Тамғалы археологиялық кешені

8 Қыркүйек 2018, 23:36 23836

Қазақстанның киелі орындары

Тамғалы немесе Таңбалы деп аталатын петроглифтер Жетісу өңіріндегі ең ескі тарихи мұралардың бірі. Тас кешен 2004 жылы халықаралық дәрежеге ие еліміздегі ескерткіштердің қатарына қосылды. Шатқалдағы тастың бетіне түскен керемет суреттердің алғаш табылған уақыты – 1957 жылдың 19-қыркүйегі. Оның тарих бетіне шығуы А.Г.Максимовтың жетекшілігімен жүргізілген КСР Ғылым Академиясы Тарих және археология институтының Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының Жетісу отрядына тікелей байланысты. Бұл орын ашыла сала, әлемдік ғалымдардың назарын аудартып, 2004 жылы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұрасының қатарына кірді.

Өткен жүз жылдықта зерттеушілер шатқалға келіп, бірнеше экспедициялар ұйымдастырып, ескі заманның адамдары жайлы көптеген жаңа дүниелер тапты. Ауданы 3800 гектардан асатын қорықтың жыл санауы біздің ғасырмен алғанда, ХІІІ – ХІV ғасырдың орта шебі мен ХІХ-ХХ ғасырдың аралықтарына жатады.Онда елді-мекендер, қорымдар, тастан қашалып тұрғызылған орындар, жалпы саны бес мыңға жететін петроглифтер, құрбандық шалынатын діни орындар бізге жеткен қайталанбас тарихи құнды ескерткіштердің алып кешені бар. Осынша ғасырлар бойы бұл мекенде адамдардың ғұмыр кешкендігіне тұрғын үйлердің орны, олардың мал қораларының ізі, ыдыс сынықтары мен темір, сүйектен жасалған көптеген бұйымдары анық айғақ болады. Жалпы, Тамғалыдағы петроглифтерді ең құнды тарихи мұра ретінде санауға негіз бар. Таста салынған суреттердің барлығы да пикетаж техникасымен түскен, тек кейбірі тас пен темірдің көмегімен ойылған екен. Бағзы замандағы тас қашаушылар өз суреттеріне мүлде бояу қолданбаған. Ол суреттер орта, кейінгі қола дәуірі, ерте сақ, ерте темір, ерте түрік, жаңа заман дәуірлері секілді түрлі ғасырларға жатқызылады. Ғалымдар мұндағы петроглифтердің ішіндегі ең кереметі орта қола дәуірінде салынғанын анықтап отыр. Олардың эстетикалық, мәдени құндылықтары жоғары. Петроглифтерде күнбасты құдайлар, шоқпар ұстағандар, қасқыр бетпердесін киген садақшылар, қару ұстаған жауынгерлер, мал мен адамды құрбандыққа шалған суреттер, босанып жатқан әйелдер, эротикалық көріністер, арба мен түрлі символдар, жабайы аңдар, жылқы мен түйе, қабан, қасқыр, түлкі, бұғы секілді белгілерді табасыз. Бұл сол кезеңде өмір сүрген адамдардың ойының кеңдігін, қиялының ұшқырлығын көрсететіні анық.

Тамғалы шатқалы Алматыдан солтүстік-батысқа қарай 170 шақырым жерде, Шу-Іле тауларының оңтүстік-шығыс беткейінде орын тепкен. Ілгеріде айтылған петроглифтер өте кең алқапты, шамамен 3х10 шақырымды құрайды. Ерекше, маңызды бөлігі болып, 250 мен 500 метрді алып жатқан, құрамына екі мың тасқа қашалған сурет кіретін алқап саналады. Бұл орын әсемдігімен, кең көлемде ерте замандағы адамдардың тыныс-тіршілігін, таным-түсінігін толық ашып білуге жетелейтін құнды әлемдік маңызды орындардың біріне айналған.

Жалпы, Қазақстанда петроглифтер ертеден пайда болған және еліміздің бірнеше өңірлерінде кездеседі. Біздің жерімізде қалған қырма суреттер жайында, қимақтардың сол суреттерді ерекше қастерлеп, табынатындарын ХІ ғасырда әл-Бруни айтып кеткен. Бертін келе, ХІХ ғасырда петроглифтік өнер Жетісу мен Қазақстанның оңтүстік бөлігінде кең таралды. Өткен ғасырдың орта шебінде еліміздің шығысындағы Тарбағатай, Нарын, Қалба, Сауыр тауларында «картиналардың көрмесі» ашылып, келушілерді қарсы алды. Бұл өңір мұндай суреттерге бай болса да, оны зерттеуді ешкім нақты қолға ала қойған жоқ. Тамғалының Таңбалы деп аталуына тікелей жергілікті жұртшылықтың тигізген әсері бар. Себебі, ондағы таңбалардың көптігіне байланысты халық Таңбалы деген атау таққан. Жартылай шөлейтті жердің табиғаты көрген көзге керемет әсер қалдырады. Қалың бұта бойлай өсіп, көктем мезгілінде гүлмен көмкеріледі.  Тамғалыдағы тамаша қырма суреттерден бөлек сирек кездесетін өсімдіктер мен жабайы аңдар жетерлік. Атап айтқанда, қасқыр, түлкі, қоян, жылан, құстардан бүркіт, сұңқарды көруге болады. Алайда, келген адам әсем табиғаттан гөрі, ашық аспан астындағы суреттердің галереиясына қаттырақ қызығатынын мойындау керек. Мемлекет деңгейінде қорғалып келе жатқан Тамғалыға он энциклопедия арналған, сонымен қатар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында «Мультимедиялық энциклопедия коллекциясына» енгізілді.

Біз жоғарыда айтып кеткен алғаш петрлогифтерді тапқан А.Г. Максимовтың жетекшілігіндегі экспедицияның құрамындағы А.А. Попов осы тарихи құнды жерді алғаш суретке түсіріп алған еді. Содан кейін зерттеушілер Қарақұдық аталатын шатқалдағы зираттарды зерттеуден өткізді. Максимов осы орынды ашқан ғалымдардың бірі реінде күнделік жазып, кейін келе ол кітап болып жарыққа шықты. «Тамғалы шатқалындағы қырма суреттер» деген атау алып, көлемді, тарихқа үлкен үлес қосқан дүние көпшіліктің қолына тиді.

1977-1978 жылдары Максимов бастаған экспедиция тағы да Тамғалыға ат басын тіреп, зерттеу жүргізді. Олар бұл жолы нақты жоспармен келді. Петроглифтерден құрылған басты орындардың кестесін құрды. Ал 80-жылдардың соңына қарай, Тамғалы шатқалы, көптеген зерттеулерден кейін үлкен танымалдыққа ие болды, шетелдік ғалымдар мен зерттеушілердің зор қызығушылығын тудырды. 1990-1994 жылдары Тамғалыны зерттегендер тасқа түскен суреттерді сақтауды көздеп, олардың қорын құрды. Осылайша, «Тамғалы шатқалының қырма суреттері консервациясы» аталыммен мемлекеттік жоба қабылданды. Онда далалық көріністері бар үш мыңға тарта суреттер берілді. Біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңжылдықтың орта тұсына жатқызылатын суреттер де сол жобаға енгізілді. Солардың бірі ретінде Күнбасты құдайды ерекше атап өтуге болады. Максимов бастаған ғалымдар мұнда кездескен күнбасты алыптарды антропоморфты құдайдың анық бейнесі болуы мүмкін деген пікір қалдырды. Тасқа түскен қырма суреттерде көне құдайлардың бейнесі түскен дөңгелек, доға жазбалар кездескен. Тамғалы шатқалын біздің жерді мекендеген халықтар киелі жер деп санап, салттық рәсімдер жүргізіп, тәңірге табынатын, ата-бабаның рухына тағзым етілетін орынға айналдырған. Ашық аспан астында керемет табиғи галерия қалыптасқан. Бағзы тасқа қашаушылар тастың тегістігін, күнге шыдамдылығын жіті зерттеп барып қана сурет салғаны белгілі болды. Күннің түсуінің жылжуына байланысты ол петроглифтердің де түсі сан құбылған. Топтастырылған суреттерден композицияларының күрделілігі аңғарылады. Тағы да бұл шатқалдардағы акустиканың мықтылығы ғалымдардың назарын аудартты. Яғни, сондағы дыбысты бірнеше қашықтықтан да естуге мүмкіндік бар.

1994 жылдары қаржының тапшылығына байланысты аталған орынды зерттеу уақытша тоқталған еді. Бірақ, кең көлемде танымалдыққа ие болған Тамғалы шатқалына келушілердің санының көбеюіне байланысты, тастағы суреттерге қауіп төне бастады. Төрт жылды араға салып, кешенде ғылыми зерттеу жұмыстары қайтадан жаңғыртылды. Еліміздің Мәдениет министрлігі Тамғалыны сақтап, қорғау мақсатында арнайы бағдарлама шығарды. Сондай-ақ, әлемдік мұралар тізіміне енгізу үшін негіздемелер әзірледі. 2001 жылы сол уақыттағы Премьер-министр Иманғали Тасмағамбетов пен ЮНЕСКО-ның Бас директоры К.Мацуура шатқалда болып, ескерткіштің кереметтілігін өз көзімен көрді. 5-қазан 2001 жылы ҚР Үкімет қаулысымен Тамғалы кешені республикалық маңызға ие кешенге айналды. Ал 2003 жылы Тамғалы шатқалының 3800 гектар жері арнайы «Тамғалы» атауын алып, табиғи қорық-мұражай болып бекітілді. Негізгі археологиялық ескерткіштің барлығы осы аумаққа кіріп, керемет тарихи кешенге айналды. Екі мыңжылдықты қамтитын ашық аспан галереясына келушілер жетерлік. Киелі орын Қазақстанның киелі жүздігіне де кірді.

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: