Тарихи отанына оралғандардың жай-күйі қалай?

31 Қазан 2018, 17:59 11030

Оралмандардың бүгіні

Әлемде өз қандастарын тарихи отандарына шақыратын бар-жоғы үш қана мемлекет бар болса, оның бірі – Қазақстан. Қазақтардың атамекенге оралуы бірнеше кезеңге бөлінеді, бірақ біз қарастырғалы отырған уақыт шекарамызды заңды түрде бекітіп, бейбіт күннің ауасын жұта бастаған кезең.

Алғашқы оралмандар легі

Тәуелсіздік алған соң, этникалық қазақтардың тарихи отанына бет бұруы үкіметаралық келісім негізінде Моңғолиядағы бауырларымыздың келуімен басталды. 1991-1992 жылдардың ішінде 65 мыңға жуық адам қоныс аударыпты. Бұл үдерісті 1993 жылдан бастау алған заңнама арқылы квота жеңілдете түсті. 1998 жылға дейін мемлекет бюджет есебінен үй бөлу, жәрдем көрсетуді жергілікті әкімдерге тапсырған болатын. Осы аралықта 123 мың адамды құрайтын 32 мың отбасы атамекенге көшіп келді. 1999 жылдан бастап, Елбасының арнайы жарлығымен оралмандарға республикалық бюджеттен арнайы ақша қарастырылып, пәтер, үйлер алып берілді. Жаңа ғасырдың басында 500 квота ғана белгіленсе, 2001-2002 жылдары екі жарым мыңнан аса, 2003 жылы бес мың квота белгіленіпті. Осы үш жылдың ішінде 32 мыңды құрайтын 6887 отбасы тарихи отандарында су жаңа баспаналарға ие болды. 2004 жылдан бастап бұл жүйе тағы өзгертуге ұшырап, енді пәтер емес мемлекет ақшалай көмек беруге көшті. Бұл квоталар 2004 жылы он мың отбасыға, 2005-2008 жылдары он бес мың отбасыға табысталатын болып, бекітілді. Аталған жылдары жетпіс мыңға жуық отбасы осы жәрдемақыға ие болған. «Нұрлы көш» бағдарламасы жүзеге асқанға дейін 188 248 отбасы, яғни 737 991 адам елге оралған екен.

«Нұрлы көштің» кімдерге көмегі тиді?

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындаған «Нұрлы көш» бағдарламасы 2009-2011 жылдары жүзеге асты. Бұл бағдарлама шеттегі қазақ диаспорасы өкілдерінің атажұртына қоныс аударуын реттейді. Бұл жобаға мемлекеттік және жергілікті бюджеттен 197 миллиард теңге қарастырылған. Жоспар бойынша үш жылда 300 мың адамды құрайтын 60 мың отбасыны көшіріп әкелу керек еді. 2009-2011 жылдары «Нұрлы көштің» шеңберінде 2500-ден аса атамекендеріне оралған отбасыға тұрғын үй берлілді. Моңғолиядан 6271 адамнан тұратын 1317 отбасы қоныс аударды. Олар Қостанай, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Алматы мен Астана қалаларына көшіп келді. Дегенмен де, бұл жобаның шикіліктері бүгнге дейін айылып келеді. Сапасыз салына салған үйлер, бюджеттен қолды болған ақша туралы ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жатты.

Құжатбастылықтың қиындығы

2011 жылғы 22-желтоқсандағы Үкімет қаулысымен 2011-2014 жылдары әр жыл сайын 10 мың отбасыға квота бөлінеді деп бекітілген болатын. Бірақ, бұл қаулы іске асырылмай қалды.

«Нұрлы көштен» соң шетелден келуші қандастарымыздың саны азайып кетті. Оған себеп оларға азаматтық беру мәселелері мен тұрақты тіркеуге алу айтарлықтай қиындық туғызды. Бұған дейін Қытайдан келген қазақтардың визасы мерзімі аяқталса, создырып алуға мүмкіндік болатын. Қазір ондай жеңілдік қарастырылмайтын болып, қаншама қандастарымыз екі ортада сенделіп қалды. Бар мал мүлкін сатып, үй жайын өткізіп келген бірнеше отбасы мұндағы виза уақыты аяқталуына байланысты кері қайтуға тура келді. Шетел азаматтары үшін бұрыннан келе жатқан талаптардың ішінде тұрақты тіркеуге тұру, сотталмағаны туралы анықтама секілді құжаттар тапсыру бар-тын. Бірақ, әр баптың соңындағы этникалық қазақтарға қатысы жоқ деген сөйлем алынып тасталып, олардың өзге ұлттарымен теңестірілуі біраз күрделі мәселеге бетпе-бет әкелді.

Соңғы жылдары қосылған Қытай қазақтары үшін банкте қарызы жоқ деген анықтама, егер, мемлекеттік қызметкер болса, қызметтен қол үзді деген анықтама, сотталмағаны туралы анықтама, сондай-ақ Қытай азаматтығынан шығып келу секілді құжаттар біраз әуре-сарсаңға салары анық. Әсіресе соңғы аталғандары қандастарымыздың жағдайын едәуір қиындатты. Себебі, Қытайда сотталған азаматтар шетелге мүлде шыға алмайды. Және Қытай азаматтары бөтен елге барып, сол елдің азаматтығын алғанда ғана арнайы нота арқылы бұрыңғы азаматтығынан шығарылады. Республикалық «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің өкілі Рахым Айыпұлы былай дейді: «Сотталмағаны туралы анықтама қазіргі Қытай қазақтарының бас ауыртар мәселесі болып отыр. Себебі, ондағы қауіпсіздік министрлігі 2015 жылдың 25 тамызында ондай анықтама жеке тұлғаларға берілмейтіндігін жариялады. Оған қоса ол құжаттың бірыңғай үлгісі де жоқ. Қазір адамдар бұл мәселені айналып өткісі келіп, басқа жолдарын іздестіріп жатыр. Бірақ олардың ешқайсысының заңды күші жоқ. Анықтаманы алған күннің өзінде орысшаға аудартып, ҚХР сыртқы істер министрлігіне растатып, Қазақстан елшілігінің мөрін бастыруы қажет. Сонда ғана толық заңды күшке ие құжат болып саналады. Қарап отырсаңыз, біраз шаруа».

Сондай-ақ елімізге оқуға келген қазақ жастары қазіргі уақытта күрделі мәселеге тап болып отыр. Бұған дейін студенттер өз жатақханаларына тіркеле отырып, азаматтықты рәсімдей алатын еді. Ал қазір оқу бітірген соң шығу визасы арқылы келген елдеріне жіберілетін болды. Туған жеріне кеткен жастар атажұрттарына қайта оралуы не ғайбыл.

Нұрлан Тұяқов, журналист, (бұрыңғы Өзбекстан азаматы) «Өз басым ешқандай кедергіге ұшыраған жоқпын. Бір айдың көлемінде ықтияр хат (Ықтияр хат – шет ел азаматтарына 10 жылға берілетін құжат. Ол азаматтық алғанға дейін тұрақты тұруға мүмкіндік береді. Сонда-ақ шет ел

азаматтарына шекарадан визасыз өтіп шығуына, еркін жүріп тұруына жол ашады.авт.) алу үшін құжат тапсырып, оны алған соң екі ай ішінде азаматтыққа құжат өткіздім. Жалпы, қазіргі процесс бойынша Қазақстанға ресми келген күннен бастап тоғыз айдың ішінде толыққанды осы елдің азаматы болайын деп тұрмын. Ілгеріде атқанымдай, азаматтық алу барысында ешбір қиындыққа кезікпедім. Өйткені, қолымда кәсібім, мүнда жақын туыстарым болды. Бұған Алматыда Қазақ ұлттық университетінде екі жыл магистратура оқығанымды қосыңыз. Тарихи отанымда екі жыл жүрген соң артыма қайтуды ойлаудың өзі ерсі болды. Рас, Ташкентте де қазақтардың арасында жүрдім. Бірақ ұлттық қасиеттерге деген ішкі сұранысыма тек осында ғана толық қанағат табатынымды түсіндім» – дейді.

Осы орайда өз қандастарын шақыратын екі мемлекет Израиль мен Германияның өзіндік тәжірибелерін мысалға келтірсек. Израильде оралмандардың үйренісуіне, материалды қолдауға, оқу мүмкіншіліктеріне, әлеуметтік мұқтажына және тағы басқа да мәселелеріне мол қаржы бөле отырып, оларға айтарлықтай басымдық береді.

Ал немістер Германия азаматтығына өту үшін осыннан-ақ құжаттарын өткізе алады, оқуын аяқтап, жылжымайтын мүліктерін сатып, шекараны кесіп өткенде бірден бундес төлқұжатына ие болады. Яғни, біздегі туындап жатқан мәселелердің бірде-біреуі жоқ. Қазақстанда оралмандар уақытша визамен келіп, құжат жинауға шабылып жүргенде визасының уақыты аяқталып, заңды бұздың деп сот алдына барып жатқан қандастарымыз жетерлік. Бізге осындай елдердің тәжірибелерін сүзгіден өткізіп, қағазбастылықтың құрсауынан шығаратын жүйе керек сияқты.

Тең жартысы еңбекке жарамды

БАҚ беттерінде кей оралмандар өлместің күнін кешіп жүргендіігі туралы жиі болмаса да ара-тұра айтылып жатады. Олар өз кезегінде квота бойынша үй немесе жер ала алмай қалғандар. Баспана мәселесімен бас ауыртып жүріп басқа да мәселелердің батпағында қалған олар әлі күнге дейін мемлекеттен көмек сұрап отыр. Десек те, көз көріп жүрген оралмандардың жағдайы жергілікті тұрғындардан да асып тұр. Қытай, Моңғолия мен Өзбекстаннан келген қазақтар еңбекке бейім, көзі ашық, өз кәсіптерін ашып, жағдайларын бірқалыпқа келтіріп алған.

Берік Жұмабаев, Өзбекстаннан келген оралман «Қазақстанға көшіп келгенімізге он жылдың жүзі болып қалды. Мемлекеттік квотаға ілінгендіктен ешқандай қиындық көргеніміз жоқ. Қазір шүкір басымызда баспана, қолымызда жұмысымыз бар. Біз тұрып жатқан ОҚО, Сайрам ауданында бірнеше жүздеген оралмандар тұрып жатыр. Бәрі де ел қатарлы өмір сүруде» – дейді.

Бақкелді Тауыш, Қытайдан келген жеке кәсіпкер «Менің азаматтық алғаныма енді ғана жыл толады. Ол жақта өзімнің жеке кәсібім болған. Атамекенімде де сол кіші бизнесімді еш қиналмай жүргізіп келемін. Қайда барып, қалай өмір сүру, меніңше, адамның өзіне байланысты» деп қысқа қайырды.

Статистика оралмандардың еңбекке қабілетті жастағылары – 55,6%, 18 жасқа дейінгі балалар – 39,9% және зейнеткерлер – 4,5%-ды құрайтындығын айтады. Яғни жартысынан көбі еңбек етуге жарамды.

Шетелдегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі қалай?

Бүгінгі таңда алыс-жақын шет елде төрт жарым миллионға жуық қазақтар бар. Олардың жай-күйі әрқашан мемлекеттің бақылауында. Этникалық қазақтардың көбісі Қытайда және Өзбекстанда тұрады. Алғашқы аталған мемлекетте бір жарым миллион қандасымыз, ал оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстан жерінде шамамен сегіз жүз-тоғыз жүз мыңдай қазақтар тіршілік етуде. Қытайдағы қазақтардың ұлттық-мәдени жағдайы бір қалыпты жүйеге түскен. Мұнда қазақ мектептері баршылық. Осы елдегі қандастарымыз балаларын оқытуға ерекше көңіл бөледі. Қытай тілдерімен қатар, ағылшын, жапон тілдерін меңгеріп жүрген жастар да жетерлік. Өзбек жеріндегі қазақтардың хал-ахуалы да айтарлықтай нашар емес. Телеарналарда қазақ тілді бағдарламалар, қазақ тілді орталықтар, мектептер, педагогикалық институттарда қазақ тілі және әдебиет мамандығы бар. Және де олар жергілікті халықтан қалыс қалмай өз кәсіптерін дөңгелетіп жүр.

Ресей, Түркіменстан, Қырғызстан қазақтарының жағдайлары шамалас. Қазақ тілді мектептер, орталықтар, тіпті ана тіліндегі газеттер де баршылық. Тұрмыс жағдайлары да қалыпты. Көрші мемлекеттердегі этникалық қазақтардың хал-күйі бізге етене таныс. Тек алыс Ауғанстан, Иран секілді елдердегі қандастарымыздың жағдайына алаңдауға болады. Иран қазақтарының басым бөлігі бүгінде Қазақстанға қоныс аударған, ал қалғандарымен байланысты барынша үзбеу үшін жұмыстар жүргізілуде. Ал Ауғанстандағы қазақтармен байланыс орнату, оларды бақылау қиының қиыны болып отыр. Оған бірден бір себеп сол елдің саяси ахуалының нашарлығымен байланыстыруға болады.

Еуропа мен АҚШ-тағы қазақтардың жағдайы көз сүйсінерлік. Олардың көбі – жұмысшылар, кәсіпкерлер, зейнеткерлер. Алыс шет елдегі қандастарымыз Қазақстанмен байланысты үзбей, елдегі болып жатқан маңызды жаңалықтармен толыққанды танысып отыратын болып шықты.

Қазақстан туралы өсек-аяндар, мұндағы халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы жалған ақпарлар, кей телеарналардың күнделікті тарататын жағымсыз жаңалықтары шетелдегі қазақтардың көшіп келуі туралы ойларын бөгейтіндігі белгілі болды. Десек те, шын патриотты ешқандай жымысқы әңгімелер тоқтатпасы анық.

 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: