Тарихта із қалдырған қазақ қыздары

8 Наурыз, 10:37 3248

Қазақ тарихынан ойып тұрып орын алған әйелдер қатары аз емес. Олардың бірінің есімі мәлім болса, енді бірінің есімі әлі де беймәлім. Еl.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі қазақ елінің дамуына, рухани тұрғыдан жаңғыруына үлес қосқып, тарихта аттары алтын әріптермен жазылған қазақ қыздарымыз туралы баяндамақ.

Патшайым Тәжібаева

Орталық Азиядағы геология ғылымдарының докторы атағын алған тұңғыш әйел ғалым. Қазақ тарихында елеулі із қалдырған, табиғи дарыны және табанды еңбегі арқылы еліміздің ғылым саласына, әсіресе литология ғылымына зор үлес қосқан. Ол 1920 жылы қазіргі Төлеби ауданының Қарақия ауылында дүниеге келген.

Патшайымның атасы Есенқұл ел басқарған, көреген, бай адам болған. Әкесі Тәжібай білімді әрі орыс тілін меңгерген, үкімет жұмыстарына етене араласқан азамат еді. Алайда әкесі ерте дүниеден өтіп, Патшайым балалар үйінде тәрбиеленеді. Сол жерде сауат ашып, кейіннен жеті жылдық мектепте оқыған. Мінезі қайсар, еңбекқор әрі алғыр болып өскен қазақ қызы барлық қиындықтарға мойымай, өз мақсатына жетеді.

1936 жылы Алматы педагогикалық училищесіне түсіп, оны үш жылда аяқтаған соң, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің геология-минерология факультетіне қабылданады. Сөйтіп сол жерден 1943 жылы жоғары білім алып шығады. Кейіннен Индустрия университетінің кен-металлургия факультетіне аспирант болып қабылданып, сон соң Қазақ Ғылым Академиясын тәмамдайды. 1948 жылы Самара қаласындағы университеттің физика-математика факультетінде білімін ұштайды. Сондай-ақ, Қаныш Сәтбаевпен бірге еліміздің пайдалы қазбаларын зерттеп, жер қойнауындағы байлықтарды игеруге атсалысады. Кезінде Қаныш Сәтбаев оған «Ауыр мамандықты таңдадың. Жер қазу, тас жинау – өте қиын жұмыс» деп айтқан еді. Патшайым болса, өзінің қайсарлығын және қиындықтардан қашпайтынын ісімен дәлелдейді.

Патшайым Тәжібаеваның еңбек жолы Жезқазған-Ұлытау аймағынан басталады. Сәтбаевпен бірге тау-кен орындарын бақылап, жер қойнауының литологиясын зерттейді. Ол Қазақстандағы литология ғылымын дамытып, мұнай-газ көздерін ашу бойынша маңызды зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Құмкөл кен орнын алғаш болжап, оны игеруге бастама жасаған да - Патшайым Тәжібаева. Қазіргі таңда бұл кен орны еліміздің дамуына елеулі үлес қосып отыр.

Патшайым Тәжібаева - ғылымға еңбегі сіңген ғалым. 180-нен астам ғылыми еңбек жазған қазақ қызы. Ол рентген лабораториясын ашып, Қазақстанда ғана емес, АҚШ, Жапония, Канада сияқты елдерде ғылыми баяндамалар жасаған. Оның еңбектері әлі күнге дейін бағаланып келеді. «Асыл тастар асқар тауда туады», «Ғылымда дара, өмірде дана», «Патшайым десе – Патшайым» атты кітаптарда ғалымның өмірі мен ғылымдағы жетістіктері туралы жазылады.

Елизавета Сәдуақасова

Медицина ғылымдарының докторы, Әлихан Бөкейханның қызы. Қазақстанда совет билігі тұсындағы сталиндік репрессия құрбандарына арналған Алжирде тұтқын болған. Ол 1903 жылы 25 сәуірде Омбы қаласында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі Зейнеп болғанымен, Мәскеуде құжатта Елизавета деп жазылып кеткен екен. Жақындары мен достары оны Лиза деп атаса, әкесі Лизажан деп еркелеткен. Елизавета медицина ғылымының докторы, профессор, 50-ден астам ғылыми мақаланың авторы болған. Ол екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, медицина саласында ІІІ дәрежелі майор шенін алған әскери-дәрігер болған. Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы Денсаулық сақтау министрлігінің аппаратына қызмет атқарды.

Елизавета Сәдуақасова 1923 жылдың сәуірінде драматург, көрнекті мемлекет және қоғам кайраткері Смағұл Сәдуақасұлына тұрмысқа шығады. 1941 жылы ұлы Ескендір Сәдуақасов шешесінен жасырын халық жасағына қосылып, соғыстың алғашқы айларында қаза табады.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Ісмақованың айтуынша, 1957 жылы Мәскеуде Елизавета Мұхтар Әуезовке Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» романының түпнұсқасын және Смағұл Сәдуақасұлының Әуезов пен Аймауытұлының сауалнамаларына берген жауаптарын тапсырған-тын. Бұл құнды құжаттар Алматыдағы М.О.Әуезов мұражайында сақтаулы.

Елизавета 1938 жылы 10 маусымда КСРО НКВД жанындағы Ерекше Кеңесінің шешімімен отбасын сатқандардың мүшесі ретінде 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 1938 жылы 24 шілдеде Алматы түрмесінен Ақмола лагеріне (АЛЖИР) жіберілген, ал 1946 жылы 21 наурызда бостандыққа шықты.

Елизавета 1971 жылы 23 мамырда Мәскеу ауруханасында қайтыс болып, Новодевичье зиратында жерленді. Бұл мәлімет алғаш рет 2016 жылы Әлихан Жолы экспедициясы барысында Нұрым Бөкейханның көмегімен анықталды. Елизаветтаның тақтасы Н.С. Хрущев пен Владимир Высоцкий, сондай-ақ генералдармен қатар орналасқан.

Нәйлә Базанова

Қазақ елінде ғана емес, Орта Азияда әйелдер арасынан шыққан тұңғыш ғылым кандидаты, профессор және академик. Ол 1911 жылы 11 қарашада дүниеге келіп, 1993 жылы 11 қарашада Бішкекте өмірден өтті. Нәйлә Базанова – қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі әрі еңбек сіңірген ғылыми қайраткері. Ол 1932 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын тәмамдап, 1932-1947 жылдар аралығында сол институтта ассистент, доцент, профессор және кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1948–1951 жылдары эксперименттік биологиялық институтты басқарса, 1951–1966 жылдар аралығында Қазақстан ғылым академиясының биологиялық және медициналық бөлімінің академигі-хатшысы болды. 1966–1986 жылдары Физиологиялық институтының директоры болып қызмет атқарды. 1986–1993 жылдары сол институттың құрметті докторы болды.

Нәйлә Базанованың негізгі ғылыми зерттеулері ірі қара малдың ас қорыту жүйесін және жас төлдің өсуі мен физиологиясын зерттеуге арналған. Ол малдың ішек-қарнындағы мембраналық ас қорыту механизмін ашып, ас қорыту процесінің күйіс малына тән екенін дәлелдеді. Сонымен қатар, ол малды пропион қышқылды ашытқыш қосылған сүрлеменің жаңа түрімен азықтандыруды ұсынды. Ленин ордені, Қазан төңкерісі, Еңбек Қызыл Ту ордені және екі мәрте Құрмет белгісі ордендерімен марапатталған.

Оның ғылыми еңбектері Қазақстанда ғана емес, бұрынғы КСРО аумағында да жоғары бағаланды. Нәйлә Базанова - ізбасар дарынды жастарға ерекше қамқорлық көрсетіп, олардың ғылымдағы жолын ашқан тәлімгер. Оның жоғары жауапкершілігі мен адамилығы өте жоғары бағаланды.

Нәйлә Базанова –жастар тәрбиесіне зор мән берген және адамды тани білген тұлға, шебер ұстаз,. Оның шәкірттері арасында Қазис Тәшенов, Қабдырахман Дүйсембин, Төлеутай Несіпбаев, Ерболат Мақашев және басқа да көрнекті ғалымдар бар. 1966 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін ҰҒА Адам және жануарлар физиологиясы институтының директоры әрі И.П. Павлов атындағы Бүкілодақтық физиологтар қоғамы Қазақ бөлімшесінің төрайымы қызметтерін атқарды. Бұл қызметтер барысында ол физиология институтының жаңа ғимаратын салуға, ғылыми зертханаларды озық құрал-жабдықтармен жабдықтауға зор үлес қосты. Оның еңбегінің арқасында Қазақстанда физиология ғылымы айтарлықтай дамыды.

Сара Көшербаева

Қазақ балет өнерінің ұлы шебері, балет әртісі, педагог және профессор. Ол 1966 жылы Қазақ КСР-інің халық артисі атағын, 1958 жылы Қазақ КСР-інің еңбегі сіңген артисі атағын алып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған.

Сара Көшербаева 1933 жылы 6 ақпанда Алматыда дүниеге келіп, 1952 жылы Алматы хореография училищесін Қазақ ССР-інің халық артисі, профессор А.В. Селезневтің класынан тәмамдаған. 1954 жылы Санкт-Петербургтегі орыс балет академиясында білімін жетілдіріп, В.С. Костровицкая мен Н.А. Камкованың кластарында оқыды.

1954-1975 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының соло-бишісі ретінде өнер көрсетті. 1975 жылдан 1986 жылға дейін Алматы хореографиялық училищесінің директоры әрі педагогі болды. 1973 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жаттықтырушы педагогы қызметін атқарды.

Шығармашылық жолында Сара Көшербаева алғаш рет 1955 жылы Р.М. Глиэрдің «Мыс салт атты» балетінде Параша партиясын биледі. Оның репертуарында көптеген әйгілі партия болды. Соның ішінде Раймонда (Глазуновтың балетінде), Одетта-Одиллия және Аврора (Чайковскийдің «Аққу көлі» мен «Ұйқыдағы ару» балеттерінде), Сүйімбике (Яруллиннің «Шуралесінде»), Китри мен Никия (Минкустың «Дон Кихот» және «Баядерка» балеттерінде) және басқа да көптеген партияны айтуға болады. Сондай-ақ ол Н.А. Тілендиев, Л.Б. Степанов, Е.В. Манаев, Ғ.А. Жұбанова және Қ.Х. Қожамияров сияқты композиторлардың балеттерінде басты партияларды орындады. Оның өзінің әсем қимылымен, жоғары техникасымен көпшілікке танылды.

Сара Көшербаева өз өнерін шетелде де танытып, Германия, Венгрия, Моңғолия сияқты елдерде бишілер тобымен бірге өнер көрсетті.

Оның марапаттары мен құрметтері көп. Мәселен, 1957 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық классикалық билер байқауында лауреат атануы, 1958 жылы Қазақ КСР-інің еңбегі сіңген артисі атағын алуы, 1959 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталуы, 1966 жылы Қазақ КСР-інің халық артисі құрметті атағын иеленуі, 1971 жылы екі рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталуы, 1981 жылы «Халықтар Достығы» орденін алуы – соның айқын дәлелі. Сондай-ақ, Сара Көшербаева - көптеген медаль мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасын иеленген тұлға.

Балдырған Қожамқұлова

Еліміздің алғашқы палеонтологтарының бірі. Оның ғылыми жетістіктері мен зерттеулері Қазақстанның табиғаттану тарихын зерттеу үшін үлкен маңызға ие. 1930 жылы Алматы қаласында дүниеге келген Балдырған Серәліқызы қазақ халқының белгілі өнер қайраткерлерінің отбасында тәрбиеленген. Әкесі — халық артисі Серәлі Қожамқұлов болса, анасы Хадиша да театр өнерінің белді тұлғасы болған.

Балдырған Серәліқызы жастайынан музыкаға қызыққанымен, табиғатқа деген сүйіспеншілігі оны биология саласына алып келді. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология факультетінде білім алып, кейіннен Қазақ КСР Ғылым академиясы Зоология институтында аспирантурада оқыды. Бұл кезеңде оның жетекшісі В.С. Бажанов болды.

Б.Қожамқұлова палеонтология саласында бірқатар маңызды зерттеу жүргізіп, Қазақстанның палеозоологиясын зерттеуге септігін тигізді. Ол Қазақстанның кайнозой дәуіріндегі омыртқалылардың эволюциясын зерттеп, Қазақстанның плейстоцендік шөгінділерінің биостратиграфиясын анықтауға қатысты маңызды ғылыми жұмыстар атқарды.

Балдырған Серәліқызы 1957 жылы Қасқыр жалы аулында мамонттың қаңқасын алғаш рет тапқан ғалым ретінде тарихқа енді. Бұл тапқаны ғылыми әлемде үлкен жаңалық болып, ғалымның атағын әлемге кеңінен таратты. Оның басшылығымен қазба жұмыстарының нәтижесінде үш палеонтологиялық қорық бекітілді: Ертіс өзені жағасындағы «Қаздар өткелі», Қаратау тауларындағы «Әулие» және Түркістан облысындағы «Қошқорған».

Балдырған Қожамқұлованың ғылыми еңбектері республикалық және халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, оның қолжазбалары мен зерттеулері Қазақстанның палеонтология мен стратиграфия саласындағы үлкен жетістіктерге айналды. Ол бар өмірін ғылыми зерттеулерге арнап, палеонтология мен биология ғылымына қосқан үлесі үшін көптеген марапатқа ие болды.

Хадиша Бөкеева

Қазақтың көрнекті театр және кино актрисасы, өнертану ғылымдарының докторы. КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, сондай-ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 2000 жылы Қазақстанның ең жоғары «Отан» орденімен марапатталды.

Бөкеева Санкт-Петербург театры өнері институтын бітіріп, 1938 жылы Шымкент облысының драма театрында жұмыс істеп, алғаш рет танымалдыққа ие болды. Мұнда М. Әуезовтің «Еңлік — Кебек» және Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері — Ақтоқтысы» сияқты туындыларында басты рөлдерді сомдап, өнерін шыңдады. 1942 жылы Алматыға шақырылып, Қазақ драма театрының сахнасында Катарина рөлін алып шықты.

Шығармашылығы қазақ театрының алтын қорына енген Бөкеева, әлемдік классикада да айрықша орын алды. Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» Катаринасы, Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыландысындағы» Қарлыға мен Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян сұлуындағы» Күнікей бейнелері оның өнерінің биік деңгейін көрсетті. Оның актерлік шеберлігі әрбір кейіпкердің ішкі дүниесін терең сезіммен ашып, қазақ театрының тарихында маңызды рөл атқарды.

Бөкеева кино саласында да елеулі табыстарға жетіп, қазақ киносының дамуына өз үлесін қосты. «Райхан», «Асау Ертіс жағасында», «Тұлпардың ізі» сияқты фильмдер қазақ киносының алтын қорына енді. Сонымен қатар, ол ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызметпен айналысып, қазақ театрының жаңа буынына бағыт-бағдар берді.

Бөкееваның еңбегі бірнеше мемлекеттік марапатпен бағаланып, «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Оның құрметіне Орал қаласында драма театры аталды. Ал туған ауылында музей ашылып, көшеге есімі берілді.

Ғазиза Жұбанова

Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, профессор, әрі сазгер. Ол Қазақстанның және КСРО-ның халық артисі, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және қазақтың қазіргі музыкасының негізін қалаушы Ахмет Жұбановтың қызы.

Ғазиза Жұбанова Мәскеудегі Гнесиндер атындағы музыкалық училищесін (1949) және П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын (1954) тәмамдады. Сондай-ақ осы оқу орнының аспирантурасын 1957 жылы бітіреді. 1958 жылдан бастап Алматы консерваториясында ұстаздық қызмет атқарып, 1975-1987 жылдары осы оқу орнының ректоры болып жұмыс істеді. Сондай-ақ ол Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы және КСРО Композиторлар одағының хатшысы қызметтерін де атқарды.

Жұбанова қазақ музыкасы мен мәдениетіне елеулі үлес қосты. Ол ұстаз ретінде бірнеше талантты музыканттың жолын ашты. Олардың қатарында Е. Серкебаев, С.Кабирова, Т.Мұхамеджанов сияқты есімдер бар. Оның басқаруымен музыкалық мектептер құрылып, қазақ фольклоры мен композиторлық шығармашылық туралы ғылыми зерттеулер мен диссертациялар қорғалды.

Ғазиза Жұбанова — жан-жақты шығармашылық тұлға. Ол симфониялар, опералар, балеттер, кантаталар, романстар және эстрадалық музыка жазды. Оның танымал шығармаларының қатарында «Жігер» симфониясы, «Еңлік-Кебек» және «Жиырма сегіз» опералары, «Аққұс туралы аңыз» балеті, сондай-ақ «Батырлық поэмасы» және «Ақсақ құлан» симфониялық поэмалары бар. Оның музыкасы қазақстандық және шетелдік сахналарда танымал болып, қазақ мәдениетінің әлемге танылуына ықпал етті.

Жұбанова әкесі Ахмет Жұбановтың аяқталмаған «Құрманғазы» радиооперасын 1970 жылы аяқтады. Сонымен қатар қазақ драма театрының көптеген қойылымына музыка жазды. Мәселен, 1962 жылғы «Абай» және 1967 жылғы «Қарақыпшақ Қобыланды» сияқты спектакльдерін айтуға болады.

Ғазиза Жұбанова - Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы мен Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алған, сондай-ақ Халықтар достығы және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған тұлға. Алматыда оның есімімен көше аталып, оның тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды.

Рәбиға Сыздықова

1924 жылдың 17 тамызы Ақтөбе облысында дүниеге келді. Абай тілін зерттеген көрнекті лингвист, филолог-түрколог, академик. Ол - филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Сәтіғали Құтқожинның қызы.

Ғылыми зерттеулері негізінен қазақ әдеби тілінің тарихы, Абайдың поэтикалық тілі, қазақ тілінің поэтикасы, қазақ ақын-жырауларының тілдері, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілінің тарихы, тарихи лексика мен лингвостилистика, орфография мен жазу теориясы сияқты салаларды қамтиды. Сыздықова қазақ тілінің нормаларын қалыптастыру бойынша маңызды зерттеулер жүргізіп, осы бағытта жүзден аса магистрлік және кандидаттық диссертациялар қорғаған.

Ғалымның жетекшілігімен 1984 жылы «Тілдік норма және стиль» сияқты еңбек жазылды. Ол қазақ тіл мәдениетінің негіздерін қалаған зерттеушілердің бірі болды. Оның көптеген зерттеу жұмысы мен кітаптары қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына мол үлес қосты. Сыздықова «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Абайдың сөз өрнегі», «Сөздер сөйлейді», «Сөз құдіреті», «Тілдік норма және оның қалыптасуы», «Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі» сияқты шығармалардың авторы болып табылады.

Рәбиға Сыздықова бірнеше рет халықаралық конференцияда Түркітану саласындағы еңбектері үшін дипломдар мен сертификаттарды иеленіп, «Құрмет белгісі» (1971) және «Парасат» (2004) ордендерімен, сондай-ақ бірнеше медальмен марапатталған.

Ғалым Қазақстандағы еңбектерімен танысқан көпшілік үшін қазақ тілін зерттеу саласында ұлы тұлға болып қалды. Оның ғылымға қосқан үлесі қазақ тіл білімін дамытуға әсер етті. Ол өз өмірінде көптеген кітап пен мақала жариялап, қазақ тіліне қатысты шешімдерде шешуші рөл атқарды.

Жамал Қаңлыбаева

Техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының корреспондент мүшесі. Ол 1923 жылы Семейде дүниеге келді. Алғашқылардың бірі болып техника ғылымдарының докторы дәрежесіне ие болған қазақ әйелдерінің бірі әрі маркшейдерлік салада өзін танытқан түркі әлемі нәзік жандыларының алғашқы өкілі болып саналады. Ғылыми зерттеулері негізінен шахта қазбаларының әсерінен жер қабаттарындағы орын ауыстыруды радиоактивті изотоптар әдісі арқылы зерттеуге бағытталған.

Жамал Қаңлыбаева 1940 жылы Тау-кен металлургия институтының гидрогеология бөліміне оқуға қабылданып, 1949 жылы оны аяқтады. Оқу барысында үш жылдан кейін Қарағанды көмір бассейнінің шахталарында ғылыми зерттеулер жүргізіп, Бүкілодақтық маркшейдерлік ғылыми-зерттеу институтының профессоры Степан Гаврилович Авершиннің жетекшілігімен «Қарағанды көмір бассейнінде жер асты тау-кен жұмыстарының әсерінен жер бетіндегі орын ауыстыруды есептеу» тақырыбында диссертация қорғады.

1952 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаg, тау-кен саласындағы техникалық ғылымдар бойынша алғашқы қазақ әйелдерінің бірі ретінде ғылыми дәрежеге ие болды. 1954-1974 жылдар аралығында Тау-кен металлургия институтында маркшейдерлік бөлімін және радиоактивті изотоптарды қолдануға негізделген жаңа әдісті енгізу жұмысын басқарды.

Жамал Қаңлыбаева 1970 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды. Оның ғылыми еңбектері мен инновациялық жұмыстары «Құрмет белгісі», «Ерен еңбегі үшін» медальдерімен марапатталды. Сондай-ақ, ол Фрейбергтегі (Германия) тау-кен академиясында марапаттарға ие болып, «Қаланың құрметті кеншісі» атағын алды.

Жамал Қаңлыбаева әлемге алғаш рет радиоактивті изотоптар қолданылған көмір қабаттарының қазылуы кезінде тау жыныстарының кернеулік жағдайын бақылау әдісін енгізуімен танымал.

Гүлшахара (Гуля) Досымбекова

Алаш жастарының басын біріктірген «Бірлік» және «Жас азамат» ұйымдарын құрған қайраткер, жігерлі қыз. Гүлшахара Міржақып Дулатұлының балдызы.  Омбы гимназиясы мен Омбы ауылшаруашылығы институтын тәмамдаған. Ол Алаш көсемінің қызы Елизаветамен (Зейнеп) жақын құрбы болыпты.

Революциядан кейін әлеуметтік жағдайы төмен, жоқ-жетім қазақ балаларының білім алуына қолдау көрсетіп, қаржылай көмек білдірген. Жүсіпбек пен Мұхтар «Абай» журналын шығара отырып, қаржылық қиындықтарға тап болғанда, Гүлшаһара өзінің күміс жүзігін сатып, ұлт басылымына қолдау жасаған.

1914 жылы Міржақып пен Ғайнижамалдың үйлену тойында Мағжан мен Сәкен де болған екен. Ақындар, әсіресе, Гүлшахараға ғашық болыпты. Алайда Жақаң (Міржақып) өзінің балдызын қайраткер Ахметсапа Жүсіптің баласына қосқан. Алайда, бұл арудың қоғамдық-саяси қызметі туралы әлі күнге дейін терең зерттелген жоқ.

Хадиша Сүлейменова

Хадиша Сүлейменова (1913 жылы 3 маусымда Әндіжанда дүниеге келген – 1965 жылы 26 қарашада Ташкентте қайтыс болған) – кеңес дәуірінің танымал ғалымы, заң ғылымдарының докторы, профессор, Өзбекстан КСР Ғылым академиясының академигі, Өзбекстан КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. 1956 жылдан бастап КПСС мүшесі болған.

Сүлейменова Ташкенттегі Кеңестік құрылыс және құқық институтын 1935 жылы тәмамдап, сот жүйесінде қызмет атқарады. 1938-1941 жылдар аралығында Мәскеу заң институтында аспирантурада оқиды. 1941-1954 жылдары Ташкент заң институтында ассистент, кафедра меңгерушісі болып жұмыс істейді. Ал 1954 жылы осы институттың директоры қызметіне тағайындалды. 1956-1958 жылдары Орта Азия Мемлекет университетінің кафедра меңгерушісі болды. Өзбекстан КСР юстиция министрі және республика Министрлер Кеңесі жанындағы юстиция комиссиясының басшысы (1958-1964) қызметтерін атқарды. 1964-1965 жылдары Өзбекстан КСР Жоғарғы сотының төрағасы болды. Сондай-ақ, ол халықаралық құқық мәселелеріне арналған көптеген конференцияларда баяндамалар жасап, Амстердам, Лондон, Каир, Токио, Дели, Прага сияқты қалаларда сөз сөйлеген. Хадиша Сүлейменова - құқық саласындағы 80-нен астам ғылыми мақаланың авторы.

Екі рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Ташкенттегі ғылыми-зерттеу сот-сараптама институтына есімі берілді.

Хұснижамал Нұралыханова

1872 жылы Бөкей Ордасында сұлтандар әулетінде дүниеге келген. Ол қазақ қыздарына арналған алғашқы мектепті 22 жасында ашқан. Қазандағы мектепті бітірген соң, Бөкей Ордасындағы әйелдер мектебінде сабақ берген. Хұснижамал – Жәңгір ханның немересі, Нұралы ханның шөбересі болып табылады.

Хұснижамал Нұралыханованың бастамасымен қазақ қыздары мектепте білім алғаны туралы мәліметтер бар. 1897 жылы инспектор Андрей Вознесенский жасаған баяндамасында Хұснижамал туралы былай деп жазған: 

«Хұснижамал – қазақ сұлтанының қызы. Қазандағы земство мектебін бітірген. Алғашында ағаларының қолында білім алды. Жасы шамамен 25-те. Сұлу, әңгімелескенде өте тартымды, Ордада осындай қыз жоқ, иә, ол – бірегей… Орыс тілін өте жақсы біледі. Аса ұстамды әрі сыпайы. Қазіргі уақытта орыс тілі мектебіне арнап жұмыс істеуді жоспарлап отыр».

Хұснижамал Нұралыханова Арон Қаратаевқа тұрмысқа шыққан. Арон Қаратаев – әйгілі заңгер Бақытжан Қаратаевтың інісі.

Хиуаз Доспанова

Қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш ұшқыш.

1922 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Ол мектепті алтын медальмен бітірген. КСРО ұшқыш-батырларының ерліктеріне тәнті болып, бала кезінен ұшқыш болуды армандаған. Мектеп кезінде «запастағы пилот» куәлігін алған. Медицина университетінде оқып жүргенде Хиуаз әйелдерге арналған жаңа полк құрылғанын естіп, 19 жасында соғысқа қатысқан жалғыз қазақ қызы болды.

Хиуаз Доспановаға Қызыл жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендері және «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары табысталған. 2004 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жарлығымен оған еліміздегі ең жоғары марапат – «Халық Қаһарманы» Алтын жұлдызы берілді.

Хиуаз Доспанова 2008 жылы өмірден өтті. 2019 жылы Атырау халықаралық әуежайына оның есімі берілді.

Нәзипа Құлжанова

Қазақтан шыққан тұңғыш журналист әйел.

Ол 1887 жылы дүниеге келген. Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған мектепте білім алып, кейін Торғайдағы қыздар гимназиясында оқуын жалғастырған. Білім алғаннан кейін өзі оқыған училищеде, сондай-ақ Семейдегі оқытушылар семинариясында мұғалім болған.

Нәзипа Құлжанова қазақ қыздарынан шыққан алғашқы журналист болды. Ол қазақ қыздарының өміріне қатысты мақалаларын «Алаш», «Сарыарқа», «Қазақ» газеттерінде жариялаған.

Ұзақ жылдар бойы мұғалімдік қызмет атқарған Нәзипа қазақ мектептері үшін оқулықтар жазды. 1923 жылы Орынборда «Мектептен бұрынғы тәрбие» және 1927 жылы Қызылордада «Ана мен бала тәрбиесі» атты әдістемелік кітаптары жарық көрді.

Нәзипа Құлжанова 1934 жылы қайтыс болды.

Айша Ғалымбаева

Қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, ұлттық тақырыпты өнерінде шеберлікпен бейнелеген суретші әрі киносуретші, сондай-ақ қазақ ұлттық киімдерінің үлгісін жасаушы. Ол 1917 жылы дүниеге келді.

Айша Ғалымбаева өмірінде ХХ ғасырдың маңызды саяси оқиғаларын бастан өткеріп, ашаршылық пен соғыстың ауыр жылдарынан өтті. Оның шығармашылығында халық өнерінің ерекшеліктері айқын көрініс тапты. «Белгілі халық шебері Р.Бәсенованың портреті», «Дәмді шай», «Бір кесе қымыз», «Халық таланттары», «Біз заманамызды мақтаныш етеміз», «Қазақстан әні», «Кестелі кимешек», «Батыр ана» сияқты шығармалары кеңінен танымал болды.

Айша Ғалымбаева 2008 жылы өмірден озды.

Гүлсім Асфендиярова

1880 жылы дүниеге келген және қазақ тарихындағы дипломы бар тұңғыш әйел дәрігер. Ол – Санжар Асфендияровтың туған әпкесі. Ташкент әйелдер гимназиясын және Санкт-Петербург қыздар медицина институтын бітірген. Гүлсім Асфендиярова қазақ әйелдерінің арасында жоғары білім алған алғашқы дәрігер болып саналады.

Қазақ қыздары әлі сауат ашып жатқанда, Гүлсім Еуропада ашылған алғашқы әйелдерге арналған медициналық институттың 10 стипендиясының бірін ұтып алған. Институтты аяқтағаннан кейін елге оралып, емдеу ғана емес, акушерлік курс пен акушерлер бөлімшесін ашқан алғашқы әйел болды. Өз өңірінде кесір тілігін жасаған бірінші дәрігер болып, білімін халыққа таратып, олардың көзін ашты.

1913 жылы Хиуа ауруханасында әйелдер бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. Гүлсім Асфендиярова 1937 жылы қайтыс болды. Десе де өлімінің нақты себебі әлі де белгісіз.

Нұрсұлу Тапалова

Қазақтан шыққан тұңғыш балерина.

1923 жылы дүниеге келді. 24 жасында Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі атағына ие болды. А.Александровтың жетекшілігіндегі театр студиясында оқып, сахнада өнер көрсете бастады. Жақындаған жылдарда, режиссерлер балет өнерінің патшайымы Шара Жиенқұлованың рөлін тек Нұрсұлуға сеніп тапсыратын дәрежеге жетті. 1938 жылға дейін кардобалет артисі болып қызмет атқарып, кейін балет бишісі ретінде образдар жасап шықты.

Халық артисі Болат Аюханов Нұрсұлу туралы: «Нұрсұлу – биінен басқа өмірін елестете алмайтын нәзік жан еді. Ол Галина Улановнамен бірге «Бақшасарай бұрқағында» Зареманың рөлін сомдады. Нұрсұлу классикалық дайындықсыз билегеніне қарамастан, оның Заремасы шығыстың нағыз аруына айналды! Оның биін көріп, елітпей тұру мүмкін емес еді», – деп айтқан.

Нұрсұлудың репертуарында қазақ, қырғыз, өзбек, армян, испан, орыс және басқа да ұлттардың билері болды. Өзін кәсіби түрде сахнада танытқан биші алыс-жақын шетелдерде де танылды. Нұрсұлу Тапалова 1998 жылы ол өмірден озды.

Қазақтан шыққан алғашқы дипломат әйел – Балжан Бөлтірікова

Біріккен Ұлттар Ұйымында еліміздің атынан алғаш рет сөз сөйлеген тұлға. Ол өзіне тән қайсарлық әрі сабырлы мінезімен көптеген саясаткер мен дипломатты артта қалдырып, халықаралық аренада жоғары бағаланды. Мәмілегерлік салада да, білім мен әлеуметтік даму бағытында да үлкен жетістіктерге жеткен Балжан Бөлтірікова туралы АҚШ-тың танымал саясаткері Генри Киссинджер: «Еркек дипломаттарды алдауға болады, ал әйел дипломаттардан жеңілу қиын. Дипломатия – білектіні емес, ақылдыны жеңетін өнер», – деген болатын. Оның қарапайымдылығы, жанашырлығы және батыл қадамдары Балжанның есімін ел ішінде ұзақ уақыт бойы жаңғыртты.

Мурзабекова (Мырзабекова) Тұрсын

Тарих ғылымының кандидаты, доцент және Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі. Ол - қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш ректор.  Қазақ қыздар педагогикалық институтының алғашқы ректоры болды. 1933 жылы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған Тұрсын Мурзабекова 1933-1943 жылдары оқытушылық қызмет атқарып, 1943-1945 жылдары Шымкент қалалық атқару комитетінде жұмыс істеді. 1945-1959 жылдары Қазақ қыздар педагогикалық институтында ректор қызметін атқарып, 1959-1978 жылдары ҚазМУ-де педагогикалық салада қызмет көрсетті. Ректор болған кезінде институттағы қыз балалардың білім алуына, тәрбиесіне және тұрмыс жағдайларына ерекше көңіл бөліп, жатақхана мен оқу корпустарын салуды ұйымдастырды, студенттер үшін тегін тамақтануды енгізді. Сонымен қатар, Мәскеу мен Ленинградтан (қазіргі Санкт-Петербург) кітаптар мен энциклопедиялар әкеліп, институттың кітапхана мен химиялық зертхана құрылысын қолға алды. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендері және бірнеше медальдармен марапатталды.

Күләш Байсейітова

24 жасында КСРО халық әртісі атағын алған және есімі аңызға айналған қазақ әншісі. Оның репертуарында 30-40 ән мен романстар бар. Әншінің орындауындағы «Гәкку», «Сараның ариясы», «Ажардың ариясы», «Шіркін-ай», «Қос қарлығаш», «Бұлбұл» сияқты әндері тыңдармандарға ерекше сезіммен жетіп, ерекше бағаланды. Өнерімен қатар, ол ұзақ жылдар бойы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып, Мемлекеттік сыйлық тағайындау мен Дүниежүзілік Бейбітшілікті сақтау комитеттерінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысты.

Мәдина Бегалиева

Қазақтан шыққан тұңғыш металлургия инженері әрі еліміздің ғылыми-инженерлік қауымдастығында айрықша орны бар тұлға. Ол 1923 жылы қазіргі Қостанай облысында дүниеге келген. Бегалиева металлургия саласында білім алған тұңғыш қазақ қызы ретінде тарихта қалды. Оның еңбегі еліміздегі металлургия өнеркәсібінің дамуына айтарлықтай ықпал етті.

Мәдина Бегалиева Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетінде білім алып, кейін металлургия саласына қызығып, Алматы тау-кен институтына оқуға түсті. 1945 жылы осы оқу орнын тәмамдап, металлургия инженері мамандығын алып шықты. Бегалиева кәсіби қызметінде металлургия саласындағы жаңалықтарды енгізу мен жетістіктерге қол жеткізуге күш салды. Ол алдымен металлургия өндірісінің түрлі процестерін терең зерттеп, қазақстандық металлургияның дамуына бағытталған ғылыми еңбектер жазды.

Оның негізгі зерттеу салалары темір кенін өндіруді тиімді ұйымдастыру, металлургиялық процестердің сапасын арттыру, сондай-ақ экологиялық мәселелерді шешу болды. Мәдина Бегалиева еліміздегі түрлі металлургиялық зауыттарда жұмыс істеп, көп ұзамай Қазақстанның ірі металлургиялық кешендері мен ғылыми-зерттеу институттарында жетекші маман ретінде танылды.

Оның зерттеу жұмыстары металлургия өндірісіндегі процестердің жақсаруына үлес қосты. Мәдина Бегалиева ұзақ жылдар бойы Қазақстанның металлургия саласындағы маңызды жобаларға жетекшілік етіп, өндірістік мәселелерді шешуде жоғары инженерлік шеберлігін көрсетті. Сонымен қатар, ол металлургия саласындағы әйелдердің рөлін арттыру үшін көп еңбек етті, көптеген әйелдерге осы салада жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

Мәдина Бегалиева көптеген ғылыми мақала мен кітаптың авторы болып, металлургия саласындағы үздік еңбектері үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды. Оның ғылым мен өндірістегі еңбегі Қазақстан металлургиясының дамуына маңызды үлес қосты және ұрпақтарға үлгі болып табылады. 1990 жылдары ардагер маман ретінде еңбек жолын аяқтап, еліміздің ғылыми қауымдастығында өз даңқын қалдырды.

Мәдина Бегалиева қазақ қыздарының ғылым мен техника саласында өз орындарын табуына үлкен үлес қосқан алғашқы тұлғалардың бірі болды. Оның өмірі мен қызметі кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге болып қала береді.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: