Тарихы терең, қойнауы кең Қобда өңірі

30 Қыркүйек 2021, 18:07 10425

Киелі өлке

 

Екі құрлықтың арасында орналасқан Қобда өңірі арқылы ғасырлар бойы халықтар мен мәдениеттердің араласуы жүрді. Қобданы осы әртүрлі ұлыстар мен мәдени ошақтар қарым-қатынастарының үнсіз куәсі десе болады. Киелі жердің өткен жолын зерделесек, Қобда жері Батыс Қазақстан тарихи-мәдени қауымдастығының ерекше де шағын бір бөлігін құрайды. El.kz порталы А.Бисембаевтың «Ақтөбе облысының тарихи-мәдени және табиғат мұралары» атты еңбегіңе сүйене отырып, Ақтөбе облысындағы Қобда ауданының тарихы, өңірдегі жер-су аттарының ерекшеліктері және этнографиясы туралы баяндайды.

Өлке тарихы

Тарихи құжаттарға сүйенсек, Қобда ауданының аумағына қоныстану шамамен бұдан 4-5 мың жыл бұрын басталған. Халық негізінен өзен жағасында, шабындық жерлерде, көшпенді мал шаруашылығымен айналысты. Бірақ бұның барлығы баяғыда өткен. Ал қазіргі тұрғылықты елді мекен, құжаттарға сүйенсек 1900-1905 жылдардан қалыптасқан. Бұл жерге Украинадан, Ресейден, Молдавиядан және тағы да басқа аймақтардан қоныс аударып келіп жатты. Көшіп келушілердің басты мақсаты әртүрлі жақсы өмірді аңсаған.

 

1891 жылы шіркеу жанынан ашылған небары 4 кластық мектебі бар үлкен елді мекен болған. Ол өте қиын заман болды және ол кездегі адамдарда ендігі жоқ, ал қалған адамдары да бұл елді мекеннің қай уақытта Шикуновка деп аталғанын естерінде сақтамаған, бірақ сонда да ауыл алды мен Новоалексеевка, кейін Қобда деп аталғаны белгілі.

 

1929 жылға дейін осы аудан аумағында екі аудан: Хобда (қазақ аудан) және Новоалексеевка (орыс аудан) деген аудандар болып кейін оларды біріктіру қажеттігі туған. Сол себепті 1929 жылғы 1 маусымда екі аудан біріктіріліп, «Қобда» деп аталды, ал орталығы болып Новоалексеевка ауылы қалды. Аудан көлемі шамамен 2 мың шаршы километрді құрайды. Сол кезде аудан 107 қазағы, 30 орысы бар барлығы 137 адамы бар 20 қазақ ауыл кеңестерін және 18 селолық кеңестерін қамтыды.

 

Көктемгі салық есебінің мәліметтері бойынша аудан 8029 шаруашылық, соның ішінде 5030 қазақтар, 2999 орыстар жалпы саны 35133 адам болды, оның 21077-і қазақтар болса, 14056-сы орыстар еді. Тұрғындар негізінен ауылшаруашылығы астық (бидай, тары) мал шаруашылығымен (ет-сүт өнімдері) қой, жылқы шаруашылықтарымен айналысты. 1929 жылдың 1 маусымындағы есеп бойынша ауданда 8008 ат, 3323 түйе, 11245 өгіз, 43915 ірі қара, 26129 қой, 2110 ешкі, 736 шошқа болған.

 

Сол кезде ауданда бірде-бір жоғары білімді маман жоқ. 35 мұғалім, оның ішінде 14 қазақ мұғалім, 34 мектепте жұмыс жасады. Бала саны 1322 болды. Сауатсыздықты жою үшін 13, ал оқуды үйрету үшін 2 пункт жұмыс жасады. Облыс пен аудан арасы халықаралық жол болып саналатын қатты жол болды. Ақтөбе мен Қобда ара қашықтығы 110 км, Қобда мен Мәскеу 1639 км, ал Алматыға дейін 2390 км.

 

Қобда ауданы аумағында «Бесқопа» және «Жиренқопа» атта аңшылық шаруашылығы бар.

 

Қобда жерінде туып өскен Кеңестер Одағының 7 батыры неміс фашист басқыншыларына қарсы кескілескен соғыста ерлік көрсетті. Көне заман тарихы мен мәдениеті туралы құндылықты ескерткіштер жетерлік.

 

Көпке танымал болған Абат-Байтақ мазары туралы, әлі қыр-сыры ашыла қоймаған, Шоқпар орманы, Сабынкөл өзені, Көк үй ауылының табиғаты туралы да кейінірек сөз болды. Сонымен қатар, Қосөткел тоғайы, мектеп оқушыларының демалыс лагерлері, демалыс орындары орналасқан.

Өңірдегі жер-су аттарының ерекшеліктері

Қобда өңірінде қазірдің өзінде 50-дің үстінде елді мекен атаулары бар. Бұлардың көбісі Ресейден қоныс аударушылар, жатақшылардың келіп орналасуы. Кеңес үкіметінің кемелді шағындағы саяси-идеологиялық телімдер, одан бермен қарай тың игеру заманындағы тың атаулардың әсерінен тарихи аттары мүлдем жоғалып кеткен. Ал, кейбіреулерінің көмескі көлеңкесі ғана қалған. Барлық елді-мекен аттарын қысқа мерзім ішінде қамтып шығу мүмкін емес.

 

Әлия Молдағұлованың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында, туған жеріне батырдың есімін беру кезінде көптеген қиыншылықтар пайда болды. Қазіргі Әлия ауылы бұған дейін Әлпісай, Әлпайсай, Алпысай деп аталып, нақты атауын ешкім де айтып бере алмады. Көне көз қариялардың айтуы бойынша оның тарихи астарына, сөздің фонетикалық өзгеріске ұшырау заңдылықтарын зерттей келе, осы сайдың аңғарында Әліп деген байдың мыңғырған малы жусағаны, сол себептен дұрыс атауы Әліпбайсай екендігі анықталды. Әліпбайсай ауылын, тұрғындардың сұранысы бойынша батыр жерлестерінің рухын асқақтату мақсатында «Әлия» деп атады.

 

Сол сияқты іргемізден ағып өтетін Қобда өзені, оның жағасынан қоныс тепкен Қобда ауылы атауының мағынасын да ешкім біле бермейді. Бұл жөнінен «Қобда» сөзінің түп төркіні төңірегінде көптеген топшылаулар бар. Мағынасы жағынан жақыны Иран тіліндегі Ховза, яғни су қоймасы деген ұғым сәйкес келетінге ұқсайды. Бұл термин Орта Азия, Түркі тілдерінде (өзбекше Ховза, түрікменше Ховдан) гидронимдерге айналған су қоймасы дегенді білдіреді, және бір қызығы Хобдо өзені Моңғолия елінде де бар екен. Моңғол тілінше «Хоббе, гоббе» сөзі «Қалың құм» деген ұғымды берсе, алтай-саян түркі тілдерінде «Хобу», «Құрғақ арна» ұғымына келеді, яғни суы тез тартылып, қар-жаңбыр суымен арнасын толтырып отыратындықтан осы атауды теліген болуы мүмкін. «Қобыланды батыр» жырында Қобда өзенінің атауы «... Бала ойнаған басында, Бала Қобда болсын деп, Бұны да Қобылан қойған жер... » деп, бірнеше рет аталынып өтеді. Соған қарағанда бұл өте ертеректен келе жатқан атау болуы керек.

 

Сондай-ақ, Қобда – Ақтөбе облысындағы өзен және аудан атаулары. Бұл атаудың төркінін іздестіруші екі автор бір ізден шығып, оны парсының «Су қоймасы, бассейн» мағыналарын беретін – «Хавза» сөзімен туыстырады. Парсы тілінде мұндай сөздің бар екенін теріске шығара алмаймыз. Осы сөздің қатынасуымен Түрікмен республикасының ірі қалаларының бірі – Ташауздың пайда болғаны да рас. Алайда, Қазақстан жерінің солтүстігіндегі Қобда өзенін парсының «Хавза» сөзімен жанастырудың қисыны келмейтін тәрізді.

 

«Қобда» сөзінің төркінін түркі тілдерінің өзінен, әрі кетсе туыстас тілдерден іздестірген шындыққа жақын келмек.

 

Ең алдымен ертедегі түркі жазба ескерткіштеріне назар аударсақ, «Қопдақ» немесе «Қовдақ қовдаш» сөздерін кездестіреміз, мағынасы – «Сараң, тойымсыз, обыр». Енді қазіргі кездегі түркі тілдері деректеріне жүгінсек, якуттарда: «Хобдох» - «Жаман, қанағаттанарлықсыз»;

 

Тува тілінде: «Хоптак» - «Мешкей», қомағай» ұғымдарын береді.

 

Моңғол тобындағы тілдерге келсек, моңғолдарда: «Ховдог» -«Тойымсыз, ашқарақ, қомағай», ал қалмақтарда; «Ховдг» тұлғалы сөз мағынасы – дәл моңғол тіліндегідей, бурят тіліндегі «Хобдог»-тың да түсініктері моңғол мен қалмақ тілдерімен бірдей.

 

Тунгус-маньчжур тобындағы кейбір тілдерден де осыған сәйкес сөздерді ұшыратып, мағыналарының да алшақ кетпейтіндігін байқаймыз.

 

Жоғарыда көрсетілген тіл деректерін салыстыра отырып, мынадай жорамалға жол беру ойындамыз.

 

«Қобда» өзені өтіп жатқан жердің табиғаты – үстіртті жазық әрі бор мен саз балшықты екенін ескерсек, кішкене өзеннің суы соларға сіңіп, өзге жерге өрістей алмайтын жағдайы байқалады. Осы себептен де жерді сумен толық қанағаттандыра алмауы да заңды. Оның үстіне жаңбыр суы да аз. Демек, өзен арнасының сулы деңгейі төмен деген сөз. Осы жаратылысына байланысты қазіргі «Тойымсыз, обыр» мағынасындағы ерте уақыттағы түркі сөзі «Қобда» өзен атына меншіктелген деуге болады.

 

Қобда өңіріндегі елді-мекен атаулары көбісі сол жердің географиялық-топографиялық ерекшеліктеріне байланысты қойылған.

 

Қаракемер – «Кемер» сөзін профессор К.К.Юдахин иран тілі негізіндегі «Су орған саға, кеспе сай» мәндеріндегі термин деп қараса, Э.М.Мурзаев «Кем» түбірін үнді-иран тілдеріндегі «Су» ұғымын беретін сөз» деп түйеді. Қаракемер бұрында Брусиловка деп аталған. Брусилов деген генерал Қызылжарда өз қаржысына шіркеу салдырған. Ол шіркеу күні кешеге дейін тұрды. Ал аталмыш бөлімше сол генералдың атымен аталып кеткен.

 

Қызылжар – көптеген мекен және елді мекен аттары. «Қызыл» сөзінің мәні жардың топырақ бетінің реңімен байланысты. Ресейден жер аударылып келгендер жаңа ауылдың атын екінші қобда деп атады. Ауыл биік жардың бойында салынған соң және топырағы қызғылт болғандықтан Красный яр, яғни Краснояр деп аталды. 1917 жылы үлкен ауылға айналды. Нарықтық экономикаға байланысты «Краснояр» қой совхозы 1994 жылы ұжымдық кәсіпорынға айналды. Бүгінгі күнде ол Қызылжар ауылы деп аталынып жүр.

 

Жарық – совхоз орталығын белгілеп, жер өлшеп, картаға түсіріп жүргендер жыра бойында мал бағып отырған Балия деген әйелден «Мына жер қазақша қалай аталады?» деп сұрапты. Әлгі әйел жаңбыр суы аққан жерді жырық деп атайды деген екен. Содан картаға жырық сөзі «Жарық» болып енген көрінеді. Ал, жарық сөзінің этимологиялық түп төркініне назар аударсақ, «Чарых» түркі халықтарының этникалық тобына келеді.

 

Жиренқопа – үнді-иран тілдері негізіндегі жайран сөзіне қазақ тіліндегі қопа сөзін қосу арқылы жасалған атау. Мағынасы: «Жайран киіктерінің келіп кетуімен байланысты» айтылуы керек. Жиренқопа 1930 жылы құрылған. 1933 жылы совхоз Жиренқопа, Ақырап болып екіге бөлінді. 1955 жылы Жиренқопа совхозынан «Қазақстанның 15 жылдығы» атындағы совхоз бөлініп шықты. Жиренқопа «Қобыланды» деп аталып, кейін қайтадан Жиренқопа атанды.

 

Сарбұлақ – дұрыс атауы Сары бұлақ. Осы ауылдың жоғарғы жағында сары сазды топырақ арасынан шым-шымдап шығып жатқан бұлақтардың суы топырақ түсімен сары түске боялғандай әсер қалдырады. Осыған орай, орфоэпия заңдылығы бойынша «Сарбұлақ» деп аталынып кеткен.

 

Сарбұлақ – республиканың түкпір-түкпіріндегі бұлақ аттары, елді мекен аттары. «Кең бұлақ» мәніндегі атаулар.

 

Пятигорка – қазақша Бестау деп те аталады. Бұлайша аталу себебі ауыл іргесінде жазық даланың қақ ортасында бес өркешті борлы тау немесе үстірт шөгіп жатыр. Қазіргі таңда бұл елді-мекен Белогор ауылдық округі, Бестау ауылы деп аталып жүр. «Белогор» деген ұғым да сол таулардың алыстан қарағанда аппақ болып жататындығына байланысты қойылған болса керек. Бұл ауылдың іргетасы 1916 жылы қаланып, 1930 жылы «Жаңа өмір» ұжымшары негізінде құрылды, кейін «Ильич» колхозы болып аталып кетті.

 

Калиновка – 20 ғасырдың басында (1905 ж.) «Столыпиндік реформа» басталды. Украина, Ресей, Молдавия елінің тұрғындары Қазақстан жеріне аударылды. Жер аударылғандарға жер учаскелерін бөліп беру үшін арнайы комиссия құрылып, жерді анықтау комиссиясының бастығы, жер бөліп беруші Калиновский Ф.И. тағайындалды. Сол кісінің құрметіне бүгінде Калиновка ауылы деп аталып кетті. Ал негізінен бұл жердің тарихи атауы Бесқұдық, яғни айтқанда орыстардың қонысы емес, бұған дейін көшіп келіп қоныстанған бес қазақ отбасының түтін түтетіп, бес құдық қазып, қонысты мекенге айналдырғанын бірі білсе, бірі білмейді.

 

Бегалы – атауының түпкі астарына үңілер болсақ, ертеде Бек және Әлі деген екі ағайынды кісілер болған. Олар осы өңірдегі сай жақта қоныс теуіп, жер жыртып, егін егіп өмір сүрген. Жыл сайын осы Бек пен Әлінің қасына 2-3 үйден қосылып Бегалы өңірі үлкейген дейді. Ағайындылардың есімдеріне байланыстырып, өңірді Бегалы деп атап кеткен. 1976 жылы 25 қараша айында «Бегалы» совхозы болып жарияланды.

 

Терісаққан – аудан орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан. Ілкіде бұл жерде «40 лет Октября» деп аталынған шаруашылық болған. Ауылдың үлкендері ауыл орыс ұлты көп қоныстанған жер болғандықтан, бұрын орыстардың «Үспен» деген мейрамы тойланғанын, сол мейрам тойланып жатқанда ауылға лек-легімен орыстар көшіп келгенін айтады. Мейрамның атауын ауыл еншілеген көрінеді. Кейін, келе-келе жер-су атаулары бұрынғы атауларын қайта еншілеп жатқанда, ауылға өзі орналасқан аймақтағы Терісаққан өзенінің атауы берілген.

 

Өтек – Қобда ауданының солтүстік батысында өзен бойында орналасқан. Аудан орталығынан 55 шақырым қашықтықта жатқан ауыл. Бұл – бұрынғы «Победа» ұжымшары. Ілкіде қалың ауыл болған елді мекеннің атауы Новоалександровка болған. Өтек ауылы негізінен екі ауылдың біріккенінен пайда болған. Қазіргі Өтек ауылы ілкіде Лениннің фамилиясымен Ульяновск деп аталған. Ал Ульяновскіден бірнеше шақырым жерде орналасқан екінші ауыл – Победа. Өтекке жете бере жолдың сол жақ бетінде құлаған үй орындары, саман тастардың қалдықтары көзге түседі. Ол Черкеск деген жұрт қоныстанған ауыл болған деседі халық. Қазақша Жиренқұдық деп аталынды. 50-ші жылдары екі ауыл бір себептермен бірігеді. Сонда Ульяновск атауы аланып тасталып, Победаны басқарып отырған Нестеренко тағанда қалған соң ауылды колхоз Победа, село Ново-Александровка деп атапты. Қазір Өтектің атауы ауыл маңындағы өзеннің атымен аталған. Өтек атауы бұрын осы жерлерде мекен еткен Өтеу деген бай кісінің атымен аталған деген қауесет те бар.

 

Роповка – Қобданың оңтүстік шығыс бөлігінде орналасқан Ұлы Отан соғысының батыры И.Білтабановтың аты берілген ауылдық округтің аумағына кіретін 4 ауылдың біреуі. Роповка бұрынырақта Киров атындағы колхоз болған. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан жылдары осы колхозда тракторшылар даярлайтын курс болғаны аға ұрпақтың есінде жақсы сақтаулы. Білетіңдер топырағы құнарлы, жері малға жайлы ауылдың атауы дәрілік өсімдіктің атауы деп жүр.

 

Ақырап – кей жерлерде Ақыраб деп жазылып жүр. Дұрысы Ақырап болуы керек. Ал осы сөздің мағынасы қандай? Негізінен «Ақырап» сөзі араб тілінен аударғанда «Айдың аты» деген мағынаны білдіреді. Осы ұғымға қатысты болуы мүмкін бе?

 

Жарсай – биік таудағы шатқалдың өзен аты. Жарсай атауы Қазақстанның басқа өңірлерінде де бар (суы тартылған арна аттары).

 

Көк үй – Ақтөбе энциклопедиясының картасында «Көк ой» деп көрсетілген. Бұған дейін орысша «Зеленый Дол» (жасыл жазық) деп аталынып келген. Былай қарағанда қазақшадағы «Көк», орысшадағы «Зеленый» сөздері өсімдікке байланысты қолданылады. Осы елді-мекеннің тұрған жерінің өзі табиғаты ерекше орман-тоғайлы өңір. Үнемі жап-жасыл болып тұратындықтан осылай аталуы да мүмкін. Бұл орайда тағы бір пікір «Көк үй» атауына байланысты. Көз көргендердің айтуы бойынша, бұл өлкеде 5 байдың үйі болған және оның біреуінің шатыры ерекше көк болғанға ұқсайды. Осыған байланысты елді-мекеннің аты «Көк үй» аталған делінеді. Көк шатырлы байдың үйі 1941 жылы су тасқынында қалып, шайылып кеткен.

Қиыл – ерте кезеңнен бері Ойыл-Орынборға қатынайтын керуен жолы Қиыл бойын қиып өтеді. Жосалы қыраты арқылы «Патша қақпасы» деп аталатын Суық-бұлақ дөңін басып өтетін қара жол Жібек жолының жалғасы саналады. Осынау өзен бойын жағалай ирелеңдеп жатқан жолдың екі жақ беткейі –қасиетті Қиыл жері. Бұл жердің тұщы суы, жайлы қонысы, балғын шөбі талай елдің мекені болған.

 

Қиылдың өсіп өркендеген кезі – 1974 жылдың 4 қаңтары. Мемлекеттік жер қорында және «Жайсан» совхозының 4-бөлімшесінде «Қиыл» совхозы құрылды. Содан бері міне 30 жыл өтті. Совхоз шарықтап биіктерге көтерілді.

 

Сол сияқты Қоғалы, Сөгәлі (дұрысы Соғалы), Қарағанды, Талдысай, Шилісай атаулары сол жерде өсетін өсімдіктердің аттарынан аталған. Ал, Қанай (2-вариант: қазақ ұлыстарының этникалық аты), Өтек, Бақтияр, Қазақай (әулие), Әбдібұлақ кісі аттарынан алынған атаулар. Ал «Иса болыс» деп аталынып кеткен жердің иесі кешегі патшалық Ресей кезінде Қобдадан шығып, Петерборда білім алған, кейіннен Гурьев уезінің бастығының орынбасары қызметін атқарған, «Алаш Орда» көтерілісіне қатынасқан Иса Көпжасаров екендігін және сүйегінің сол жерде жатқандығын кейінгі буын біледі ме екен?

Қобда ауданының этнографиясы

Бұл ауданның көрнекті ескерткіші болып Абат-Байтақ қорымы табылады, ол Ақтөбе облысы Қобда ауданының Талдысай елді мекенінен 12 шақырым жерде орналасқан. Бұнда, ені 600 метрге созылған аумақты алып жатқан, қалыптасуы ортағасырлар кезеңіне жататын үлкен қорым бой көтерген.

 

Кешенге атауды сәулет өнерінің керемет ескерткіші, өңірде сақталған шошақ «Шатырлы» күмбезді күйдірілген кірпіштен тұрғызылған санаулы кесенелердің бірі Абат-Байтақ кесенесі берді. Қазақстанның сәулет өнері тарихының мамандары көп уақыт бойы бұл кесенені жойылып кетті деп есептеді. Сол себептен 1979 жылы C.Е.Әжіғали басшылық еткен экспедиция ескерткішті іс жүзінде қайтадан зерттеу жұмыстарын қолға алды. Екі маусым ішінде құрылыстың архитектуралық өлшемдері алынып, фотофиксация және қас бетінде қазба жұмыстары жүргізілді. Осы зерттеулер кесененің архитектуралық типі бұрын әдебиеттерде көрсетіліп келгендей, центрикалық емес, шатырлы болып келетін порталды-күмбезді ескерткіштерге жақын екенін көрсетті. Бұл ескерткішті архитектуралық-мәнерлік белгілері бойынша XIY ғасырдың аяғы мен XY ғасырға жатқызған жөн сияқты.

 

Аңыз бойынша бұл ғимарат XY ғасырда өмір сүрген, «Жерұйықты» іздеп өткен Асан Қайғының ұлы Абат батырға арнап салынған. Әкесінің тапсыруымен шөбі шүйгін, құнарлы мал өрісін іздеуге шыққан Абат батыр осы Бесқопада желмаядан құлап қаза табады. Кесенені осы өңірдің барша тұрғындары қысқа мерзімде салып бітірді.

 

Кешенде XIX ғасырдың ортасындағы қазақ бәдізшілік өнері мектебінің бөлшектерді өңдеуді шырқау шегіне жеткізген үздік үлгілері көзге түседі. Көбіне көлемді безендіру элементтерін ағаш оймыштары дәстүрінде шешіп отырған. Ескерткіштердің үлкен тобы құрамдас элементтерінің айқын көлемді-геометриялық шешімімен сипатталатын ауқымды стеллаға тән түрлеріне жатады.

 

Абат-Байтақтың көркемдік стеллаларының ерекшелігі – олардың материалдарының қатты әктас жыныстарынан жасалынғаны әлдеқайда бедерлі болып көрінеді.

 

Осы жоғарыда көрсетілген дәстүрлер Ұлы Қобда өзенінің бойында шашырап жатқан XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басына жататын шағын ру зираттарынан да көрініс береді. Осылайша, Томпақ мешіт деген жерде (Абат-Байтақтан ағыс бойымен жоғары қарай 10-15 шақырым) жоғары көркемді құлпытастар кездеседі. Бұл дәстүрлі тігінен мүшеленетін бөлшектік композициядағы эпиграфиялық жолдар түсірілген бұтақ, өтпелі элементтері және басы бар салмақты стеллалар. Дегенмен ескерткіштердің түр-сипатында шебердің жаңашылдыққа, дәстүрлі емеске деген ұмтылысы байқалады.

 

Ағыс бойымен Абат-Байтақтан төменде, аудан орталығы Қобдадан солтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде шағын бейіт Қызылтам орналасқан, бұнда бізді қызықтыратыны XIX ғасырдың бірінші жартысына жататын, күйдірілген кірпіштен қаланған қорыммен аттас центристік кесене. Ескерткіштің жабуы сақталмаған. Бірақ конструкциясы төрттіктен күмбезге өтетін жерінің үрліктері түрінде сақталған. Кесененің қасында – шикі кірпіштен тұрғызылған шөмішті-табын руының таңбасы түсірілген құлпытасы бар қоршау тұр.

 

Осыған ұқсас ескерткіштер Ұлы Қобда өзенінің төменгі ағысы мен Қиыл өзенінің жоғарғы ағысы бойларында да кездеседі. Солардың бірі жергілікті халықтың сыйынатын орнына айналған Дербісалы әулие қорымы. Қарақобда өзенінің жағасында Ақтөбе-Орал тас жолының оң жағында XX ғасыр басына жататын Шакен ишан мешіті орналасқан. Бұл бір қабатты, үш бөлмеге бөлінген ғимаратты, қара тастар мен күйдірілген кірпішті араластырып қалаған.

 

Алия Кульмагамбетова
Бөлісу: