Тамара Дүйсенова Президенттің тапсырмаларын іске асыру шаралары туралы айтты

14 Желтоқсан 2022, 11:42 1315

Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру шаралары мен 2022 жылғы 12 желтоқсанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыру шаралары туралы баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын және тапсырмаларын іске асыру үшін Министрлік 3 бағытта жұмыс атқаратынын атап өтті.

Бірінші бағыт – жұмыспен қамту. 7 жылда 3 млн-нан астам азаматтарды, оның ішінде 2,3 млн жас адамдарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, өңірлік жұмыспен қамту картасын 2023 жылдың 15 қаңтарына дейін әзірленеді. Картада әр өңірдің жылдық жұмыспен қамту индикаторлары белгіленеді.

«Әрбір ашылған жұмыс орны бойынша мониторинг Электрондық еңбек биржасында жүргізіліп, зейнетақы жарналары мен еңбек шарттары арқылы расталатын болады.

Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру мақсатында жұмыс күшінің тапшылығы бар өңірлерге азаматтарды тартудың жаңа механизмдері жүзеге асырылады. Мұндағы негізгі шарт – жұмыс орнының болуы мен баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі.

Бұл шараларға азаматтардың қолжетімділігін арттыру және өз уақытында ақпараттандыру мақсатында өңірлерде мобильді жұмыспен қамту, жылжымалы жәрмеңке және жылжымалы оқу жобаларын іске асырмақпыз», – деді министр.

Екінші бағыт – Жаңа әлеуметтік саясат.

Тамара Дүйсенова жаңа әлеуметтік саясаттың негізін қалайтын Әлеуметтік кодекстің жобасы жылдың соңына дейін Парламенттің қарауына жіберілетінін айтты.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Отбасының цифрлық картасы іске қосылып, әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі қызметтер проактивті форматта көрсетілетін болады.

«Мемлекеттік қолдау Отбасының цифрлық картасы негізінде анықталған отбасының немесе азаматтың әл-ауқат дәрежесіне қарай атаулы шара ретінде берілетін болады. 4,6 млн азаматтың әлеуметтік макеттерін қайта қарау, зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерлерін қайта есептеу жұмыстары бүгінгі таңға аяқталды.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылады. Сонымен қатар, 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардың балаларына берілетін кепілдендірілген әлеуметтік топтама заттай түрден ақшалай форматқа ауыстырылады. Наградталған аналардың жәрдемақы мөлшері өсетін болады. Базалық зейнетақыны кезең-кезенімен көтеру басталады», – деп хабарлады Тамара Дүйсенова.

Үшінші бағыт – еңбек дауларының алдын алу.

2023 жылдың 1 сәуірінен бастап еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы тәуекелдердің алдын алу және уақтылы бағалау мақсатында тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі – Цифрлы ситуациялық орталық іске қосылатын болады.

2023 жылғы 20 қаңтарға дейін жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленетін болады.

2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы мың жарымнан аса стандарттар қайта қаралатын болады.

«Келесі жылдың бірінші жартыжылдығында Еңбек кодексіне тиісті өзгерістер енгізіе отырып, жазатайым оқиғаны тергеу кезінде қызметкердің кінәсінің дәрежесін айқындау тетіктері қайта қаралатын болады.

Сондай-ақ, 2023 жылы мемлекет, бизнес және жұмысшылардың әлеуметтік серіктестігінің тиімділігін арттыру мақсатында «Кәсіподақтар туралы» заңға қажетті өзгерістер енгізіледі. Еңбек министрлігі өз кезегінде Мемлекет басшысының барлық тапсырмасының жүзеге асыруының қамтамасыз ететін болады», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

EL.KZ
Бөлісу: