Тарихтың әуенін шерте жүрейік, ағайын!

23 Қазан 2014, 07:26

Тарих ─ өткен өмірдің халық санасына мықтап тұрып таңбалаған өкініштің, қуаныштың, бақыттың, сордың немесе алпауыт зор тағдырдың табы.

Тарих ─ өткен өмірдің халық санасына мықтап тұрып таңбалаған өкініштің, қуаныштың, бақыттың, сордың немесе алпауыт зор тағдырдың табы. Тарих ─ бұл тағдырлар мен ғұмырлардың өлшеусіз құнды дерегі. Тарих ─ болашағымызға апарар жол, тарих бұл қолымызда бардың барлығы.

Тарихтың шын мәніндегі бағасын түсінген ұлт қана өз болашағының берік керегесін көтере алады. Тарихтың мәні әріде, оның тамыры тереңге жайылған. Бүкіл қазақ даласы да осындай тарих тамырларымен тамырланған. Сондықтан да біз тарихи жерді басып, тарихи топырақтың шаңымен демалып жүрміз.

Қазақ елінің элегиясын емірене отырып әуелететін тарихи жердің желі де құлағымызға соны сыбырлайды. Тарих пен ұлт біртұтас әлем. Тарихы жоқ ұлт ұлт емес. Кез келген ұлт өзінің тарихымен, өзінің өткенімен, өз даласындағы қаза болған тұлғалардың тарихи ерліктерін мақтан етеді. Ендеше біздің өз тарихымызға бас сұқпауымыз сұрапыл қателік. Себебі қазақ тарихы әлемдегі ең әдемі тарихты тарту етеді бізге. Ерліктер мен жеңілістер, батырлық пен бас көтерулер, білімдарлық пен дарындар, әуен мен сазды бірлесе шерткен қарт қобыз...

«Тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр. Мысалы, керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды» ─ мұны қазақ елінің, нақтырақ айтсақ тәуелсіз, егеменді қазақ елінің абыздай болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дүниенің төрі саналатын Ұлытау төрінде қазақ халқына айтқан еді. Осынау қазақ үшін аса маңызды мекендердің төресі Ұлытауда ол көптеген мәселелердің мәнін ашуға тырысты. Сонау ғұндардан бастау алатын тарихымызды дәріптеп, әрбір азамат үшін маңызды болмақ тарихи жәдігерлерімізді құрметтей білсек бұл біздің болашаққа деген дұрыс бетбұрысымызды аңғартпақ деген пікірін ашық айтты.

Атадан балаға: қазақ атасынан қазақ баласына мұрат болып қалған мирасымыз ауызекі құндылықтарымыз бен Күлтегіндер мен Білге қағандар дәуірінен «сәлем жолдайтын» Орхан-Енисей жазбалары да қазақ тарихының бір парасын өз ішіне сыйдырып отырған жоқ па? Тарихты тану мәселесі осыдан бірнеше уақыт бұрын тәуелсіз қазақ елінің ғалымдары да қолға алған еді. Елбасының бастамасымен көптеген мәдени, ғылыми шаралар қолға алынып, бұқаралық сананы басқарудың көшбасшысы саналатын ақпараттық кеңістікте де бірқатар ТВ және ғаламтор жобалары іске асты. Көптеген жоғары оқу орындары түрлі конференциялар мен басқосулар ұйымдастырып, тарихымыздың белгісіз, елеусіз қалған тұстарын қайта парақтауға көшті. Ғалымдарымыз мен ізденімпаздар тобы тарихты қайта жазу мәселесіне бет бұрып, бұған дейінгі саяси ахуалдың қасақана жауып тастаған тарихи детальдарды зерттеуге мән бере бастады. Мұның барлығы қазақ тарихына деген жаңаша көзқарастың, жаңаша саяси идеологияның жүзеге аса бастағанының белгісі. Ендігі қалған іс тарихымыздың шын мәніндегі ұлылығын ұлықтауға жастарымыздың үлес қосқанын тілеу. Қазақ жастары өз тарихын жете біліп өссе, қазақ даласында қазақы ұрпақтың  өркендей түсетініне кәміл сенген Елбасының сенімі ел сенімімен астасып жатқандығы да осыдан.

Гүлнәз Маметжанова.

Бөлісу: