Астана қаласы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратураның көмегімен ірі сауда желілерінің біріне тиесілі тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлау схемасын жойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz мәліметінше, қылмыстық топ сауда желісінің бұрынғы қызметкерлерімен келісе отырып, электрондық сату жүйесіне заңсыз кіру мүмкіндігін пайдаланып, екі жыл ішінде жалпы сомасы 450 млн теңгеден астам тауарды ұрлаған. Қылмыстық жолмен алынған техника еліміздің бірнеше қаласында сатылған.
20-дан астам тінту іс-шарасы өткізілді, 120-дан астам түрлі техника, оның ішінде белгілі өндірушілердің ондаған ұялы телефоны, ірі көлемде ақша, травматикалық тапаншалар және әртүрлі калибрлі патрондар тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аса ірі мөлшердегі ұрлық және алаяқтық фактілері бойынша жүргізілуде, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.