Талғардағы өрт: прокуратура тиісті сараптамалар тағайындалғанын мәлімдеді

12 Қазан, 21:45 1815

Талғар ауданында үйді өртеу қылмысы бойынша барлық айғақтар алынып, қажетті сараптамалар жүргізілуде. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Талғар ауданындағы үйді өртеу фактісі бойынша тергеу барысы туралы мәлімдеді. Бауыржан Аленовтың айтуынша, қылмыс жасалған сәттен бастап, яғни 4 қазаннан бері Талғар ауданында министрдің бірінші орынбасары бастаған ІІМ орталық аппараты қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

Жедел-тергеу тобы құрылып, қылмыс жасалған жерде мұқият тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бейнебақылау камераларынан жазбалар қаралуда. Аулалар мен есепте тұрған тұлғалар тексерілуде. Отбасының тұрғылықты жерін полиция қызметкерлері патрульдеуде. Оқиға орын алған кезде өрт болған үйде ешкім тұрып жатқан жоқ еді. Отбасы қазіргі кезде басқа мекенжайда тұрып жатыр. Қылмыскерлер ұсталып, міндетті түрде жауапқа тартылады. Сонымен қатар жалған ақпарат таратпауға шақырамын, – деді ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов барлық тергеу әрекеттері Бас прокуратураның бақылауында екенін атап өтті.

Тергеу барысы туралы бас прокурорға есеп беремін. Бүгінгі таңда арнайы прокурорлар үйді өртеу фактісін тергеп жатыр. Оқиға орнынан барлық айғақтар алынып, олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Біз сараптама нәтижелерін күтудеміз, одан кейін қосымша ақпарат беріледі. Бүгінгі таңда осы іс бойынша көптеген жалған ақпарат таратылуда. Азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескерткім келеді, – деді Алматы облысының прокуроры Берік Адамов.

Зарина Арман
Бөлісу: