Ташкентте «Қазақстанда тұратын өзбек халқының фольклоры» кітабы таныстырылды

15 Қараша 2019, 16:30 3237

Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Жазушылар үйінде өзбектің мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, зиялы қауыммен кездесті.

Аталмыш шараның ұйымдастырылуына Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстанның Ғылым Академиясы мұрындық болған еді. Кездесуді Өзбекстан Ғылым Академиясының вице-президенті Б.Абдухалимов жүргізді. Бұл кездесуге сондай-ақ, Өзбекстандағы Қазақстан Елшісі Д.Сатыбалды, Өзбекстан Жазушылар Одағының төрағасы С.Саййид, Ғылым Академиясының институт директоры Н.Махмудов, Қазақстанның қоғам қайраткері Р.Халмурадов, Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының төрағасы С.Үсенов, Қазақстандағы «Дустлық» өзбек қоғамдық бірлестіктері Қауымдастығының төрағасы И.Хашимжанов, Өзбекстанның қоғам қайраткері, ақын М.Ахмедов, Ғылым Академиясының бөлім меңгерушісі М.Жураев қатысты.

Кездесуде Жансейіт Қансейітұлы өзбек зиялыларының қызығушылығын тудырған Н.Назарбаевтың әлем назарын аударған қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік үлгісін, сондай-ақ, «Қазақстанда тұратын өзбек халқының фольклоры» кітабын таныстырды.

«Әрбір халықтың ауыз әдебиеті – оның бай мұрасы. Бай фольклоры бар елдің тарихы да бай, болашағы да жарқын, ал халқының өмір философиясы терең. Ауыз әдебиетінің Орталық Азия мен Ұлы дала халықтарының арасында маңызы жоғары болды. Ол ежелгі уақыттан халықтар тарихын, мәдени байлығын келер ұрпаққа жеткізудің құралы болатын. Қазақстан Республикасы – көптеген этностардың Отанына айналған мемлекет. Біз барлық этностардың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтауға барлық жағдай жасап келеміз», - деді Жансейіт Түймебаев. Әрбір этностың ұлттық кодын сақтау қажеттілігі туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да айтылған болатын. Жансейіт Қансейітұлы осы бағдарлама тұрғысынан, Қазақстандағы өзбек этносының мәдениетін дәріптеу мақсатында кітап шығару - қоғамдық сананы жаңғырту аясында маңыздылығы жоғары іс болғанын айтты. «Дәстүрлі мәдениет ұлттық бірліктің негіздерінің бірі болып табылады. Біздің мемлекет ауыз әдебиетін дамыту, халық шығармашылығының үлгілерін жинақтап, оны жас ұрпаққа үйретуге аса көңіл бөлуде», - деген Ж.Қансейітұлы бұл кітаптың Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Дустлық» қауымдастығының мұрындық болуымен жинақталып, шығарылғанын айтты. Кітапқа Шымкент, Түркістан қалалары мен Сайрам, Манкент, Қарабұлақ, Қарнақ тұрғындарының айтуы бойынша қағазға түсірілген халық шығармашылығының ауызша үлгілері енгізілген.

«Бұл еңбектің екі елдің татулығы мен достығының берік белгісіне айналатынына сенімдімін. Сондай-ақ, ол ғасырлардан жалғасып келе жатқан туыстық қатынастарды нығайтуға қосылған жаңа үлес болады», - деді Ж.Түймебаев.

Кездесу соңы Қазақстанның өзбек этномәдени бірлестіктерінің мерекелік концертіне ұласты.

 

 

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Бөлісу: