Тама

5 Қыркүйек 2014, 11:08

Қазақтың құрылымы

Бөкей Ордасында 1834 жылғы 14 тамыздағы мәлімет бойынша 400 шаңырақ Тама болған. Онда Таманың: Аташал, Жабағы, Сатым, Жанбас, Құтарман, Төлеп, Жылты (Кенжебай), Таз (Кенжебай), Назар, Жабал, Дәулеткелді, Құдайқұл (Кенжебай), Құныбұқ, Қызылқұрт, Құрман (Кенжебай), Мырзалы (Кенжебай), Өтежақ деген рулары мен ру тармақтары болған. 1826 жылғы 8 наурыздағы мәліметте Қандығұл деген ру да болған. 1845 жылғы 13 қарашадағы Ішкі Ордадағы Жетіру бөліміндегі ағамандардың тізімі берілген. Оның ішінде Таманың ағаманы – Яшкилян Үркімбаев, Үркім Құсқұлақов, Дәулеткелді – Кінірбай Кітібаевтардың аттары аталады. Олардан тыс 17 Тамаға қарасты рулардың ағамандарының аты-жөні берілген. 

1835 жылғы мәлімет бойынша Дәулеткелді руынан шыққан Көлбай Жолдыбаев Арқадағы Тама болысындағы алты рудың бірі – Әліпке старшин болады. Бұл жердегі Әліптің 106 шаңырағы, 742 адамы болған екен. Бұл жерге Тама тайпасы ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда қоныстанғанын зерттеушілер дәлелдеп отыр. 1824-1838 жылдары Ақмола округінің құрамындағы 15 болыстықтың бірі – Тама болысы болған. Тама болысындағы Қызылқұрт руына 3 ауыл, 150 шаңырақ, 1050 адам бағынған. Басшысы – Тәуке Өтебаев.

Тіптен, Рашид-ад-диннің екі томдық «Жылнамалар тарихы» кітабында Алтай-Саян тауларын мекендеген көне түркі тайпаларының бірі «Тумат» тайпасын, біздің замандағы зерттеушілер Тама тайпасының бастауы деп қарайды. Оның сол жерден бастау алып, кейінгі Қара теңізге дейінгі өңірді жайлаған Тама тайпасының дәл өзі деп қазір ғалымдар мығым сөйлей алады. Ал, башқұрттың белгілі зерттеушісі Р. Г. Кузеев Тамьян-Тума-Тумат руы Алтай-Саяннан жылжи-жылжи VІІ-VІІІ ғасырларда Сырдария, Амудария аңғарларына және Арал бойына қоныстанғанын нақты айтады. Содан кейін барып VІІІ-ІХ ғасырларда Еділ-Жайық бойына келгенін дәлелдеген. Тіпті, ол өзінің салыстыру әдістемесін жасап, ол арқылы моңғолда – Тума, алтайлықтарда – Қаратума, Тумат, тувалықтарда – Тумат, өзбектерде – Тама, Қаратума, қарақалпақта – Тама, қазақта – Тама, қырғыздарда – Қаратума, Ақтума руларының, башқұртта Тамьян, Тама руларының кездесетінін түсіндірген. 

Әбіш Кекілбаевтың зерттеуінше шығыстан келіп, Жетісуға қоныстанған Тама мен Табын Үйсіндердің құрамына еніп, Қарахан хандығын құруға атсалысқан. Башқұрттағы Қара Табындар өзінің шежіресін: «Майқы биден Елек би туған. Елек биден Бура /Боғра/ би туды, одан Қара хан туды» дейтінін алға тартып, Тама мен Табынның тарихын осы тұстан іздегенді жөнге балайды. Башқұрттар «Бұрын Жетісуда тұрғанбыз, Тамьян үйсінбіз» деп есептейтіні қоса айтылады. VІ-VІІ ғасырларда Тама мен Қаңлы тайпаларының қатар отырып, шаруашылығы, қарым-қатынасы бір болғандығын екеуінің де «көсеу» таңбалы болғандығымен дәлелдеген ғалымдар да баршылық. Тіпті, олардың бірге Шу өзені бойынан Сыр бойына көшіп, одан әрі башқұрт ұлтын құраған рулардың қатарынан табылғандығымен дәлелдейді. Ал, ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқари: «Таман – Қашқарды ортасынан ағып жатқан дарияның аты» деп, Тама тайпасы осы тұстан өрбіп шыққан жоқ па екен деген сауалға шоқ тастайтыны бар.

Нұрлан Рахымжанов 

Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма

Бөлісу: