Тамызда қазақстандықтар 137 келі алтын сатып алған

21 Қыркүйек 2023, 23:56 610

Тамыз айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген айырбастау пунктерінде 3 072 дана алтын құйма сатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, олардың жалпы салмағы 137,2 келіні құраған.

Ұлттық банк халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын 2017 жылы іске қосқан болатын. Осы уақытқа дейін жалпы салмағы 4,8 тонна 138 255 дана құйма сатылған.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құймалар. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 35 842 дананы (26%) құрайды. Ал 5 грамдық алтын құйманың 31 325 данасы (23%), 100 грамдық құйманың 29 381 данасы (21%), 20 грамдық құйманың 25 050 данасы (18%) және 50 грамдық құйманың 16 657 данасы (12%) сатылған.

Өткен тамыз айында алтын кесектері ең көп сатылған өңірлер:

- Алматы (1 527 дана, 55%);

- Шымкент (693 дана, 25%);

- Астана (221 дана, 8%).

Бағдарлама іске қосылғалы екінші деңгейлі банктер мен жекелеген айырбастау пунктері 24 500 алтын құйманы (жалпы салмағы 644 келі) кері сатып алған. Бұл жалпы сатылған көлемнің – 18%.

Салмағы әртүрлі кесек алтынды Halyk Bank-тен, Еуразиялық банктен, Jusan Bank-тен, ЦентрКредит Банкінен және жекелеген айырбастау пунктерінен сатып алып, кері сатуға болады.

Айта кетейік, алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады.

Перизат Саденова
Бөлісу: