Тамара Дүйсенова Риддер қаласының негізгі әлеуметтік нысандарын аралады

21 Қараша, 16:26 401

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Риддер қаласының негізгі әлеуметтік нысандарына барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтауды жаңғырту және спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне басты назар аударылды.

Вице-премьер Риддер қаласының тұрғындары үшін көптен күткен жоба – көпсалалы аурухана кешенінің құрылыс барысымен танысты. Құрылысты қаржыландыру толығымен қамтамасыз етілді: Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде қайтарылған қаражаттан 28,2 млрд теңге бөлінді. Бұл шешім жергілікті тұрғындарды ерекше қуантуда. 

Сапар аясында премьер-министрдің орынбасары тағы бір маңызды нысан – еліміздегі қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық резервтің жалғыз республикалық мамандандырылған мектеп-интернатына барды. Бұл 250 оқушыға арналған бірегей оқу орны. Мұнда спортшыларды даярлаумен 179 білікті маман айналысады. Мектеп-интернаттың жұмысымен танысқан Тамара Дүйсенова спорт ұйымдарының өңірлік басшыларымен кеңес өткізді.

Жұмыс сапары барысында вице-премьер «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар ұсынған өнімдер көрмесіне барды. Ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейі мен табысын арттыруға бағытталған бұл бастама ауыл шаруашылығы бизнесінің әртүрлі бағыттарын дамытуға мүмкіндік ашады.

Көрмеде азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, қолөнер бұйымдары қойылды. 2,5%-дық үстемемен қарыз алған азаматтар бағдарламаның өте тиімді екенін айтуда. Көрме «Алтай» көтерме-тарату орталығының аумағында ұйымдастырылды. Нысан құрылысының бірінші кезеңі аяқталып, көлемі 18 мың тоннаға дейін көкөніс сақтай алатын қойма жұмыс істеуде. Жақын арада мұнда сауда және жәрмеңке алаңы іске қосылады.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: