. Бүгінгі таңдатиісті мамандар тұрғындар арасында жұқпалы және аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша санитарлық-ағарту жұмыстарын бастап кетті. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі аталған мәселе бойынша мамандармен тілдескен еді.

Ауру тарамас үшін алдын алу жұмысы жүргізіліп жатыр

Бүгінгі күні қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының әр өңірдегі филиалдарының мамандары су тасқынынан зардап шеккендерге берілетін судың сапасына санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізе бастады. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалы директорының орынбасары Ғазиз Надуев ауру тарауы әбден мүмкін екенін айтады.

Бүгінде су басқан аймақтардағы жергілікті тұрғындар эвакуацияланған пункттерде орналасқан. Бұл орындарда біздің Ұлттық сараптама орталығының зертханалары бар. Ондағы мамандар күнделікті ішетін суды, жейтін тағамның бәрін зерттеуден өткізіп жатыр. Су тасқыны болған барлық өңірде зерттеулер жүргізілуде. Бізде суға және тамаққа байланысты зерттеу ай сайын жоспарлы түрде өтеді. Десе де, мұндай ахуалға байланысты халық ішінде ішек инфекциялары, дизентерия, сальмонеллез сияқты аурулар тарамас үшін жиі сараптама жасалып, күнде талдама алынып отыр, – дейді Ғазиз Надуев.  

Облыстарда ұйымдастыру методикалық көмек бойынша аталған мекеменің қызметкерлері жүр. Талдау нәтижелері бойынша бұл жерлерде ауытқу анализдері шықпағаны айтылуда. Барлығы талаптарға сай жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Бізді уайымдататын бір жайт бар. Ертең су тартылған соң, халық үйіне қайтады. Бала-шаға сыртқа шығып, топырақты қолмен ұстап ойнайды. Суды, топырақты басқан олар аяқ киіммен үйге кіреді. Әжетхананың бәрі сумен шайылып кетті. Даладағы жердің бәрі лас. Осындай жағдайда жеке бас гигиенасын қатаң сақтау керек. Бұдан бөлек қайнаған су ішіп, қолды жуу керек деген сияқты санитарлық ағарту жұмыс халықтың арасында жүргізіліп жатыр. Сумен бірге шайылып кеткен құдықтардың бәрін пайдаланбас бұрын дезинфекция жасалады. Содан кейін ғана зертханалық тексеруден өтіп, су біздің талапқа сәйкес болған кезде халыққа пайдалануға рұқсат етіледі, – дейді маман.

Ал сыртқа шығып қалған қалдықтар мен өлексені ветеринаралық қызметкерлер арнайы малдың өлексесін жерлейтін жерге апарып көмеді. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қазір әр аудан, қала бойынша жедел штабтар құрылғанын атап өтті.

Өлексенің бәрі көміледі. Бұл жұмыстардың барлығын ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері қолға алып, бірлесіп жұмыс атқарып жатыр. Ал топырақтан да қауіп болуы мүмкін бе деген сауалға келсек, оның бәрі сумен шайылып топыраққа сіңіп кетті. Бізді қатты уайымдататыны сібір жарасы болып отыр. Егер малдың өлекселері жерленген жер сумен шайылып кеткен болса, ондағы су топырақпен бірге жерге сіңіп кетеді. Сол себепті ветеринарлық қызметкерлермен бірге бұл топырыққа да дезинфекция жүргіземіз, – дейді. 

Зерттеуді уақытылы, сапалы өткізу үшін сол өңірлердегі эпидемиолог дәрігерлер оны қадағалауды жалғасытруда. Десе де, ауру тарауы әбден мүмкін екенін айтады.

Себебі ертең тұрғындар біз айтып жатқан гигиеналық талаптарды сақтауы да, сақтамауы да мүмкін ғой. Қазіргі болжам бойынша ішек инфекциялардың өсімі байқалуы мүмкін, – дейді Ғазиз Надуев.

Жұқпалы аурудың қоздырғышы болуы әбден мүмкін

Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы Жұмабек Бекенов қарғын су еңіске қарай аққанда, жер үстіндегі түрлі қоқыс-қалдықтар, химиялық заттар, ауру мал жерленген қорымдар мен зираттарды шайып өтіп елді мекенге жететінін тілге тиек етті.

Бұл судың құрамында ішек ауру, сары ауру, сіреспе тағы басқа сол аймақтың аумағына байланысты жұқпалы аурулардың қоздырғыштары болуы әбден мүмкін. Алайда бұл жұқпалы аурулардың адамдар арасында пайда болып, таралуына тосқауыл қою үшін бірқатар шараларды атқаруымыз керек, – дейді.

Ол үшін мына санитарлық талаптарды сақтау қажет:

Бұдан өзге маман қазір судың беті біраз қайтқанын, осыдан кейін де қандай жұмыстар атқарылуы тиіс екенін атап өтті.

Бас маман ауыз судың сапасын үнемі бақылауда ұстау қажеттігін айтады. Өйткені сумен жұқпалы аурулар тез тарайды. Барлық жерде су құбыры жоқ. Сол себепті құдықтардың іші міндетті түрде тазартылып, беткі қабатындағы топырағы алынып, сараптама алынған соң ғана ішілуі керек екенін атап өтті.

Бұл жұмыстарды қазір санитарлық-эпидемиолог мамандар жүргізіп жатыр. Одан бөлек кеміргіштер мен өзге де жәндіктер құрғаққа қарай қашады. Олар табиғатта ауру көзін тасымалдаушы-сақтаушы, адамдарға ауру таратушы болып есептеледі. Сол себепті су тасқыны болған елді мекендерге дезинсекция және дератизация жасалу керек, – дейді жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы Жұмабек Бекенов.

Бүгінде орталық мамандары елді мекендерге әсіресе, аса қауіпті ауру сібір жарасымен ауырған мал көмілген орындарға жергілікті санитарлық қызметкерлерімен бірге солтүстік, батыс облыстарды аралап, тексеру жұмыстарын жүргізді.

Ал Атырау облысының Құлсары қаласындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанымен, төтенше жағдай режимі сақталуда. Су тасқынынан зардап шеккен ауданда халыққа берілетін судың сапасына санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жалғасуда.

Төтенше жағдайдың барлық кезеңінде санитарлық-химиялық, микробиологиялық зерттеулерге 500-ге жуық су, тамақ өнімдерінің сынамалар жасалды. Эвакуациялық пункттерде күн сайын бактериологиялық және санитарлық-химиялық зерттеулерге тамақ өнімдерінің сынамалары алынған. 

Қалдықтың бәрін су тасқыны шайып кетті

Ал тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікова мұнай өндіретін өңірлерде әсіресе, Атырауда мұнайдың қалдықтары жиналып көлшік ретінде жатыр. Бұған дейін соны тазалатуға міндеттеу деген мәселелерді жергілікті белсенділер көтергенін айтады.

Бірақ бұл мәселенің қаншалықты шешілгендігі беймәлім. Су тасқыны болған кезде қалдықтар сумен араласып кетеді. Одан кейін теңізге барып құяды. Бұл жердегі бірінші мәселе теңіз бен судың ластануы. Яғни, флора мен фауна зардап шегеді. Бұдан өзге елді мекендердің ішінде ауылдардың айналасында заңсыз жатқан қалдық полигондар бар. Оны да су тасқыны шайып кеткен болуы мүмкін. Тіпті, үлкен қалалардың айналасындағы полигондардың өзі біздің санитарлық талаптарға сай емес. Осындай су тасқыны болған кезде бұл жердегі қалдықтың бәрі араласып жатыр. Қазіргі жағдайда біз тек салдарымен күресіп жатырмыз. Мұның бәрі тасқын сумен араласып, тірі организмдерге кері әсерін тигізуі мүмкін, – дейді Лаура Мәлікова.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: