Таңғы асқа қандай тағамды мүлде жеуге болмайды?

11 Қаңтар, 18:00 11617

Әрбір адам өз өміріне үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Әсіресе денсаулығына басымдық беріп, өзінің тамақтану тәртібіне көңіл бөлуі әрқашанда маңызды. Себебі кейбір тағамның түрлерін аш қарынға жейтін болса, ол асқазан-ішек ауруын тудыруы мүмкін. Сондықтан төменде аталған тағамдарды таңғы асқа жемеуге кеңес береміз.

Кофе

Бүгінде таңын кофесіз атыра алмайтын адамдар көп. Өйткені ол көңіл-күйді көтеріп қана қоймай, сергітіп, ұйқыны ашуға көмектеседі деседі. Алайда көбісі оның денсаулыққа қандай кері әсерін тигізуі мүмкін екеніне көңіл бөле бермейді. Аш қарынға кофе ішу әдеті екінші типті қант диабетінің пайда болуына алып келеді.

Оқи отырыңыз:

Құрма

Бұл жемістің құрамында көп мөлшерде пектин мен илік қышқылы бар. Ол асқазан сөлімен байланысқанда гель тектес затқа айналады. Сөйтіп, асқазан тасының пайда болуына, сондай-ақ ас қорыту жүйесінің бұзылуына әкеп соқтыруы әбден мүмкін.

Тәттілер

Адамның оянғаннан кейін ұйқы безі бірден таңғы асқа жеген тәтті тағамдарды қорытуы үшін инсулиннің қажетті мөлшерін бөле алмайды. Бұл қандағы қанттың тез көтерілуіне ықпал етеді. Сол себепті оны аш қарынға жеуге болмайды. 

Йогурт

Таңғы асқа йогуртты жемеген абзал. Аш қарынға йогурт жеп немесе айран ішетін болсаңыз, осы өнімдердің құрамындағы пайдалы бактериялар бірден жойылып, асқазанға жетпей қалады. Оны таңғы ас ішкеннен кейін 2-3 сағаттан соң барып жеген дұрыс.

Ет

Етті таңертең жеу асқазанға тым ауырлық түсіреді. Себебі оны қорыту үшін көп энергияны жұмсау қажет. Сондықтан біз етті түскі асқа бір-ақ жеуге кеңес береміз. 

Банан

Банан асқазан мен ас қорыту жүйесіне аса бір зиянын тигізбегенімен, оны негізінен тамақтан кейін тұтынған дұрыс. Бұл жеміс калий мен магнийге бай, оны аш қарынға жеген кезде тез сіңіп кетеді. Нәтижесінде денедегі калий-магний байланысын бұза отырып, жүрек-қантамыр жүйесінің жұмысына ауыртпашылық түсіреді.

Қияр

Таңертең ағзаға түскен қиярдың құрамына кіретін қышқылдарды ыдырату үшін асқазан сөлінің жеткілікті мөлшері бөлінбейді. Сол себепті де ол көкөніс ұзақ уақыт бойы қорытылады. Демек, қиярды түскі асқа қалдыру дұрыс шешім болмақ. 

Цитрусты жемістер

Таңғы асқа цитрус жемісін жесеңіз, асқазанды қыжылдатады. Мәселен, апельсин, мандарин мен лимонды тұтынатын болсаңыз, ағзаның тітіркенуі орын алып, асқазан ауруын асқындырады. Сондықтан цитрусты жеміс шырынын ішпестен бұрын сұлы жармасын жеп алғаныңыз жөн. Цитрусты жемістерді жиі аш қарынға жей беру – аллергия, гастрит, асқазанның ойық жарасы сынды аурулардың пайда болуына алып келеді.

Сарымсақ

Таңертең сарымсақ қосылған астан бас тартқаныңыз дұрыс болады. Оның құрамындағы аллицин өт қабы мен асқазан жолдарын тітіркендіріп, асқазанның түйілуіне әкелуі ықтимал.

Салқын, газдалған сусындар

Аш қарынға суық су немесе сусын ішу метаболизмді баяулатады және қан айналымын нашарлатады. Сонымен қатар ол әйелдердің физиологиялық циклінің бұзылуына әкеледі. Ал газдалған сусындарды ішетін болсаңыз, ол тамақтың сіңімділігін қиындатады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: