Таразда әкелерінің көлігін басқарған екі жасөспірім анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
"Автомобиль" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Тараз қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің назарына жүргізуші куәлігінсіз автокөлікті басқарған екі кәмелетке толмаған жасөспірім түсті. Полицейлер олардың түрлері өте жас екендігін байқап, Toyota Land Cruiser, Porsche cayenne автокөліктерін тоқтатып, тексеру барысында 17 және 15 жастағы жасөспірімдердің көлік жүргізгенін анықтады.
Барлық мән-жағдайды анықтау үшін жасөспірімдердің әрқайсысының ата-анасы оқиға орнына шақырылды. Нәтижесінде әкелерінің көлікті кәмелетке толмаған ұлдарына жүргізуге жиі беретіні, сол арқылы құқық бұзушылық жасайтыны анықталды.
Оқи отырыңыз:
17 жастағы жасөспірімге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылды, ал оның әкесі ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 4-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. 15 жастағы жас жігіттің заңды өкіліне қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 612-бабының 5-бөлігіне сәйкес, 172 500 теңге (50 АЕК) көлемінде айыппұл салынды. Көлік құралдары айыппұл тұрағына қойылды.
Полиция қызметкерлері жүйелі түрде жүргізетін күнделікті профилактикалық іс-шараларға қарамастан, осындай сипаттағы құқық бұзушылықтар анықталуда, сондай-ақ ата-аналардың өздері құқыққа қайшы әрекеттерді жасауға себепкер болып, жол береді. Мен жасөспірімдердің әкелерін, аналарын, ағайлары мен апайларын көлікті басқару құқығын кәмелетке толмаған балаларға бермеуге шақырамын. Жасөспірімдермен жұмыс кешенді түрде жүргізілуі тиіс, тек бірлескен күш-жігермен ғана біз заң бұзушылыққа қарсы тұратын қоғамның лайықты азаматтарын өсіріп, тәрбиелей аламыз, – деді Жамбыл облысының ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ержан Мананбаев.
Небәрі 3 тәулік ішінде жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2800-ден астам дерегін анықтады.