Танктың құлағында ойнайтын Бейімбет

12 Желтоқсан 2022, 09:21 2272

Еліміздің Қарулы күштерінің қатарында өз ісінің нағыз шебері аз емес. Олар  өздеріне жүктелген істі жауапкершілікпен әрі адал орындап, әскери міндеттерін атқарып жүр. Солардың бірі - сержант Бейімбет Бөдесов.

Мамандықтың жаманы, жұмыстың оңайы жоқ демекші, тәртіп пен талапты, шыдамдылық пен біліктілікті талап ететін әскери саланы таңдаған Бейімбет Бөдесов Абай облысы Ұржар ауданының тумасы. Әскери қызметін 2008 жылы келісімшарт бойынша «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Аягөз гарнизонының танкілік бригадасында механик-жүргізуші болып бастаған. Қазіргі уақытта 10810 әскери бөлімінің 1-ші танкілік батальонында рота технигі лауазымында қызмет атқарады. Ол өзіне сеніп тапсырылған Т-72 ауыр ұрыс машинасының құлағында ойнап, әскери техниканы ұршықша иіріп, бүгінде нағыз танкист атанды. Өзінің білгені мен көкейге түйгенін үйретуден жалықпайтын сержант өз қызметіннің хас маманы болу үшін әрдайым біліміңді арттырып отыру керек деген пікірді ұстанады.

Біліктіліктің әскердегі рөлі өте жоғары. Өйткені, әскери маманның тапсырма орындау барысында қателесуге қақысы жоқ. Ұрыс үстінде бір қателік тым қымбатқа түседі. Сол себепті де бейбітшілік кезінде әскери мамандар шеберлігін үнемі шыңдап отыруы керек, - дейді біздің кейіпкеріміз.

Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде 14 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан танкіші Бейімбеттің әскери қызметтегі жетістіктері де аз емес. Атап айтар болсақ, ол 2014-2022 жылдар аралығында Армиялық халықаралық ойындары аясындағы «Танк биатлоны» сайысында Қарулы күштердің құрама экипаждың қатарында өнер көрсетіп, ел намысын қорғап, 2017 және 2021 жылдары командалық есепте жүлделі орындарды иеленді.  

Осындай жетістіктерінің арқасында оның қажырлы еңбегі бағаланып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінен Армия халықаралық ойындарында көрсеткен шеберлігі мен адал қызметі үшін ІІ дәрежелі «Ел қорғаны» және «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарымен наградталды. Сондай-ақ, Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы Қорғаныс министрлерінің «За укрепление боевого содружества» медальдарымен де марапатталды.

«Әскери қызмет – ел Тәуелсіздігінің, Қазақстанның  әр  шаңырағының тыныштығы мен алаңсыздығының кепілі» деп есептейтін Бейімбет Қабылбекұлы - отбасының тірегі, аяулы жар, асқар тау әке, балаларының қамқоршысы. Өмірлік серігі Ляззат Бексұлтанқызымен әскери қызметте жүріп танысып, бүгінде  тіршіліктің ыстық-суығын бірге көріп келеді. Шаңырақтары тек үлгі-өнеге мен мызғымас бірліктен құралған Бөдесовтар отбасы – Айша және Расул есімді тәтті балапандарды тәрбиелеп отыр. Қызметте де, отбасында да қажыр-қайраты мен жігерін қамшылап отыратын Бейімбет жігердің жеңіске жетелейтінін бала кезден біліп өскен.

Әскери өмірдің қиыншылығы мен темірдей тәртібіне төзіп, сабырлы мінезімен  өз ортасында беделді, еліне абыройлы қызмет атқара білген Бөдесов жайлы әріптестері де үнемі жақсы пікір айтады.

 -Бейімбет өзінің тәртібі және берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындауымен әріптестеріне үлгі. Жауынгерлік даярлық сабақтарында әрқашан жоғары деңгейден көрінеді. Байрақты бәсекеде еліміздің абыройын асқақтатып жүрген батыр ұлдың бізбен бірге қызмет атқаратынын мақтан етеміз, – дейді танк бригадасының сержанты 1-ші сыныпты сержант Алмас Жанысов.

Иә, дәл осындай ізгі тілекке біздің алып қосарымыз жоқ. Ендеше, қызметте тәжірибелі, кемеліне келген, ысылған, өз ісінің қыр-сырын толық деңгейде меңгерген біздің бүгінгі кейіпкеріміз сержант Бейімбет Бөдесовті нағыз «Әскер тарланы» деп мақтанышпен айта аламыз.

Қали Жансая
Бөлісу: