Таразда "Қилы жол" драмасы ашық аспан астында қойылады

8 Қыркүйек 2015, 05:00

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астана мен Тараз қалаларында ауқымды шаралар өтеді.

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астана мен Тараз қалаларында ауқымды шаралар өтеді. Астана қаласында 11-12 және 13 қыркүйек күндері мерейтойға арналған шаралар кең көлемде аталып өтіледі.

Қазақ хандығының негізі қазіргі Тараз қаласында құрылғандықтан, ең үлкен шаралардың бірі осы қалада өтеді. Қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 9 қазан күні Тараз қаласында спектакль қоймақшы.

Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту аясында еліміз бойынша бас-аяғы 103 шара ұйымдастырылады. Жыл басынан бері өтіп келе жатқан мерейтойлық шараларды есепке алатын болсақ, 4 ұйымдастыру-дайындық шаралары, 13 ғылыми-талдамалық қолдау шарасы, 38 мәдени-көпшілік және қоғамдық-саяси шара, ақпараттық қолдау аясында 17 шара, имидждік және кино өнімдерін шығару бөлімі бойынша 14 шара, шетелдерде ұйымдастырылатын 3 шара және осы сияқты барлығы он төрт бөлімдегі өзге де шаралар жүзеге асырылмақ. Бұл шаралардың барлығы патриоттық, ақпараттық және ғылыми негізге сүйеніп жүзеге асырылмақ.

Сенатор Жабал Ерғалиевтің «Қилы жол» атты тарихи драмасы бойынша қызу дайындалып жатқан  қойылымның жоба жетекшісі  КСРО халық əртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты  Асанəлі Әшімов болса,  кеңесшісі - ҚР халық əртісі  Есмұхан Обаев. Сонымен қатар, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов бастаған, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алма  Кәкішева, Елік Нұрсұлтан, Мұхтар Қапалбаев сынды режиссерлер тобы басшылық етеді.  Жобаға М.Әуезов театрының шығармашылық тобынан өзге Жамбыл облыстық драма театрының əртістері, Жуалы ауданындағы атты әскерлерден және солдаттардан  500-ден аса адам қатысады деп көзделіп отыр.

Екі айдан бері дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Костюмдер мен декорация толығымен дайын. Барлығы 200 əскери мен 150 бишіге киім тігілді.

Қойылымның күрделілігін қатысатын адам санынан байқауға болады. Сахнаға бір мезетте 500-дей əртіс шығады. Спектакль Тараз қаласының орталық стадионында сахналанады.

 "Театрландырылған қойылым болған соң көрініс барлық алаңға жайылуы керек. Əрекет 100 метр радиуста өрбиді. Стадион алаңының ерекшелігі сол", – деді М.Әуезов театрының бас суретшісі Есенгелді Тұяқов.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мәдени шаралардың негізгі бөлігі Жамбыл облысында өтеді. Бұл қойылым да ең бірегей ұйымдастырылған шаралардың бірі болмақ.


Әзірлеген: Досжан Мейірім 

Бөлісу: