Tarmaqtar жобасының жетекшісі: Оқырман ешқашан жоғалмайды

17 Шілде 2023, 10:05 2040

Tarmaqtar жобасы – қазақ поэзиясынан сүбелі, ойлы, тәтті тармақтарды жариялап отыратын әлеуметтік желі парақшасы. Екі жыл бұрын Instagram әлеуметтік желісінде тағаны қаланған «Тармақтар» парақшасы қазақ поэзиясының мерейін көтеріп, оқырманды сөз патшасына іңкәр етіп келеді. Өлеңнің құдіреті арқылы қаншама жүректі әлдилеп, көкейіндегі сырды айта білді. Әдебиеттің мейманасы тасып, сөз өнері салтанат құрған елдің рухы да сергек болмақ.

Tarmaqtar жобасы екі жылда жинаған 37,5 мың оқырманның шөлін басып қана қойған жоқ қазақ руханиятына қызмет етті. Поэзиядай ақсүйек жанрды насихаттау – ұлттың жанын кірден тазартып, рухын көтергендік. Олар өздерін «Қазақ әдебиетінің эстетикасы», «Жан тыныштығы министрлігі» деп атайды. Ақындардың қаламынан төгілген жауһардан тұратын жоба – жаныңыздың тылсым шүңетіне шым батырады. El.kz тілшісі Tarmaqtar жобасының жетекшісі, ақын Рысгүл Досжановамен әдеби жоба мен бүгінгі әдебиеттің тыныс-тіршілігі хақында әңгімелесіп қайтып еді.

– Құрметті Рысгүл ханым! «Тармақтар» жобасын қазақ әдебиетінің эстетикасына айналдыра алдыңыз. Сөз басын осы тамаша жобаны бастауға не түрткі болды, керемет идея қалай туғаны жайлы бастасақ.

– Tarmaqtar жобасы кеше ғана басталған сияқты еді, қазір ойлап қарасам, 2 жыл болыпты. Әлеуметтік желі беттерінде қазақ поэзиясы трендке айналсын, жастар арасында танымал болсын деген идеямыз өзінің шарықтау шегінен де асып жүзеге асты. Өйткені тек желімен шектелмей кітап та шығардық. 2000 дана кітап 2 айда сатылып, қазір қайтадан баспадан басылып шығуда. Күнде кітап сұрап жазған оқырманға «кітап таусылып қалды» деп жауап берудің өзі бақыт сыйлайды. Түсіне білген адамға.

– Тармақтарды алғаш жүргізе бастағанда көңіліңізде қобалжу көп болған шығар? Алдыңызда кездескен бөгеттерді әдебиетке деген адалдығыңызбен бұзған боларсыз?

– Тармақтарды алғаш жүргізе бастағанда, авторы өзім екенімді айтқым келмеді. Себебі, сол қорқыныш болды. Біздің әдебиеттің адамдары жүрегі жұмсақ болғанмен, сырттай қатал. Сынауға келгенде ешкімді аямайды ғой. Сол үшін... құр тармақ жариялағаннан не пайда, бұл парақшаны уақыт кетіріп не үшін жүргізесің, не береді деп күліп қарағандар болды.

– Қазақ поэзиясындағы том-том кітаптарды парақтап, оның ішінен ең сүбелі тармақтарды таңдап шығудың өзі үлкен еңбек. Өлеңдегі ең көркем тармақты қалай таңдап аласыз?

– Бізді өсірген бір дүние болса, біз әр тармақты талғаммен таңдадық. Қолына қалам ұстағанның бәріне «оқырман» болуға мүмкіндік болғанымен, тармағы оқылатын «ақын» болуына мүмкіндік жоқ. Өшіретін де дүние осы болса керек. Өйткені менің өлеңімді неге салмайсың деп әкіреңдегендер де болған.

Талғамға талас жоқ. Бірақ біз оқырманның талғамын қалыптастыра алдық...

– Жоба арқылы, сіз арқылы көптеген адам поэзиямен танысқаны хақ. Парақша көбіне өлеңнің мәртебесін көтереді. Ал қазақ прозасының эстетикасын қалай көрсетсек болады?

– Мен қазақ прозасын дамыту туралы шынында көп ойладым. Өзімнің осы стратегиямды пайдаланып, парақша ашу, оны дамытуды да ойлағам. Бірақ екі кеменің басын ұстай алмайтынымды түсіндім. Өйткені, тармақтар парақшасын жүргізу менің кейде бір күнімді алады.

Біздің прозаға және прозаиктерге пиар жетпейді. Егер әлемдік әдебиеттегі жастар арасындағы Эльчин Сафарли сияқты біздің жастар насихатталғанда, проза мөлдірлігі мен оқылымы сол деңгейден әлдеқайда асып түсер ме еді.

– Тармақтардың сүйікті, адал, жанашыр оқырмандары, олардың мөлдір сезімі мен шынайы қолдауын сезінген сәттер аз болмаған шығар?

– «Тармақтар үшін рақмет», «қазақ поэзиясына маркетинг бағытын әдемі әкелдіңіз», «тармақтарды жақсы көреміз», «тармақтар парақшасын қызғанамыз» деген сияқты сөздерді көп естимін. Мені өмірімде тек жақын адамдарым құшақтапты. Ал соңғы екі жылда қай қалаға барсам да, «тармақтардың оқырманымын, сізді құшақтасам бола ма» дейтін оқырмандар шыққанда... алғашқы кезде таңқалатын ем. Қазір тек қуанамын. Енді бұл сұраққа неше түрлі оқиғаны айтуға болатын еді, мақтана алмайтын адам болған соң, ұяңдығым бәрін жеңіп тұр.

– Сіздер Түркістан, Шымкент, Қызылорда, Астана, Қарағанды қалаларында әдеби кеш өткіздіңіздер. Осы кешті ұйымдастыруда неге көңіл бөлдіңіздер? Жаттанды кеш өткізу дәстүрін бұзу оңайға түспеген шығар?

– Кеш өткізудің форматын өзгерткіміз келді. Өзгерттік. Адамдар өздері билет сатып алуға кезекке тұрса дедік. Тұрды. Үлкендерге жалтақтамадық. Шапан жаппадық. Алғыс айтпадық. Бәрі жүректе болды. Өлең деген тазалық қой. Сол тазалықты сақтағымыз келді.

– Әр өңірдегі оқырмандарыңыздың эстетикалық талғамы алуан түрлі болған шығар? Қазір қоғамда әдебиет оқылмайды, оқырманды жоғалтып алдық деген сөз жиі айтылады. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?

– Оқырман ешқашан жоғалмайды, жоғалған емес. Ал, «оқырманды жоғалту» деген терминнің бары рас болса, ең бірінші ақын-жазушы өзі бірінші қадам жасап, оқырманы іздеп оқитын деңгейге шығу керек. Өмірде де, қарапайым адам боп өмір сүру ережесінде... ең керек адамыңды іздейсің ғой. Оны жоғалтпауға, сақтауға тырысасың. Әдебиет те, өлең де сол сияқты.

– Жобаңыз кітапқа, идеяңыз шындыққа айналды. Кітаптың сатылымы да керемет. Бөгенайы бөлек осы кітап жайлы тоқтала кетсеңіз.

– О, бұл кітап жайлы мен қанша түн армандадым. Қиялдадым. Қатты қаладым. Кейде, Құдай қатты қалаған дүниеңе қол жеткізбей, алыстатып та қояды. Сүрініп, жығылсақ та, жеттік. Мен өзім ақын болғанмен, кітап шығармағам ғой... алғашқы кітабым 200 автордың басын біріктіріп, оны бүкіл республикаға тарата алғанымен сәтті болды. Жобаның кітапқа, идеяның шындыққа айналуында үлкен күш, қажырлы еңбек жатқанын ұмытпау керек. Өйткені, шынайы еңбекпен, ізденіспен келген дүние ғана жан сүйсінер нәтиже беретініне осы кітап арқылы көзім жетті. Мысалы, біз осы күнге дейін кітаптың сатылымы жайында өте көп мәселе бар екенін естіп келдік. Көп ақынның кітабы шыққаннан кейін туған мен туысқа, таныс пен досқа ғана таратылып, сол ортаның аясында қалып қояды. Ал нағыз құнды кітап республиканы, тіпті әлемді аралап кете алатын кітап болуы керек. Қазіргі таңда кітапқа деген жастардың сұранысы артып, республика бойынша таралуы үшін ең бірінші әлеуметтік желідегі белсенділігі, танымалдығы бәрінен маңызды болып тұр. Tarmaqtar сол жағынан ұтты деп ойлаймын. 1,5-2 жылдық еңбектің нәтижесі кітап шыққан кезде көрінді. Өйткені, біз 18 күннің ішінде 1000 кітапты бірден саттық және таратып та үлгердік. 2 айда 2000 дана кітап сатылғаннан кейін «Мазмұндама» баспасы қайтадан басып шығарып, қазір барлық кітап дүкендерінде ай сайынғы сатылым бойыншы алдыңғы орынды бермей келе жатыр.

– «Tarmaqtar» осы кітаппен тоқтап қалмас. Алда да үлкен жоспарларыңыз бар шығар?

– Кітапқа деген сұраныстың көптігіне қарап биыл екінші бөлегін шығарамыз деп шешім қабылдадық. Тармақтардың екінші кітабы көптеген тосынсыйларға толы болады. Тармақтар десе креативті жоба ретінде қарайтын оқырмандардың талғамы да қалыптасып қалғандықтан біз де әрбір шығарылым сайын қалай таңғалдырсақ екен деп ойланатын болдық. Ендігі шығатын  кітап шыққан кітаптан асып түспесе кем соқпауы керек деген межені қоя білдік. Қазір сол кітаптың жұмысы басталып кетті. Кітаптың екінші бөлегін күтіп жүрген оқырмандардан біз сүйінші сұрап та үлгердік. Өйткені сауалнама немесе оқырманның реакциясы арқылы екінші кітапқа деген сұраныс бар ма, жоқ па соны да анықтап алу керек болды. Екінші кітап шыққан кезде жаңа айтқанымыздай оқырманды көптеген тосынсый күтетін болады. Тіпті шетелдерге жолдама ойнатамыз деген жоспарымыз да бар. Осындай әдемі дүниелерді ұсына білсек, оқырманның бізден аяр ештеңесі жоқ болса, біздің де оқырманнан аяр ештеңеміз жоқ. Бүгінге дейінгі жеткен жетістігіміз, шыққан биігіміздің барлығы оқырманның арқасы.

– Шынайы әңгімеңіз үшін рақмет! Алдағы кітапқа ақжол тілеймін!

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: