Талдықорғандықтар «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысып жатыр

16 Сәуір, 14:00 840

Республикалық «Таза Қазақстан» экоакциясының «Киелі мекен» апталығы Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіровтың ескерткішінен бастау алды.

Еліміз бойынша жүріп жатқан көктемгі экологиялық бастамаға І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері қазақ поэзиясында өз орны бар ақынның өлеңін оқумен кірісті. Алдымен қаламгердің көпшілікке белгілі жырын оқыған білімгерлер игілікті шараны ескерткіш тұрған аумақты тазалаумен жалғастырды.

Ақын ескерткіші тұрған сквер бекер таңдалмапты. Себебі, Жетісу жерін жырға қосып, тұмса табиғатты сөзбен суреттеген ақын, драматург, прозашы, фельетоншы, сатирик, журналист және аудармашы Жансүгіровтің биыл туғанына 130 жыл толып отыр екен. Бұл туралы «І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма мүшесі – жастар ісі жөніндегі проректор Болат Сериев:

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әрбір өңіріндегі тұмса табиғатты көздің қарашығындай сақтау керектігін ұдайы айтып келеді. Соған орай бағдарламалық құжаттар дайындап, жүйелі жұмыс жүргізу керектігін тапсырды. Сол арқылы өскелең ұрпақтың бойындағы отаншылдық рухты оятып, патриоттық сезімін ұштау керектігін жеткізді, – деп мәселенің мәнісін түсіндіріп өтті.

Мемлекет басшысы жүктеген міндет қалалар мен ауылдарды, аулалар мен бақшаларды, көшелер мен кіре берістерді өзіміз тазартуымыз керектігін ұғындырады. Сондықтан Жетісу жұртшылығы табиғаттың тазалығын алдыңғы орында ұстайды.

Талдықорғанда Жеңіс саябағы аумағында «Таза Қазақстан» акциясына орай сенбілік шарасы өтті. Оған антиядролық қозғалыс белсенділері, мүгедектер мен «Семей полигоны» ҚБ және «Жетісу өңірінің Чернобыль апатынан зардап шеккендер одағы» ҚБ ардагерлері қатысты.

Дәл осы жерден бір жыл бұрын барлық Семей мен Чернобыль құрбандарын еске алуға арналған ескерткіш орнатылған еді. Облыстық ардагерлер және мүгедектер қоғамының жетекшісі Мұстафа Құсайынов:

 Өткен жылы 15 қыркүйекте облыстық әкімдіктің қолдауымен ескерткіш ашылды. Облыста «Семей», «Чернобль» апатының зардабын шеккен азаматтар көп. Бүгінгі қайырымды іске ардагерлер де өз үлесін қосып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбиенің негізін көрсетуде. Республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Киелі мекен» атауымен өтіп жатқан тазалық акциясының маңызы өте зор. Біз өз тарапымыздан әрбір ескерткіш киелі мекен санатына жатады. Сол себепті де Семей, Чернобль ардагерлері акцияға белсене атсалысып, тазалық жұмыстарын атқарудамыз. Дәл осындай шара облыстың барлық ауданында өтіп жатыр және оған аудандық ардагерлер де атсалысуда. 

Ардагерлердің сөзіне сүйенетін болсақ бұл жұмысқа жүйелі түрде қатысып, экологиялық тазалықпен қашан да бірге екендіктерін көрсетті. Ескерткіш маңайы толықтай қоқыстан тазартылып, қалаға көрік беретін нысанның келбеті тұрғындардың көңіліне қуаныш сыйлайтындай.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында осы апта «Киелі мекен» тақырыбында өрбіп, тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыру жұмыстарына арналады. Осыған орай, бүгін Шанханай ауылдық округіне қарасты Шоқан ауылында орналасқан Қазақтың біртуар азаматы Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемесл» мемориалды музейіне тазалық жұмыстары жүргізілді. Экологиялық шараға барлық ауылдық округ тұрғындары қатысты.

Аудан және ауыл тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясы аясында елдімекендерді қоқыстан тазарту және көгалдандыруға бір кісідей атсалысып жатқандығын айтып, жұртшылықты тазалыққа шақырды. 

Жетісу облысы, Үшарал қаласындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы орталық саябақта «Киелі мекен» науқанына орай тазалық шарасы өтті.

Орталық саябақтан басталған шараға аудан тұрғындары бір кісідей атсалысты. Нәтижесінде ұзындығы 1,5 шақырым болатын аумақ тазаланды. Тазалық акциясы аясында түске дейін 3 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды.

Шараға жиналған жұрт ауданды қоқыстан тазартып қана қоймай, екі қолға бір күрек ұстап, ағаш егуге кірісті. «Бір тал кессең – он тал ек» деген халық даналығы бүгінде жерде қалмауда. Айналаны жасыл желекке орап, жолдың бойына отырғызылған ағаштар әсем бейнесімен көз тартарлық.

«Киелі мекен» акциясына ауданның Үйгентас, Қабанбай ауылының тұрғындары да белсенді қатысуда.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: