Тарихи туристік нысандар

31 Тамыз 2014, 06:08

Қазақстандағы туристік ресурстарға – туристік қызмет көрсету нысандарын қамтитын табиғи-климаттық, тарихи, әлеум.-мәдени, сауықтыру нысандары, сондай-ақ туристердің рухани қажеттерін қанағаттандыра алатын,

Қазақстандағы туристік ресурстарға – туристік қызмет көрсету нысандарын қамтитын табиғи-климаттық, тарихи, әлеум.-мәдени, сауықтыру нысандары, сондай-ақ туристердің рухани қажеттерін қанағаттандыра алатын, олардың күш-жігерін қалпына келтіріп сергітуге жәрдемдесетін өзге де нысандар жатады. Олар мәдени-танымдық, экол., спорттық, әлеум., діни, т.б. туризм түрлеріне бөлінеді.

Қазақстандағы туристік нысандар табиғи-рекреациялық, тарихи-археол., тәуеп ету, т.б. топтарға бөлінеді.

Табиғи-рекреациялық нысандарға Солт. Қазақстан аймағындағы Көкшетау, Бурабай, Баянауыл, Ерейментау, Шығ. Қазақстан аумағындағы Зайсан, Марқакөл, қазақстандық Алтай, Оңт. Қазақстан жеріндегі Батыс, Солт. Тянь-Шань, Алтынемел таулары, Жетісу алабы, Бат. Қазақстандағы Үстірт, Мұғалжар, Каспий ойысы, Жайық өңірі, Орт. Қазақстандағы Қарқаралы, Қызыларай, Бектауата, Ұлытау, т.б. табиғи нысандар жатады. Сонымен бірге Алматы обл-ндағы ұлттық саябақтар мен қорықтардың туризмді дамытуда маңызы зор. Оларға Іле-Алатауы ұлттық саябағы, Түрген-Шамалған өзендері аралығындағы шатқалдар, Түрген, Есік, Талғар, Алматы, Қаскелең, Шамалған елді мекендері жатады. Алтынемел, Көкшетау, Бурабай ұлттық саябақтарында туризмді дамыту мемлекет тарапынан қолдау тауып, дамып келеді. Қазақстан аумағындағы 9 мемл. қорықта да ғыл.-экол. туризмді дамытудың алғы шарттары қалыптасқан.

Тарихи-археологиялық ескерткіштердің туристік-экскурсиялық сапарлардағы орны ерекше. Археол. ескерткіштердің кез-келген нысандары туристік-экскурсия жұмыстарында маңызды орын алады. Соның ішінде Жетісудағы Сақ қорғандары, Талхиз қалашығы, Оңт. Қазақстандағы Отырар, Сайрам, Бат. Қазақстандағы Сарайшық, т.б. көне қалалардың орнына туристердің қызығушылығы мол. Археол.-тарихи ескерткіштердің қазірге дейін жеткен нысандарының ішінде қорғандар мен мазарлардың маңызы зор. Қола дәуір ескерткіштеріне жартастағы петроглифтерді атауға болады. Оларға әйгілі бірегей ғибадатханалар: Аңырақай тауының Таңбалы сайындағы, Көксу өз-ндегі Ешкіөлмес ғибадатханасы, сондай-ақ Шолақ, Кіндіктас, Баянжүрек тауларындағы тастағы суреттер жатады. Біздің дәуірімізге дейінгі 6 – 3 ғ-лардан қалған сақ қорғандары, Бесшатыр қорымындағы жерлеу камерасы және сақ әскері киімін киген “Алтын адам”, 2001 – 2002 ж. Шығ. Қазақстан обл. Қатонқарағай ауд-ның Бергіел (Берел) қорғанында табылған “Сақ патшайымы” археол. туристік нысандарға жатады. Ортағасырлық Түркістан, Отырар, Тұрбай, Құлан, Мерке, Талхиз, Жаркент қ-лары, т.б. елді мекендер қазіргі туристік нысандар болып табылады. Түркістан – қазақ хандығының алғашқы астанасы. Онда Қожа Ахмет Иасауи кесенесі салынған, кесене іші мен айналасына қазақ мемлекетінің негізін қалаған Тәуке, Тәуекел, Жәңгір, Есім, Абылай, Қазыбек би жерленген.

Қазақстанда Отырар, Сарайшық, Сайрам, т.б. ортағасырлық көне қалалар туристер үшін тартымды нысандар.

Тәуеп ету (діни) туризм нысандары республика аумағында көптеп кездеседі. Оларға түркі әлеміндегі қасиетті Түркістан қ., Қожа Ахмет Иасауи кесенесі, Абаб-Араб мешіті, Гауһар-ана зираты, Әли-Қожа бейіті, т.б. жатады. Адамдар бұл қасиетті жерлерге тәуеп етіп, Аллаға сиыну үшін келеді. Одан басқа Қоғам а. маңында (Отырар ауд.) Арыстан баб кесенесі, Ибраһим-ата бейіті, Қарашаш ана кесенесі, Тұраба а-нда – Ысмайыл-ата мазары орналасқан. Жамбыл обл-нда – Айша бибі кесенесі мен Қарахан кесенесі, Қызылорда обл-нда – Артық, Айтман кесенелері, Балқаш к. маңында – Тектау ата, Әуез бақсы, т.б. киелі орындар бар. Қазақ халқының азаттық күресі жолындағы батырларға, қолбасшыларға деген құрмет белгісі мемориалдар мен ескерткіштерде көрсетілді. Бұларға Райымбек пен Қарасай батыр ескерткіштері (Алматы обл.) Қордайдағы (Жамбыл обл.) Өтеген батыр, Ақтөбедегі Есет батыр, Солт. Қазақстандағы Ағынтай мен Қарасай ескерткіштері, Астанадағы Қаракерей Қабанбай ескерткіштері, т.б. жатады. Ордабасы мен Аңырақай сағасының жазығы, Ұлытаудағы үш жүздің басын қосқан жер, тарихи орындар ретінде Жошы және Алаша хан кесенелері, Алматыдағы тәуелсіздік монументі, Астанадағы үш би ескерткіштері қастерлі орындар санатында туристік нысандарға қосылады. Қазақ тарихындағы құнды мәдени ескерткіштер қатарына: Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Еңлік-Кебек кесенелері, Ш.Уәлиханов, Қ.Мұңайтпасұлы мемориалдары, Сұлтан Бейбарыс, Құрманғазы және Д.Нұрпейісова, Абай, Абылайхан, Әлия мен Мәншүк, А.Иманов, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин,  М.Әуезов, т.б. көптеген естелік орындар жатады.

Республиканың әсем де әдемі жерлерінде бірнеше туристік базалар орналасқан. Оларға Іле Алатауындағы “Шымбұлақ” шаңғы базасы, Павлодар обл. Жасыбай к. жағасындағы “Баянауыл”, Қарағанды обл-ндағы таулы-орманды “Қарқаралы”, Шығ. Қазақстан обл. Бұқтырма бөгені жағасындағы “Алтай мүйісі”, Орал қ. Жайық өз. маңындағы “Орал”, Қостанай обл-ндағы орманды-тоғайлы Наурызым алқабы, Оңт. Қазақстан обл. Бадам жазығындағы “Оңтүстік”, Көкшетау таулы аймағындағы “Золотой бор” базалары жатады. Қазақстанда белгілі туристік маңызы бар зоол., ботан. қорықтар да жеткілікті. Оларға Алматы қорығы (кешенді), Іле атырауы (зоол.), Тарбағатай (зоол.), Жалтыркөл (зоол.), Ұлытау (зоол.), Бетпақдала (зоол.), Қарақия-Қаракөл (зоол.), Зеренді (зоол.) қорықшалары, Шарын каньоны (ландшафты – палеонтол.) және Шарын өз-ндегі “Шетен тоғайы” (ботан.), Күміс қылқанды орман (ботан.), Жаманшық тауы (геморфол.), Айғайқұм, Әншіқұм (геоморфол.), Жаңғақ тоғайы (ботан.), Бүркіттау шоқысы және Тұма бастаулар (гидрол.), т.б.

О. Мазбаев

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу: