Тасқын судан зардап шеккен аймақтар қалпына келтіріледі

25 Сәуір, 12:10 622

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА отырысында табиғат апатын еңсеретін күн алыс емес екенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның сөзінше, тасқын су кеткен соң одан зардап шеккен аймақтар қалпына келтіріледі,  азаматтарға шығындарын өтеу үшін тиісті өтемақы төленеді.

Үй-жай құрылысы басталады, баспана беріледі, бүлінген инфрақұрылым жөнделеді. Осы қыруар жұмыс өте аз уақытта, яғни жаз бен күздің 5-ақ айында аяқталуға тиіс. Бірақ біз бірлесіп, бұл шаруаны абыройымен атқарып шығамыз деп сенемін. Алапат тасқынның кесірінен мыңдаған адам мал-мүлкінен айырылып, табыссыз қалды. Сондықтан мемлекет азаматтарды қолдау үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Зардап шеккен әр шаңыраққа бір реттік көмек беріледі. Бұдан бөлек, шығынды санағаннан кейін жойылған немесе зақымдалған мүлік үшін де өтемақы беріледі, - деді ол.

Сонымен қатар, мемлекет бүлінген баспаналарды жөндеп, қирап қалған үйлердің орнына жаңасын салатынын атап өтті.

Өзен жағасына үй салу қауіпті, оны қайтадан су шайып кетуі мүмкін екенін ескерген жөн. Сондықтан құрылыс салатын жерді таңдағанда елді мекеннің гидрологиялық және географиялық ерекшелігін қаперде ұстаған абзал. Әкімдіктер тиісті ереже талаптарын қатаң сақтауға тиіс. Алдағы ауқымды құрылыс жұмыстары жұртқа жаңа мүмкіндіктер береді деп ойлаймын, - деді Президент.

Мемлекет басшысы үйін өз күшімен қалпына келтіремін деген азаматтарға өтемақы төлеудің бөлек жолдары қарастырылатынын айтты.

Ең бастысы, қаражат баспананы жөндеуге жұмсалуы керек. Шығынды өтеу және мүлікті қалпына келтіру туралы өтінім беру үдерісі цифрлық форматта жүзеге асырылады. Әрбір елді мекен жұртқа жәрдем беруге ниет білдірген ірі кәсіпкерлерге бекітіліп беріледі. Сонда олар өздері бөлген қаржының қайда жұмсалып жатқанын нақты көре алады. Тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмысын өзім жеке бақылауға аламын. Қарғын судан зардап шеккен адамдардың несиесін төлеу мерзімі үш айға дейін шегеріледі. Сондай-ақ төтенше жағдайға байланысты төлем уақытын өткізіп алған борышкерлерге айыппұл және өсімпұл салынбайды, - деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, мемлекет табиғат апатынан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне, су шайып кеткен аудандардағы шаруаларға қолдау көрсетеді.

Атап айтқанда, осы өңірлердегі кәсіпкерлер мен шаруалардың несиесіне және лизинг төлемдеріне қатысты пайыздық өсімді төлеу мерзімі кейінге шегеріледі. Сондай-ақ егіс науқанын уақтылы және ойдағыдай өткізу үшін диқандарға қажетті көмек беріледі. Тағы да қайталап айтамын: осы қиын-қыстау кезде ешкім ескерусіз қалмайды. Мемлекет барлық міндеттемесін толық орындайды, - деді Президент.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: