Тәрбие тал бесіктен

15 Желтоқсан 2022, 16:48 1729

Жер бетін жайлаған жұқпалы вирус әлсірей бастаған сәтте әлем жұртшылығы енді кеңінен тыныс алып, бұрынғы жайбарақат өмірге қайтып ораламыз деп ойлаған. Алайда ағымдағы жылы әлемде сан түрлі саяси, мәдени, рухани сонымен қатар экономикалық үдерістер орын алды. Әскери күшін сынағысы келгендей алпауыт елдер соғыс ашып, жауынгерлік жағдайда өмір сүруде. Бірінің ұстанымына бірі келіспеген мемлекеттер өзара санкция салумен әлек. Бұл барлық елдің тұрмыс жағдайы мен экономикасына кері әсерін тигізіп жатыр.

Біздің елде өкінішке орай жыл қайғылы «қаңтар» оқиғасымен басталып, саяси өзгерістерге ұласты. Тәуелсіз ел атанып, мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдарымыздың құрылғанына отыз жыл толып отырғанда еліміздегі дүрбелең мен көрші мемлекеттерде орын  алып жатқан қақтығыстар ел азаматтарының көкейіне «біздің әскеріміздің қауқары қандай?» - деген ой салғаны рас.

Сонымен, бүгінгі мақалада айтқым келгені әскеріміздің қауқары емес, сарбаздарымыздың сапасы туралы еді. Себебі әскердің күші ержүрек жеке құрамына байланысты емес пе?!

Әскер тақырыбына келсек бәрі жақсы, айбынды әскеріміз, жігерлі жауынгерлеріміз бар, жетістік те жетерлік. Көрші мемлекеттермен тату қарым-қатынас орнатып, сауатты сауда-саттық ұйымдастырдық. Ел шекарасы көршілермен межеленіп, шегенделді. Жалпы Қарулы Күштерімізді жетілдіруге қыруар қаржы жұмсалып, әскеріміз әлеуетін арттыруда, озық техникалар мен жаңа технологияларды игеруге ден қойдық.

Дегенмен мойындау керек, бүгінгі әскери ортадағы ахуал күрделі. Мұндағы тоқталып айтпағымыз, әскерді құрайтын әскерилеріміз туралы болмақ.

Бүгінгі күні ел жұртшылығы әскердегі темірдей тәртіп пен ондағы ұйымдастырылатын қызметке, сонымен қатар офицерлердің біліктілігіне күмәнді. Көпшілігінің айтатыны «әскерилер кінәлі». Оған қазіргі әскери ортада орын алып жатқан оқыс оқиғалар себеп болуда, осыдан келіп бұрынғы жылдары он ұйықтасаң да түсіңе кірмейтін әскерден жалтару, бір-біріне әлімжеттік көрсету, ең сорақысы өзіне-өзі қол салу сияқты жағдайлар орын алуда.

Шынында да осы жағымсыз жайттарға әскери орта кінәлі ме, бәлкім бұған бүкіл өмірін әскери қызметке арнап, туған туыстан жырақта, ел шебінде қызмет атқарып жүрген әскерилер емес, өзіміз, яғни ата-аналар кінәлі шығармыз, проблеманы басқа жағынан қарастырып көрсек қалай болады? Ол үшін сәл артқа шегініп, тәуелсіздігімізді алып үлгермеген алдыңғы жылдарды еске алайық.

Кеңестік кезеңді аңсағаннан аулақпыз, бірақ арыға бармай, 80-ші жылдардағы жағдайға үңілсек, сол кездері белгілі бір себептермен әскер қатарындағы қызметке жарамсыз болып, «солдат» атана алмау жігіттер үшін өліммен тең еді. «Қайтсем де әскерге барамын», - деп ата-анасынан тығылып, әскери комиссариатқа қашып баратындар көп болатын. Денсаулығы дұрыс болса әке-шешесі де баласының әскерге барып, абыроймен оралуын қалайтын. Бармаймын дейтін бала болмайтын. Қазіргідей әскер бір жыл емес, ол кездері туған-туыс, дос-жаран, сүйіктісімен қоштасып, екі жылға Отан алдындағы азаматтық борышын орындауға аттанатын. Оларды ауыл болып шығарып салып, соғыстан жеңіспен оралғандай салтанатты түрде қарсы алатын. Әскерден кеудесінде төс белгілері жарқырап, үстіндегі әскери киімі көздің жауын алатындай сымбатты болып оралған жігіт біршама уақыт әскери киімімен ауыл аралап, үлкендерге сәлем беретін. Оны көрген кейінгі ұрпақ қызыға қарап, қасынан шықпай мақтан тұтатын, әскери болғысы келіп еліктейтін. Бойжеткендер ол жігітке қырындай қарап, ел қорғаны ретінде ерекше сый көрсететін еді. Ауыл қариялары да оны батырға балап, батасын беріп, абыройлы қызметі үшін алғысын айтып жататын. Жігіт те өзін есейген, байыпты, ақыл тоқтатқан ересек азамат ретінде ұстайтын.

Содан бері не өзгерді, не ұттық, не жоғалттық, неге әскерде өзіне өзі қол салатындар көбейді, неге жастар әскерге барудан қашады?

Проблеманың бастысы ретінде баланың бүгінгі үйдегі тәрбиесін алсақ. «Отан отбасыдан басталады» - деп айтамыз. «Баланы жастан» деп те дана халқымыз бала тәрбиесін әріден бастау керектігін айтып кеткен. Әбу Насыр Әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім келешекте оның өміріне үлкен қауіп қатер алып келуі мүмкін», - деп бала тәрбиесінің аса жауапты да маңызды екенін көрсеткен. Себебі бала біздің болашағымыз емес пе?!

Жалпы ұрпақ тәрбиесіне халқымыз қашанда бей-жай қарамағаны белгілі. Бала үшін отбасында әке-шешенің, ата-әженің басқа да бауырлардың кісілік үлгілерінің маңызы өте зор. Олай болса, бала кісілікті, әдептілікті, адамгершілікті, сыпайылықты, өр мінезділікті, тіпті өрескел мінез бен бұзақылықты да алғаш өз отбасында меңгереді.

Кеңес үкіметі келмеске кеткеннен кейін жас тәуелсіз мемлекет дамудың жаңа сатысына өтті. Алғашқы кездері мамандардың жетіспеушілігінен зауыттар мен фабрикалар тоқтап, колхоз, совхоздар да жекешелендіруге ұшырады. Мұндай өзгерістер әскери саланы да айналып өткен жоқ. Бұл орайда кеңестік идеологияның тиімділігіне таңырқап, үлгі алуға ұмтылып жүрген кейбір шет мемлекеттер сол кездегі кеңестік әскери тәртіптен тәжірибе алып үлгермегеніне қатты өкінгенін айта кету керек.

Алғашқы кездері егемендігін енді алған басқа мемлекеттер сияқты Қазақстан да тоқырауға ұшырады. Халық бала-шағасына тәрбие беру мәселесінен бұрын күн көруге көбірек көңіл бөлді. Түгелдей сауда-саттық, мал және ауылшаруашылығына шықты. Бұрындары әйелдер отбасы, ошақ қасында қалып, тікелей бала тәрбиесімен айналысса, ендігі жерде олар да табыс табу үшін, кейде тіпті бала-шағасымен жұмысқа шығуға тура келді. Біздің көтеріп отырған проблеманың да бастауы осыдан болуы мүмкін.

Қазақ баласын жұмсамады емес, жұмсады, еңбекке баулыды. Тіпті арнайы қоғамдық жұмыстар ұйымдастырып, мектеп оқушыларын түгелдей тартты. Бала үнемі бақылауда болды.

Қазір ше? Сол күйбең тірліктен бастау алған проблема қоғамда қалыпты көрініс тауып, салт-санамызға сіңе бастады. Әке-шешенің толық бақылауысыз, өз еркімен өскен бала білгенін істеп, интернетке иланып, теледидармен тәрбиеленді. Оның үстіне бар тапқанын баласынан аямайтын ата-ана жас өспірімді еркелетіп, кейде ез етіп өсіруде. Бұл қатты айтқандық емес, ащы да болса бүгінгі күннің шындығы.

Осылайша барлық қажеттілігіне оңай қолы жетіп өскен бала, ертеңгі қиындыққа мүлдем дайындықсыз барады. Соның салдарынан бүгінгі әскердегі оқыс оқиғалардың басты кейіпкері де себепкері де болып жатқан қазіргі жігерсіз жігіттер пайда болуы мүмкін.

Бала тәрбиесіндегі мектептің атқаратын рөлі зор. Өйткені отбасы тәрбиесі мен мектептегі тәрбие бір-бірімен тығыз байланысты, бірін-бірі толықтыратын домбыраның қос шегіндей. Өкінішке орай бүгінгі күні бұл байланыстың да әлсірегені байқалады. Бұрындары мұғалім бұзықтық жасаған баланы «ата-анаңа айтамын», деп қорқытатын, ал қазір керісінше, оқушы оқытушыны ата-анасымен қорқытатын күйге түстік. Бұдан бөлек, кейде қоғамдық көлікте үлкендерге орын бермей, өтірік ұйықтап отыратын жастарды немесе аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан ұятсыз да арсыз жеткіншектерді көргенде, «қайда кетіп барамыз» деген ой қатты мазалайды.

Осы жерде айта кетерім, мен әскери саланы кінәламаймын, керісінше ол орта ер баланы тәртіп пен тәрбиеге, ержүректікке баулитын, қысқасы ертеңгі ересек өмірге дайындайтын мектеп деп білемін. Олай дейтінім, ұлым ҰҚК Шекара қызметінде әскери борышын өткеріп қайтты. Балам әскерге аттанарда кішкентайым, кенжем болғандықтан еркелеу еді, ол әскери міндетін атқарып келгеннен кейін мүлдем басқа, ержеткен, ақыл тоқтатқан отаншыл азамат болып оралды. Сонымен қатар, шекара сапында жүрген кезінде балам азаматтық оқу орындарында ақы төлеп оқитын байланысшы мамандығын тегін игеріп келіпті. Баламның айтуынша, әскерде байланысшыдан бөлек атбегілік, кинолог, автомеханик, жүзу құралдарындағы айналаны бағдарлауға арналған аспаптарды меңгеру және аспаздық дағдылары сияқты пайдалы мамандықтарды игеріп қайтады екен.

Ұлым Асқар бүгінгі күні Астана қаласында ІІМ офицері. Осы ретте Шекара қызметінің басшылығына айтар алғысым шексіз. Себебі, шекара сапында алған тәлім тәрбиесі мен білімі оның осы жолға түсуіне себепкер болды деп білемін.

Әрине «бес саусақ бірдей емес», көпке топырақ шашудан аулақпыз. Ісіне адам сүйсінетін, сыпайы, намысты әрі тәртіпті жас жеткіншектер жетерлік, олардың ата-анасына мың рахмет. Қалай десек те бала тәрбиесін босаңсытып алғанымызды мойындауымыз керек.

Қандай да бір олқылық орын алған жағдайда оны жою, алдын алу бойынша шаралар қабылданатыны заңдылық. Осы мақаланың жазылуына түрткі болған әскердегі жағдайдың оңалатынына сеніміміз мол. Мемлекет түрлі бағдарламалар қарастырып, тиімді шарттармен әскери қызмет өткеру тәртібін қарастыруда. Солардың бірі әскери борышын тиісті деңгейде атқарып оралған азаматтың жоғары оқу орнына түсуге жеңілдік жасалуы. Осындай игі істер оң нәтижесін берері сөзсіз. Сонымен қатар басты басымдық деп айтуға болатын - қазіргі біздің қоғамымызға ұлттық салт-дәстүрімізге бағытталған қазақи идеология жетіспейтіні анық.

Құрметті жерлестер!

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тәрбие тал бесіктен басталады демекші, ертеңімізге сенімді болу үшін болашақ балдырғандарымыздың тәрбиесіне бүгіннен көңіл бөлгеніміз абзал. Ата-ана ретінде балалардың күні бойы немен айналысып, не істеп, кіммен сөйлесіп жүргеніне көңіл бөлейік. Әкеміздің қанымен, анамыздың сүтімен дарыған ана тілімізді, дініміздің, салт-дәстүрімізді құрметтеуге тәрбиелейік. «Ұят болады», «обал болады» және «күнә болады» деген тәрбие ұғымы терең ұстанымдарды пайдалана отырып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді бойына сіңірейік. Бұрынғылардың «жеті атасын білмеген жетесіз» деп те айтуы тегін емес. Тарқата айтсақ, бабаларымызды таныта отырып, олардың батырлықтары мен батылдықтарын баяндап, ер жүрек жауынгерлік бейнелерін көздеріне елестетіп, құлақтарына құйып өсіретін болсақ, ол баладан нағыз ер жүрек отаншыл азамат шығатыны анық.

Көш жүре түзелер. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» демекші, болашағымыз – баланы ез емес ер етіп тәрбиелеуге күш салайық.

 

Бауыржан САЙЛАУҰЛЫ,

Шымкент қаласы

EL.KZ
Бөлісу: