30 Маусым 2014, 12:12
Ең сирек кездесетiн батылдық –
ой батылдығы
Анатоль Франс
Олжас аға: «Ақын және ғалым ұғымдарының ара жiгi кеше ғана ажыратылғанын неге ұмыта беремiз» деген едi-ау. Бәлкiм, «АЗиЯ» кiтабымен қазақ рухын бүкiләлемдiк тектiлiк деңгейiне көтеруге қаймықпай алғаш рет барған Аға iшкi қуатының, ой арнасының қайнары кеше ғана өзара еншi бөлiскен осы тел екi ұғымда жатқан болар. Ақын ғалым болуға тиiс. Астрономиялық зерттеулер мен математикалық формулалардан қолы қалт еткенде шып-шымыр рубайларды қолжазбасының жиегiне қиналмай жаза салатын орта ғасырлық ғалымдармен үзеңгi қағыстыруға жиырмасыншы ғасыр ақынының өресi жете қояр ма екен?!
Латын пиитi де, санскрит кавиi де толыққанды ақын ұғымының тылсымдық күш-қуатқа ие екендiгiне айғақтама бередi. Балалық шағыңда өзiң де қой бағып жүрiп, құдық басында қалғып кеткенде түсiнде Қызыр баба аян берiп, таңдайына Алланың өзi түкiрген ақындар жайлы әңгiмелердi сақалына дейiн саналылық нұры тұнған қариялардан аз естiмегенсiң-дi. Сенi өлеңге, өнерге құмар қылған да осы ақиқатқа бергiсiз ақын жанды аңыздар болатын.
Сен әдебиетте колумбиялық Габриэль Гарсиа Маркестiң Макондасы, американдық Фолкнердiң Иокнапатфасы бар екендiгiн бiлесiң. Әдебиет тарихының басы дегенде үндiнiң «Махабхаратасы», гректiң «Илиадасы» бiрiншi ауызға алынатындығын байқайсың. Рухани ой әлемiнiң бастауына үңiлсең, яхуди пайғамбарларының ой маржандары жалтырап, көз қарықтырады. Сен әлемдегi рухани қозғалыстарды бақылай отырып, әдебиеттегi, ой әлемiндегi Бақтың тек адам ғана емес, елдердi де таңдап көшiп отыратындығын аңлайсың.
Төртiншi өлшем, алтыншы сезiм, басқа бiр кеңiстiк қиырларында қиялыңмен қаңғып жүрiп, Сенiң қазақ ойының басына да бақ қонған уақыт аралығын тапқың келедi.
Сен әлдебiр ғылыми кiтаптан Отырарда жүргiзiлген қазба жұмыстары кезiнде екi тандырдың табылғандығы туралы дерек оқисың. Оның бiрi, геральдикалық ою-өрнектермен безендiрiлген болып шығады. Орта ғасырлық ата-бабаларымыз тандырға нелiктен осыншалықты табына қарады екен деген ой көңiлiңде ұялаған сенiң ендi бiрде «Мың бiр түндi» ақтарыстырып отырып, әлдебiр ертегiден тандырға байланысты тағы бiр қызықты дерекке көзiң түсiп кетедi. Шамасы, өздерiнен өзге халықтарды тағы деп кемсiтiп, көкiрегiн керген ежелгi римдiктердiң дертi кезiнде кербез арабтарды да бiр шарпып өткен болса керек. Түркi тайпаларымен жүргiзiлген жаугершiлiк жорықтары баяндалатын «Соғыс таққа таласудан шығып едi» атты ертегiде тандырға, ұнға табынатын халық туралы айтылады. («Мың бiр түн», 4-том, 354-бет). Ой: бәлкiм осы тандырға табынған халықпен тегiмiз, түбiмiз бiр шығар.
Есiңе ауыл, ауыл шетiндегi қызыл шатырлы үй, үй ауласының бiр бұрышында момақан ғана орын тепкен тандыр жиi-жиi оралады. Сен келесi сәт өзiң үшiн таңқаларлық ашылымның куәсi боласың. Бұл ашылымға себепшi әр жұмада жетi нан пiсiрiп, көршiлерге таратып жүретiн анаң болады. «Бүгiн түсiме атам кiрдi. Ол кiсi төрге шығып, үнсiз ұзақ отырды. Сонсоң үндемеген қалпы иығына шапанын iлдi де шығып кеттi. Шамасы, әлденеге көңiлi толмай жүрген сынды. Бұл бекер болмаса керек. Жетi нан құдайы таратқаным жөн болар». Анаң бұл секiлдi әңгiмелердi жиi-жиi айтатын-ды. Содан соң, қамыр ашытылып, тандыр басында қозғалыс басталатын. Келесi бiр сәтте ши борбай, қара сирақ сен бойынан жылуы әлi тарқамаған тандыр нанды бауырыңа қысып, көршi үйге жүгiрiп бара жататынсың.
Мұсылман дiнi аруаққа табынуға, ырым-жоралғыларға тыйым салады. Сонда мынау аруақтардың көңiлiн аулап, медетiн сұрайтын дiнбұзар әрекет қай ықылым заманнан қалды екен? Сен аруақ сыйлап, Тәңiрге табынған бабаларыңның осы бiр жанқиярлық әрекетiн талай түндер түсiне алмай бас қатырасың.
Бәлкiм, бар құпия тандырдың құрылымында жатқан болар? Өйткенi, көшпелiлер уақыт өлшемiнде емес, кеңiстiк көк жайлауында өмiр сүрген халық. Мұндай халық өз түйсiнгенiн, көңiлiне тоқығанын, дүниетанымын көркемдеп, суреттеп беруге бейiм.
Ендiгi жерде сенiң санаңда тандыр сөзi қалықтайды. Сен осы сөздi ежiктеп, буын-буынға бөлiп талай мәрте қайталайсың. Тан... тан... тан... Тан-Шань. Бұл өзiң ауылдан келiп, етегiнде арман қуып жүрген алып Алатаудың қытайша атауы. Зеңгiр таулары, Аспан таулары, Тәңiр таулары. Сенiң паң Алатауыңның қытайша атауы осындай ұлы мағыналарды бiлдiредi. Тан-Зеңгiр, Тан-Аспан, Тан-Тәңiр. Сенiң есiңе жолбарыстың жотасындай маңғаз жайылып жатқан тауыңның ең ұшар шыңы қазақша Хан Тәңiрi деп аталатыны түседi. Хан Тәңiрi һәм Тандыр. Әлдебiр iшкi байланыс жатқандығы анық.
Сен тандыр сөзiнiң бiрiншi буыны Көк, Зеңгiр, Аспан мағыналарын бiлдiретiндiгiне сенiмдiсiң. Ал екiншi – дыр буыны ше? Сенiң қиялың бiр мезгiлде дамыл таппай дыр буынының сүрлеуiмен жүгiре жөнеледi. Сол жүгiрген қалпы өзiң Отан алдындағы әскери борышыңды өтеген Мажарстандағы Дьер шаһарына барып қайтады. Қиялың осылай дырылдап жүргенде, есiңе орыс халқы жердiң жоғарғы шымды қабатын дьерн деп атайтыны оралған. Бұл ендi Аспан емес, Жер. Сен дыр буынының құпия кiлтiн ендiгi жерде қолыңа берiк ұстағаныңды аңлайсың. Ашық мұхитта сал үстiнде алты күн адасып, жетiншi күнi көз ұшындағы аралды көргенде «Жер, жер!» деп айқайлаған теңiзшiнiң қуаныштан ақылынан адаса жаздаған тылсым халi сенiң басыңды да шарпып өтедi. Олжас ағаның Шумер-Түркi сөздiгiнде осы дыр сөзiнiң түпкi мағынасы жердi бiлдiретiндiгiн айғақтайтын жетi-сегiз баламасы бар екендiгi ендiгi жерде сенiң ашық мұхит аранынан тiршiлiк аралына қайта қадам басқаныңды айғақтай түседi. Сен құтқарылдың. Жер! Жер!
Тан-Дыр – Көк-Жер. Ақындық қиялың тандыр сөзiнiң түп төркiнi жерден не топырақтан, бәлкiм балшықтан жасалған Тәңiрi, Жер Тәңiрiсi деген мағынаны бiлдiредi деп айқайлайды. Сен қуаныштысың. Әйтсе де қуанышың ұзаққа созылмайды. Сен тандыр тануда әлi де осал тұстың бар екендiгiн байқайсың. Бұл осал тұс тандыр неге Жер тәңiрiсi болуы керек деген сұраққа барып тiреледi.
Бәлкiм, бұл сұрақтың жауабы тандырдың құрылысында жатқан болар. Бұндай ойды сөз арасында сенiң өзiң де айтқан сияқты едiң ғой. Келесi сәт көз алдыңа тандыр бейнесi оралады. Тұғыр үстiне орнатылған тандырдың көмейiнен әлдебiр үн «мен мұндамын, мұнда үңiл» дейдi. Бәлкiм, бұл тылсым сырды түйсiкпен түйсiну ғаламаты болар. Сен тандыр көмейiне үңiлесiң. Ортада қып-қызыл шоқ. Айнала күн кескiндi нан дөңгелектерi. Қып-қызыл шоқ сана құлағыңа «мен бастапқы тiршiлiк иесiмiн, мен Күнмiн, мен абсолютпiн, ал мына дөңгелек кескiндi қамырлар менi айнала қозғалып бара жатқан жұлдыздар, жетi нан дегенiң күн жүйесiндегi жетi планета, ендi түсiндiң бе құпиямды?» деп сыбырлайды.
Марқұмды соңғы сапарына дайындау, жерлеу рәсiмiнiң көшпелiлер өмiрiнде қаншалықты дүниетанымдық тағылымы, құндылығы болғандығы Олжас ағаның «АЗиЯ» кiтабында керемет деректермен өрнектелiп баяндалған. Онда да тiршiлiк иесi адам кеудесiне жұлдыз сипатындағы әшекейлер, асыл тастар шашылатындығы айтылатын-ды. Көшпелiлер космогониялық дүниетанымның кiшкентай көрiнiсi, афоризмдiк нақтылыққа ие тандырдың да осындай құндылықтардың бiрi екендiгiне сен сенiмдiсiң. Демек, жетi нан мен жетi планетаның, жетi планета мен Тәңiрiнiң, Тәңiрi мен анау бiр заманда өмiр сүрген ата-бабаларымыздың рухани жан дүниесiнде, дүниетанымында қандай болмасын байланыс болғандығын тереңiне түйген тандыр да әлемнiң жетi кереметiнiң қатарынан, қатарынан емес, қақ төрiнен барып орын алатын мәңгiлiк өнер туындысы. Бүкiл ғаламның кескiнiн Жер тәңiрiсi тандырдың шағын образына сыйғызып, өзiнiң барша дүниетанымын болашақ ұрпақтарына құпиялап мұра қылған бабалар тағылымына үнсiз бас иесiң. Ендiгi жерде сенiң қағбаң тандыр болады. Өйткенi сен көкте Тәңiрге, жерде тандырға табынған халықтың ұрпағысың. Өнердiң осындай үздiк үлгiсiн жасаған сонау бiр белгiсiз уақыт қазақтың немесе оның негiзiн қалаған бағзы халықтың талайына адамзат дамуында рухани көшбастаушының мәртебесi бұйырған кезең ретiнде мәңгiлiк иiрiмде қала бермек.
1996 жыл.
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»