18 Қараша 2015, 09:49
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында студенттер арасында I республикалық зияткерлік ойындары өтті. Білімгерлердің бойындағы көшбасшылық қасиеттерді шыңдап, таным көкжиегін кеңейтуді көздеген интеллектуалдық ойындар алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары: 5 реформа, 100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыру мақсатында және Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында өткізілген білім сайысына жоғары оқу орындарының студенттерінен құралған 15 команда қатысты.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында зияткерлік, адами және ой ұшқырлығы әлеуетінің қалыптасуына ықпал ету. Сонымен қатар, жастар бойында көшбасшылық қасиеттерді шыңдап, қатысушыларды жастар саясатында жалпы жұмысты үйлестіруге баулу.
Екі күнге созылған чемпионаттың алғашқы күні қатысушылар бірінші бөлім (IQ) ойлау түйсігіне байланысты 30 сұрақтан тұратын тестілеуден өтті. Бұл бөлімде команда мүшелері жекелей тапсырманы орындады. Мұнан соң «Жүзден жүйрік» бөлімінде 3 команда жарысып, оларға әртүрлі бағыттағы сұрақтарға жауап беру арқылы ой жүйріктерін анықтады. Ал үшінші «Аукцион» деп аталған бөлімде командалардың бастапқы 2 бөлімде жинаған ұпайлары бәске тігілді. Берілген сұрақтарға дұрыс жауап берген командалар ұпайларын екі еселеп жинақтап алса, мүдіргендер ұпайларын жоғалтып жатты. Осы бөлімнен кейін 7 команда сайыс жолынан шығып қалды.
Аталмыш чемпионаттың екінші күні 8 команда «Жобалар» сайысында берілген жобаларын қорғап шықты. Айта кетерлігі, жобалардың тақырыбы бір күн бұрын беріліп қойылды. Бұл бөлім бойынша ақтық сынға тек 4 команда ғана жолдама алды. Ақтық сын «брэйн-ринг» ойыны бойынша өтті. Бұл сында командалар негізгі жүлде үшін бар білгендері мен білімдерін ортаға салды.
Екі күнге жалғасқан чемпионаттың қорытындысы бойынша 1 орынға Семей медицина институты лайық деп танылды. 2 орынды Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықраралық қазақ-түрік университеті еншілесе, жүлделі 3 орынды Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті қанжығаларына байлады.
Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар мен арнайы сертификаттар берілді.