Тарихты өзгерткен қазақ қыздары

8 Наурыз, 12:33 8440

Қазақ тарихында білімімен де, ақылымен де, көрегендігімен және өнерімен де ерекше көзге түскен арулар көп. El.kz ақпарат агенттігі бүгін тарихты өзгерткен, қиын-қыстау заманда да жүйеге қарсы келіп, қайсар мінез көрсеткен қаракөз қыздарымыз туралы баяндамақ.

Бопай

Әбілхайыр ханның әйелі Бопай ханшаның білімі де, ақылы мен мінезі де бөлек болған. Сондықтан да хан Бопайды бәйбішесі болғаны үшін ғана емес, саяси тұрғыда біліктілігі мен көрегендігі үшін де ерекше құрметтеген. Бопай ханымның ақылына қазақтың билері жиі жүгінген. Әсіресе оның Кіші және Орта жүзге ықпалы ерекше болған.

Бопай ханымның ел алдындағы беделі туралы тарихшы Аркадий Левшин былай дейді: «Бопай ханшаның өзіне ғана тиесілі мөрі болды, ол әйелдерге құл ретінде қарауға үйренген қоғамда Бопайды ерекшелеп тұратын».

Әбілхайыр хан қазақ старшиналарының алдында әйелімен бірге мәлімдеме жасауының өзі ханның жан жарына деген құрметін аңғартып тұрғандай. Бір қызығы, ханша бес ұлдан кейін 60 жасқа таяған Әбілхайырға Зүлейха есімді қыз сыйлады.

Алғашқы дәрігерлер

Аққағаз Доспанова

Қазақ қыздары медицинада да ерекше көзге түскен. «Қазақ қыздары қандай?» дегенде, алдымен Аққағаз Доспанованың бет-бейнесі көзге елестейтіні де сондықтан.

Сөйте тұра Досжанованың медицина саласындағы батылдығы әлі күнге дейін лайықты бағасын алған жоқ. Өкінішке қарай, оның есімі көп жыл бойы тарихи естеліктердің көлеңкесінде қалып келді.

Аққағаз Досжанова 1893 жылы Орынбор губерниясы Торғай облысының Ақтөбе уезі Бөрлі болысының №5 ауылында дүниеге келген. Қазір оның ауылы Бөрте (Мәртөк ауданы) деп аталады. Ата-анасынан ерте айырылған Аққағаз ағасы Сағындықтың үйінде тәрбиеленді.

Міне, Аққағаздың тағдырына тікелей әсер еткен осы ағасы болды. Себебі көзі ашық, көкірегі ояу Сағындық қыздар білім алмауы керек деген түсінікке қарсы шығып, кішкентай Аққағазды мектепке берді.

1914 жылы ол Орынбор әйелдер гимназиясын үздік бітіріп, Мәскеудегі медициналық курстарға түсті. 

Аққағаз Досжанова Томск медицина университетінде оқып, Орталық Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетінде тәжірибеден өткен.

Аққағаз І дүниежүзілік соғыста адамдардың өмірін сақтап қалуға үлес қосты.  

Университетті тәмамдаған соң Аққағаз Ташкентте дәрігер ретінде жұмыс істеп, ол жақта жетім балаларды емдеді. 

«Түркістан» атты мақаласында ол өңірдегі инфекциялық аурулардың қаупі туралы жазған.

Оңтүстік астанада Аққағаз қалалық ауруханалардың бірінде жұмыс істеді. Тіпті ашаршылық жылдарында да аянып қалмай, талай адамның өміріне араша болды. Алайда демалыссыз жұмыс оның өз денсаулығына кері әсер етті. Өкінішке қарай, Аққағаз Досжанова 1932 жылы 29 қаңтарда, 39 жасында өмірден озды.

Гүлсім Асфендиярова

Қазақтан шыққан тағы бір дәрігер қыз – Гүлсім Асфендиярова. Ол мемлекет қайраткері Санжар Асфендияровтың әпкесі екенін білетін боларсыз. Ташкентте, кейіннен Санкт-Петербургтегі медицина институтын тәмамдаған Гүлсім дәрігерлікті де, ұстаздықты да қатар алып жүрді. 

Ол тарихта Азияда кесарь тілігін алғаш сәтті жасаған акушер ретінде қалды. 

Алғашқы журналист

Нәзипа Құлжанованы көпшілік тұңғыш журналист ару ретінде біледі. Дегенмен оның аудармашы, ғалым, тіпті әнші де болғанын ұмытпаған жөн. Ол Затаевичке қазақтың екі әніне әуен жаздырғанын тарих жақсы біледі.

Тынымсыз еңбек пен қажырлы қайратының арқасында өзі өмір сүрген заманның қыздарын білімге шақырды.

Нәзипа Құлжанова 1887 жылдың 27 шілдесінде Торғай қаласында туған. Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған орыс мектебінде білім алған. Кейіннен әйелдерге арналған гимназияны «үздікке» аяқтады. Оның жүріп өткен жолына қарап-ақ оның қайсарлығына, батылдығына тәнті боласың. Алдымен ұстаздарға көмектесіп жүріп, кейіннен өзі де сабақ бере бастады.

Нәзипа кедей отбасынан шыққан, ол заманда ұл-қыздың кіммен шаңырақ көтеретінін әке-шеше шешетін. Тиісінше Нәзипаның да болашақ күйеуін ата-анасы тауып, тіпті алдын ала қалың малын да алып қойған екен. Махаббатсыз отбасын құрудан бас тартқан Нәзипа облыстың әскери губернаторының көмегімен қалың малды қайтарып берген.

Ал шынайы махаббатын ол 1902 жылы кездестірді. Мектепте мұғалім болып істейтін Нұрғали Құлжановпен шаңырақ көтеріп, үш жылдан соң өзі сүйіп оқитын Абай Құнанбайұлын дүниеге әкелген Семей жеріне қоныс аударды. 1914 жылы ақынды еске алуға арналған кештер өткізіп, өзі де бірнеше өлеңін оқыды. Осы кезден бастап Нәзипа саяси салаға бет бұрып, мақала жаза бастады.

Оның ең алғашқы еңбектері «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа», «Қызыл Қазақстан» және «Әйел теңдігі» басылымдарында жарық көрген. Ол негізінен әйелдің отбасындағы, қоғамдағы рөлі тақырыптарын жиі қаузады.

Одан бөлек Ахмет Байтұрсынұлы дайындаған жаңа қазақ әліпбиіне де еңбек сіңірді.

Тұңғыш ақын

Сәкен Сейфуллин қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш ақын деп таныған Шолпан Иманбаева кедей отбасында дүниеге келсе де, оның білімге құштарлығы бала кезінен ерекше көрініп тұратын. Оның тағдыры Нәзипа Құлжановаға ұқсас. Айтпақшы, Шолпан Иманбаеваның еңбектерінің көпшілікке жетуіне де Нәзипа Құлжанованың үлесі зор.

Жасөспірім шағында әкесі бай шалға сатып жіберген. Бірақ мұндай қорлыққа төзбеймін деген Шолпан сол кездің дүлдүл ақыны, жазушы Сәкен Сейфуллинге хат жазып көмек сұрады. Сейфуллин жаз қыздың өтінішін жерге қалдырмай, оның әрі қарай білім алуына қол ұшын созды. Себебі оның бойындағы талантын бірден байқады.

«Шолпан - қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш ақын. Ол кедей таптың өкілі. Шолпан далада құлпырып өскен бәйшешек тәрізді еді», - деп естелік қалдырған Сәкен Сейфуллин.

Шолпан Иманбаева қыздардың маңдайына жазылған ауыртпалық жайлы жиі көтеріп, салт-дәстүрдің кереғар тұстарына қарсы шыққан.

Тұңғыш суретші

Айша Ғалымбаева - қазақ қыздарының арасынан сытылып шыққан тұңғыш суретші. Ұлттық сурет мектебінің негізін қалаушы. «Абай өлеңдері» фильмінің эскиздерін салған да дәл осы Айша Ғалымбаева болатын. Тіпті оның өнеріне Мұхтар Әуезовтің өзі тәнті болған екен.

Тұңғыш режиссерлер

Ғайни Хайроллақызы

Саналы ғұмырын театр өнеріне арнаған қаракөздеріміздің бірі – Ғайни Хайроллақызы.

Ғайни Хайроллақызының есімі кей деректерде «Ғай­ни­жамал» деп те жазылған. 1914 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Ал Ғай­ни­жамал­дың өнерге жақын болуына әкесінің домбыраның құлағында ойнауы себеп болған тәрізді. Қызының Ресейдегі жоғары оқу орнында білім алуына да әкесі Хайролла тікелей ықпал етті.

Алдымен Ленинград өнер техникумында оқып, «Шығыс үйі» атты ұйымда Ғайнижамал да домбырада ойнап көзге түсті.

1938 жылы дипломдық жұмысын қорғайды. Ал 1947-1949 жылдары Жамбыл облыстық қазақ драма театрының режиссері қызметін атқарады. Режиссерлік білімін шыңдау мақсатында 1956 жылы Мәскеу қаласындағы өнер институтына оқуға түседі.

Дариға Тналина

Дариға Тналинаны қазақтан шыққан тұңғыш кинорежиссер деп атайды. Дариға Ақмола облысында туған.

Жоғары білімін Алматы театр училищесінде алды. 1939 жылы Мәскеудегі ВГИК-ке түсіп, алдымен актерлік, сосын режиссерлік факультетте оқиды. Атақты Александр Довженкодан сабақ алады. 1940 жылы «Романтики» деген кинода басты рөлдегі чукот қызы Тинтиннің рөлін сомдап шықты.

Ол тіпті соғыс жылдарында да киномен байланысын үзген жоқ. «Мосфильмдегі» 22 жылдық қызметінде талай фильмнің жарық көруіне атсалысты. Қазақстанда «Алыстағы тауда», Қырғызстанда «Салтанат», Түрікменстанда «Ерекше тапсырма, Ресей мен Украинада «Илья Муромец» атты кинолар түсірген.

1964 жылдан «Қазақфильмнің» режиссері ретінде әлемдік және кеңестік алтын қордағы ондаған фильмді қазақ тіліне дубляж жасаған. «Соғыс және бейбітшілік», «Багратион», «Атамекен» сынды фильмдерді қазақша сөйлетті. «Қыз бен жігіт», «Ботагөз» фильмдерінің киноленталарын қалыпқа келтірді.

2007 жылы жүріп өткен жолы мен тәжірибесі туралы жазылған «Черно-белое кино» атты кітабын көпшілік назарына ұсынды.

Алғашқы педагог

Оразбибі Махмұдова 1902 жылы Семейде дүниеге келген. Қаладағы  педагогикалық курсты тәмамдап, мұғалім атанды.

Ол бұған дейін аттары аталған Нәзипа Құлжанова, Жұмабике Ибрагимова, Жәмилә Кәрімова, Айтбану Көркембаева, Бәтимә Татубаева сынды қазақтың қайсар қыздарымен бірге балаларды білімге шақырып, қарапайым халыққа сауат ашуды үйретті.

Тұңғыш халық қаһарманы

Қазақ қыздарының арасынан Кеңес одағының батыры атағын тұңғыш алған Мәншүк Мәметова 1922 жылы Оралдың Орда ауданында дүниеге келген.

Мәншүктің әкесі мен жақындары «Халық жауы» атанып, атылып кеткен. Анасынан да ерте айырылған Мәншүк майданға өз еркімен аттанды. Ол кезде батыр қыз медициналық институтта білім алып жүрген болатын. Әскери комиссариатқа қайта-қайта өтініш жасап жүріп, соғысқа жіберуге бір жыл дегенде әрең көндірді. 1942 жылы тамызда Алматыда құрылған 21-атқыштар дивизиясының құрамында енді.

Кеңес Одағының батыры атағын 1944 жылы алған.

Тұңғыш ұшқыш қыз

Халық қаһарманы, ІІ дүниежүзілік соғыста қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш әйел атанған Хиуаз Доспанова 1922 жылдың 15 мамырында Атырау облысының Ганюшкин ауылында өмір есігін ашқан.

Жастайынан ұшқыштардың өміріне қызығып, сол қызығушылығы оны жергілікті аэроклубқа жазылуға жетеледі.

1940 жылы бойжеткен запастағы ұшқыш куәлігін алып шықты. Сонан соң Хиуаз Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына құжат тапсырды. Бірақ білім ордасы оның қыз бала екенін алға тартып, қатарға қабылдаудан бас тартты. Сонан соң Мәскеудегі Бірінші мемлекеттік медициналық институтқа түсті.

Бірінші курс соңында соғыс басталды. Хиуаз еш ойланбастан Отанын қорғаймын деп шешті. Жазда метрополитеннің желілер құрылысында өткізді. Кейіннен Марина Раскова басқаратын әйелдер авиациялық бөліміне қабылданып, түнгі бомбалаушылар сапында алғашқы әйел ретінде майданға аттанды.

Хиуаз кез келген тапсырманы бұлжытпай орындап, үздік ұшқыштардың бірі атанды. Оның есебінде 300-ден астам орындалған тапсырма бар. Соғыстан ол ІІ топтағы мүгедек болып оралып, медициналық институттағы оқуын жалғастырмақ болған, алайда оған өзінің туған өңірінде партияның инструкторы қызметі ұсынылды.

Кейіннен Хиуаз денсаулығына байланысты зейнетке кетіп, 1960 жылы соғыстағы естеліктерін кітап етіп басып шығарды.

«Хиуаз Доспанова. Алғыс айтып үлгеру» атты фильм де жарыққа шықты.

Тұңғыш опера әншісі

Күләш Байсейітова (бұрынғы тегі – Бейісова) 1912 жылдың 12 қаңтарында Верный, қазіргі Алматы қаласында туған. Бірақ кейбір деректерде Сарыарқа даласының Ақтоғай ауданында дүниеге келгендігі жазылған. Ал Алматыға 12 жасында келіп, біраз уақыт интернатта өмір сүрген.

Байсейітованың табиғи дарыны ерте жасынан байқалды. Ол әндермен қатар әкесі Жасыннан естіген жырларды жатқа айтқан.

1925-1928 жылдары Алматы педагогикалық техникумында оқып, музыкалық байқауларға қатысқан. 1930 жылы бүгінде Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры деп аталатын театр студиясына оқуға түсті.

Бұл жерде Агафья Тихоновнаның («Женитьба», Н. В. Гоголь), Клавдияның («Подводная лодка», М. Я. Тригер), Пүліштің («Фронт», Б Ж. Майлин), Зәуре («Зәуре», Қаныбек Байсейітов), Еңліктің («Еңлік – Кебек» М. О. Әуэзов) рөлдерін сомдаған.

Байсейітова 24 жасында КСРО Халық әртісі атағын алған.

Шара Жиенқұлова

1912 жылы 5 шілдеде Алматы қаласында туған.

1929-1930 жылдары ҚазПИ-дің тарих факультетінде оқып, кейіннен Қазақ драма театрында жұмыс істеді. Алғашқы рөлі – Бейімбет Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліш. Одан бөлек те талай тарихи кейіпкерлердің образын сомдады.

1934 жылы музыкалық-драма театрда жұмыс істеді. Ол жақта «Айман - Шолпан» музыкалық драмасында,  «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» операларында өнер көрсетті.

Жиенқұлова «Қалқаман-Мамыр» бірінші қазақ ұлттық балетінде  Мамырдың рөлін сомдаған (1938). «Амангелді» фильмінде Балымның рөлін ойнаған.

«Тәттімбет», «Айжан қыз», «Қара жорға», «Қырық қыз» секілді билердің авторы.

1940-1962 жылдары Қазақ филармониясында жұмыс істеп, 1962-1966 жылдары ҚазКСР-да ән және би ансамблінде жетекші болды. 1966-1975 жылдары Жиенқұлова Алматы хореографиялық училищесінде директор қызметін атқарды.

Ол ҚазКСР халық әртісі Г.Талпақова, ҚазКСР еңбек сіңірген әртістері Қ.Қарабалинова, Б.Байжұманова секілді бишілерді тәрбиелеп шығарды.

ҚазКСР Халық әртісі (1938);

ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі (1936)

1991 жылғы 21 мамырда өмірден өтті.

Тұңғыш балерина

Нұрсұлу Тапалова Ақтөбе облысының Ойыл ауданында туған. Ал 24 жасында ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі атанды.

Нұрсұлудың дарынын Ахмет Жұбанов байқаған. Танымал композитор, режиссер Ойыл ауданына гастрольдік сапармен барғанда 11 жасар Нұрсұлудың өнеріне тәнті болып, өмірін өнермен байланыстыруға кеңес берген.

1936-1939 жылдары Қазақ музыкалық студиясында оқыған. 1936 жылы Қазақ академиялық опера және балет театрында, 1953 жылдан бастап «Қазақконцертте» солист болды. Кино өнерінде де өзін байқап көрген.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: