Тараз және Систани

27 Тамыз 2014, 04:26

Тараз және Систани

Фəррохи Систани (толық есімі Əбулхасан Əли ибн Жулуғ) Систан аймағында дүниеге келген. Туған жылы беймəлім. 1038 жылы дүниеден озған. Ғұмыр жасы қанша болғаны жайында дерек жоқ. Алайда ол көңілді һəм махаббатқа құштар ақын болғандықтан өлеңдерінде мұңды сарынға көп бара бермейтін. Сол себепті қасида жанрында (мадақ өлендер) аса шеберлікпен, күрделі ойларды қарапайым сөздермен аса көркем түрде жырлайтын. Оның өлеңдері тыңдаушысын еріксіз сүйсіндіретін, жанға жағымды болғандықтан ол тез арада сарайға да, жалпы халыққа да танымал болды.

Систани өзінің сұлулықты сүйетін табиғатына сай Тараз аруларын да өлең жолдарында көркем теңеулермен дəріптеуді ұмыт қалдырмаған. Ақынның Сұлтан Махмудтың бауыры Əзд-ед-Дəуле Əмір Жүсіпке арнаған мадақ өлеңіне назар аударайық:

Сыннан өттің мүдірмей, шекер балдай тəттісің,

Шарап ішіп қолынан Тараз кербездерінің.

Өткізе бер шақырып, жүздеп, мыңдап мейрамын –

Қара шашты, хош иісті Шігіл, Тараз аруларын.

Сұлтан Иəмин-əд-Дəуле Сумынатқа жорық жасап, ол жерді жаулап алып, қайта оралғанда ақын мына бəйітті жырлаған:

Кім ойлаған көне Тараз жолымен,

Сумынатты жаулар деп көп қосынмен.

Фəррохи Систани тəржиһбəнд жанрында əмір Əбу Жақып Жүсіп ибн Насыр-ед-Диннің жомарттығы мен беделін айта келіп, Таразды да бəйітіне қосып былай жырлады: Тарту етсе Хижазды, қабылда Хижаз Тəңірі деп, Сұрай барсаң Таразды, тарту етер Таразды да Тəңір деп. Əмірлер мен сұлтандарды мадақтап айтқан бəйіттерінде: Желдей есіп келеді қызметке алдыңа, Мəртебелі Шігіл мен Тараз патшалары да, – деп жазады.

Горгани – туған жылы белгісіз, 1074 жылы дүние салған. Горгани өз заманына сай замандас əмірлерін мадақтаудан құр алақан қалмаған. Сол əмірлердің бірі – Хожа Əбунəсір Мəнсур ибн Мұхаммед. Бұл əмір ақынның қасидасында ерекше ілтипатпен мадақталған. Соған арналған 42 бəйіттен тұратын мақтау өлеңінде ақын Таразды да жырына арқау еткен: Тараздық деп біледі тараздық оны үнемі, Хижаздық деп біледі хижаздық оны үнемі. Хош көрсе болды қай тілді, Сол тілде əмір ғажайып өлең жырлайды. Парсы, түрік, арабша да жырлайды, Көңіл татын сөздерімен шаяды. Тағы бір бəйітінде Тараздың арғымағын да нақышына келтіріп мадақтағаны бар: Жел тұрғандай болады тұлпары шапса арабтың, Бағасы кем болған ба тұлпары шапса Тараздың.

Горгани жырлаған «Вис-Рамин» атты ғашықнамесінің негізгі сюжеті, Владимир Минорскийдің айтуына қарағанда, Əшкəндар əулеті билік құрған дəуірдегі (б.з.д. 250-226 ж.) оқиғалардан алынған. Бірақ, ақын Вис-Рамин арасындағы ғашықтықты негізге ала отырып, өз заманының оқиғаларымен қатар дамытады. Сөйтіп жаңа желідегі жаңа туындыны дүниеге алып келеді.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: