Таразда «Ұлы Жібек жолы бойындағы сұхбат» атты жиын өтті

17 Қыркүйек 2015, 13:04

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға Хангелді Әбжанов пен Берекет Кәрібаев қатысты

Таразда «Ұлы Жібек жолы бойындағы сұхбат» атты жиын өтті. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов, филология ғылымдарының докторы Жанғара Дәдебаев және әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Берекет Кәрібаев қатысты. Бұл туралы аталған оқу орнының Баспасөз қызметі хабарлады.

Сұхбат-диалог форматында өткен жиынды ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова ашып, көпшілікті Қазақ хандығының 550 жылдық тойымен құттықтады. Д. Пернешқызы өз сөзінде: «Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Ұлтымыз тарих сахнасына шығып, тағдырын қалыптастырып, бағдарын бекемдегелі де бес жарым ғасыр өтіпті. Осы уақыт аралығында қазақ ұлты мәңгілік тарих пен тағдырды бастан кешті. Ұлттың болмысы ұлы хандарымен, көрнекті билерімен, шебер шешендерімен, адуынды ақындарымен, баһадүр батырларымен дараланды. Бір ғана көне Тараз топырағын басып өткен Ұлы Жібек жолы бүгінгі таңда тамырлы тарихқа айналды. Ұлы мемлекеттігіміздің торқалы тойына дайындық Жамбыл жерінде қызу жүріп жатыр. Міне, бүгінгі жиын соның бір айғағы іспеттес» деді.

«Қазақ хандығы әлемдік тарих толқынында» тақырыбында баяндама жасаған Х. Әбжанов қазақ билеушілері мен олардың мұрагерлері орыс, иран, түрік, қытай бағыттарындағы көптеген өзгерістертерді жете бақылап отырғандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, тарихшы көптің көкейіндегі басқа да түйіткілді жайттарды өз баяндамасына арқау етті. Ал, Жаңғара Дәдебаев «Қазақ хандығы: Сөз өнері» турасындағы ойларын көпшілікпен бөлісті. «Қазақ хандығының құрылуы – Қазақстан аумағындаежелден бері үздіксіз жалғасып келе жатқан этностық үрдісті жаңа белеске жеткізіп, қазақ халқының ел болып қалыптасқандығын көрсетті. Осылайша, Қазақ хандығының құрылуының тарихи маңызын этностық тұрғыдан қарастыра келе, ол – қазақ халқының қалыптасуы кезеңін аяқтауға тікелей етті, этностық процестен халықтық деңгейге көтерілген этносқа – «қазақ» атты этнонимді бергізді», – деді тарихшы Б. Кәрібаев.

Кездесу аясында қонақтарға оқытушылар мен студенттер тарапынан сауалдар қойылып, толыққанды жауаптар берілді.    

Бөлісу: