Таразда балалардың дәрі-дәрмектен улану жағдайы жиілеген

18 Тамыз 2023, 02:35 952

Жыл сайын тұрмыстық химияның, күшті әсер ететін дәрілердің, экзотикалық өсімдіктердің саны артып келеді, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің берген мәліметтеріне сүйенсек, соның салдарынан химиялық заттардан балалардың улану жағдайлары да жиілеген.

Мәселен, былтыр облыстық көпбейінді балалар ауруханасына дәрі-дәрмектен уланған 242 бала түскен, оның 37-сі ауруханаға жатқызылған. Биыл жеті ай ішінде 156 бала түсіп, оның 17-сі ауруханаға жатып емделіп шыққан. Мұның ішінде 13-і күйікпен түскен. Өңеші сірке қышқылынан күйіп қалған екі бала ауруханаға жатқызылған.

Тұрмыстық химиялық заттармен улану бойынша былтыр балалар ауруханасына жалпы саны 188 бала түсіп, оның 37-сі ауруханаға жатқызылған. Ал осы жылдың 7 айында 130 бала уланып, оның 26-сы ауруханаға жатып емделген.
Мамандар улану жағдайлары көбінесе ата-аналардың абайсыздығынан орын алатынын айтып, дәрі-дәрмектер мен химиялық заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде ұстау қажеттігін ескертуде.

Перизат Саденова
Бөлісу: